«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚ ИЕЛЕРІ ҚАШАН ДА СҰРАНЫСҚА ИЕ

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ 2025 ЖЫЛДЫ «ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ» ДЕП ЖАРИЯЛАҒАНЫ БЕЛГІЛІ. БҰЛ БАСТАМА ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРЫНЫҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН АРТТЫРҒАНЫ СӨЗСІЗ. АЙТАЛЫҚ, ЕЛ БОЙЫНША ОСЫ БАҒЫТТА ТҮРЛІ МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАР ҚАБЫЛДАНЫП, ЖАСТАРДЫ ОСЫ САЛАҒА ТАРТУ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРУДЕ. АЛ АУДАН АУМАҒЫНДА ОРНАЛАСҚАН КӘСІПТІК БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫ ЕҢБЕК НАРЫҒЫНДА СҰРАНЫСҚА ИЕ МАМАНДЫҚТАР БОЙЫНША БІЛІКТІ КАДРЛАРДЫ ҚАЛАЙ ДАЯРЛАУДА? ОНЫ ТӨМЕНДЕ ТАРҚАТАМЫЗ. СОНЫМЕН…

ЕМБІ КОЛЛЕДЖ: 179 СТУДЕНТ БІЛІМ АЛУДА

Аудан аумағында тағы бір жұмысшы мамандықтарын даярлайтын білім ордасы — Ембі қаласындағы Ембі қызмет көрсету саласы колледжі. Құрылғанына 50 жылға жуықтаған. Ембі аумағындағы жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, білікті мамандар даярлаудың тұрақты орталығына айналған оқу орнына хабарласып, «Жұмысшы мамандықтар жылында» атқарылып жатқанжұмыстарды сұрап, бүгінгі жай-күйімен таныстық. Колледж директорының міндетін атқарушы Феризат Баешова аталған оқу орны 1977 жылы Қазақ КСРнің №162 қаулысымен «Ембі қалалық №18 кәсіптік-техникалық училище» болып құрылғанын жеткізді. Жылдар желісінде атауы мен мәртебесі бірнеше мәрте өзгерген оқу орыны 2020 жылы 5 қаңтарда №310 қаулысымен «Ембі қызмет көрсету саласы колледжі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылған.

Бүгінгі таңда колледжде 179 студент білім алуда. Оларға сұранысқа ие мынадай мамандықтар ұсынылған. Олар — «Ауылшаруашылығын механикаландыру», «Есеп және аудит», «Тамақтандыруды ұйымдастыру», «Есептеу техникасы және ақпараттық желілер», «Дәнекерлеу ісі», «Электр жабдықтары». Студенттерге тәлім-тәрбие мен сапалы білім беруде 30 жоғары білімді, магистр дәрежелі және жоғары санатты тәжірибелі оқытушылар еңбек етуде. Колледжде студент-тердің сапалы білім алуы үшін заманауи жабдықталған шеберханалар, компьютерлік сыныптар, зертханалар жұмыс істейді. Кітапхана мен оқу залдары білім алушылардың ізденісін қолдаса, спорт залы мен шығармашылық үйірмелер олардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Студенттердің білім алуына қажетті қолайлы жағдай жасалған, — деді колледж директоры Феризат Сидағалиқызы.

Ол оқытушыларға да кәсіби тұрғыдан дамуға қолдау көрсетілетінін айтты. Оның сөзінше, педагогтер тәжірибе алмасу семинарларына тұрақты қатысып, біліктілігін жетілдіру курстарынан уақытылы өтіп отырады. Бұл ұстаздар қауымының өз ісіне деген құлшынысын арттырып, заманауи талаптарға сай білім беруге жол ашады.

Біз аудан аумағындағы кәсіпорындар мен өндірістік мекемелермен тығыз байланыстамыз. Студенттеріміз тәжірибеден сол мекемелерде өтеді, біраз түлектеріміз жұмысқа орналасты. Сонымен қатар дуалды оқыту элементтері енгізілген. «Ынтымақтастық – болашақ кепілі» демекші, колледж «Жем пайдалану локомотив депосы», облыстық техникалық және кәсіби білім беру мекемелерімен, сондай-ақ қаламыздағы іріліұсақты кәсіпорындармен тығыз ынтымақтастық орнаттық. Биылғы оқу жылында кейбір кәсіпорындармен нысаналы шарттар жасалып, студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуіне және жұмысқа орналасуына кең мүмкіндік берілді, — деді ол.

Феризат Сидағалиқызы жастарға еңбек нарығының сұранысына сәйкес мамандықтарды меңгеруге жол ашу мақсатында колледжде білім беру бағдарламаларының үнемі жетілдіріліп тұратынын баяндады. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығын механикаландыру, есеп және аудит, тамақтандыруды ұйымдастыру, есептеу техникасы мен ақпараттық желілер, дәнекерлеу ісі, электр жабдықтары мамандықтарымен қатар, алдағы уақытта тігіншілік пен теміржол саласына қатысты жаңа бағыттар енгізуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға бағытталған 2025–2027 жылдарға арналған Жол картасы аясында колледжде бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, білім беру бағдарламаларын жаңарту, дуалды оқыту үлесін арттыру, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту жасанды интеллектті қолдану қолға алынған. Сонымен қатар еңбек нарығының нақты сұранысына сай мамандар даярлау үшін жаңа оқу-өндірістік шеберханалар ашып, материалдық базаны толықтыру жаңарту  жоспарланып отыр, — деп атап көрсетті директордың міндетін атқарушы.

Оның сөзінше, колледжде жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Студенттер WorldSkills чемпионаттарына қатысып, өздерінің кәсіби шеберліктерін шыңдайды. Соңғы жылдары аймақтық деңгейде бірнеше жүлделі орындарды иеленген колледж студенттері оқу орнының абыройын асқақтатып жүр.

Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында колледжде ауқымды шаралар өткізілуде. Осы орайда жергілікті билік органдарымен, кәсіпорындармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп түрлі іс-шаралар өткізіп жатырмыз. Мақсат – жұмысшы мамандығын дәріптеу, жастарды осы салаларға тарту және өндірістің нақты қажеттілігіне сәйкес кадр даярлау. Айта кететін болсақ Ұлыстың ұлы күніне орай «Ұлттық ойын – Ұлт қазынасы» атты үлкен мерекелік іс-шара ұйымдастырылып, оған қаладағы кәсіпорын басшылары, жұмысшы маман иелері қатысты. Сондай-ақ, қала мектептерінің оқушыларына арналып екі кезеңді қамтитын «Camp Skillsкәсіптік лагері» өткізілді. Оған мектеп оқушылары қатысып, түрлі кәсіби бағыттармен танысты. «Junior Skills» жобасы аясында қала және ауылмектептері оқушылары арасында «Мобилография» және «Аспаздық ісі» құзыреттіліктері бойынша жарыстар ұйымдастырылды. «Қадам-life» жобасы бойынша бір жыл ішінде аудандық және қалалық мектептермен кәсіптік бағдарға арналған түрлі шеберлік сабақтары өткізілді. Сонымен қатар, «Бір мектеп – бір дағды» жобасы аясында оқушыларға жұмысшы мамандықтарын игеру мақсатында қысқа курстар ұйымдастырылып, соңында қатысушыларға арнайы куәліктер табысталды, — деді Феризат Сидағалиқызы.

МГТК: ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАРДЫ ДА ОҚЫТАДЫ

Ашылғанына 10 жылдан астам уақыт болған Мұғалжар гуманитарлы техникалық колледжінде жұмысшы мамандықтар қатарына жататын мұнайшы, электрикэнергетик, теміржолшы мамандықтары бойынша жалпы саны 123 студент білім алуда. Колледждің атқарушы директоры Илияш Ниязова Жұмысшы мамандықтар жылының жариялануы — техникалық-кәсіптік білім беру жүйесін жаңартуға, жұмысшы мамандықтардың беделін көтеруге, кадрлар даярлау сапасын арттыруға, жұмыс берушілермен ынтымақтастықты нығайтуға мол мүмкіндіктерді ашатынын тілге тиек етті.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялауға бағытталған 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы жасақталды. Атаулы жыл аясында колледжге жұмысшы мамандық иелерінің ардагерлерін шақырып, түрлі конференциялар мен кездесулер өткіздік. Сонымен бірге «Өндіріс орнына саяхат» атты жоба ұйымдастырылып, студенттер зауыт кешендерін аралап, жұмыс барысын көріп, білім көк-жиектерін кеңейтті. Тағы бір айта кететін жайт Жұмысшы мамандықтар бөлімінде оқитын үздік студенттерге еліміздің туристік аймақтарына демалуға жолдама беріліп, көңілді демалыс ұйымдастырылды, — деді Илияш Еркінқызы.

Колледжде дуальды оқыту жүйесін жүргізумен, яғни студенттер кәсіпорындарда тәжірибе өтіп, сол жерде дағдыларын жетілдірумүмкіндігі қарастырылған. Студенттер аудан аумағындағы теміржол мекемелерінен және мұнай бағыты бойынша «Мирас» ЖШС-нен, Жаңажол өндіріс орнынан, электр мамандығы бойынша Мұғалжар электр желісі учаскесі мен «Коммуналшы» мекемесінен өндірістік тәжірибеден өтіп, білімдерін арттырған.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда дәрі-дәрмек бағасы 30%-ға дейін арзандайды.

admin_mugalzhar

ОКРУГТЕРДЕ КӨКТЕМГІ СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

admin_mugalzhar

Ащы шындық бәріне бірдей ұнай бермейді – Президент

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.