«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АСҚАБАҚТАН ТАБИҒИ ӨНІМДЕР ЖАСАЙТЫН АСЫЛАЙ

ЕМБІДЕ БІР ДАРЫНДЫ ОҚУШЫ БАР. БАР БОЛҒАНЫ 10 ЖАСТА. ОЛ ӨТЕ ІЗДЕНІМПАЗ, ЖАҢАШЫЛ ЖӘНЕ ЕҢБЕКҚОР. ҚАРАҢЫЗ, 4-СЫНЫП ОҚИТЫН ОҚУШЫ БАСТАУЫШТА ЖҮРІП-АҚ, ӨЗ БАҚШАСЫНДА ӘЖЕСІ ЕКЕУІ ӨСІРГЕН АСҚАБАҚТАН КРЕМ МЕН САБЫН ЖАСАП ЖҮР. АЛ ОНЫҢ «АСҚАБАҚТАН ЭКОӨНІМДЕР ЖАСАУ ТЕХНОЛОГИЯСЫ» АТТЫ ЖОБАСЫ БИЫЛҒЫ «ЗЕРДЕ» ҒЫЛЫМИ-ЖОБАЛАР БАЙҚАУЫНДА АУДАНДЫҚ КЕЗЕҢДЕ І ОРЫН, ОБЛЫСТЫҚ КЕЗЕҢДЕ ІІ ОРЫНҒА ИЕ БОЛДЫ. ЕРТЕҢІН БҮГІННЕН ҚОЛҒА АЛҒАН ОСЫ КІШКЕНТАЙ ҒАНА ӨНЕРТАПҚЫШ АСЫЛАЙ АМАНГЕЛДІ БОЛАШАҚТА ЭКОКОСМЕТИКА ШЫҒАРАТЫН ӨЗ БРЕНДІН ҚАЛЫПТАСТЫРМАҚШЫ.

Асылайдың айтуынша, бұл қызығушылық өткен жылы өз үйінің бақшасынан жиналған асқабақты игеру кезінде пайда болған.

Үйде жиналған асқабақтың көптігінен пайдасын іздеп көрдім. Әжеммен бірге алғаш рет тосап пен шырын жасадым. Кейін одан түрлі косметикалық өнім жасауға болатынын білдім. Асқабақтың табиғилығы мен пайдалы болуын ерекше ұнаттым, — дейді өзі.

Бүгінде ол асқабақтан денеге арналған скраб, бет пен қолға арналған табиғи кремдер, шаш пен бетке арналған маскалар, сондай-ақ қатты және сұйық сабын секілді түрлі өнімдерді өз қолымен дайындайды.

Ең оңайы — бет маскасын жасау, ал ең қиыны – сабын жасау. Себебі оның пропорциясы мен температурасын дәл сақтау қажет. Маған сол әр өнімге қосылатын қоспалардың түрлері мен көлемі, оларды қажетті деңгейде қоса білу, қандай жағдайда қандай өнім алынатынын зерттеген ұнайды, — дейді Асылай.

Әңгіме барысында ол өнім жасауды 3-сыныпта оқып жүрген кезінде интернеттегі бейнематериалдар мен кітаптардан үйреніп, тәжірибе арқылы жетілдіргенін жасырмады. Жұмыс барысында блендер, өлшеуіш ыдыстар, табиғи майлар, бал, жұмсартқыштар мен эфир майларын қолданады. Қауіпсіздік үшін қолғап пен алжапқыш киюді әдетке айналдырған.

Ембі қалалық №2 орта мектебінде оқитын Асылайдың сынып жетекшісі Гүлден Ағайдарова да шәкіртінің ізденісін жоғары бағалайды.

Асылайдың қызығушылығы алғаш рет күзгі жәрмеңкеде байқалды. Ол асқабақтан тек тағам емес, түрлі косметикалық өнім жасауға болатынын айтып, алғашқы тәжірибесін көрсетті. Мұндай ізденіс баланың ой-өрісін кеңейтіп, өзіне сенімділігін арттырады. Шығармашылықпен айналысатын бала әрқашан белсенді әрі жаңашыл болады, — дейді ұстазы.

Асқабақты зерттеу барысында оның денсаулыққа пайдалы, емдік қасиеті мол жидек екені анықталғанына да тоқталды.

Қазіргі уақытта оны тағам өндірісінде бояғыш ретінде пайдаланып, химиялық қауіпті карминнің орнына қолдансақ, балалар арасындағы аллергия мен өзге де ауру түрлерінің азаюына ықпал етер еді. Зерттеу барысында асқабақтың емдік қасиеті мен пайдалы жақтары жанжақты көрсетіліп, одан түрлі дене күтіміне арналған маскалар мен сабындар жасалды, сондай-ақ оның құрамында өзге көкөніс пен жемісте кездеспейтін К дәрумені бар екені анықталды, — дейді оқушының ұстазы.

Асылай тек ғылымға ғана емес, өнерге де жақын. Бос уақытында би және домбыра үйірмелеріне қатысып, ұлттық өнерді насихаттап жүр. Мектептегі қоғамдық ісшаралардың бел ортасында болып, белсенділігімен көзге түседі. Ұстаздарының айтуынша, ол — үлгілі, үздік оқушы.

Кейіпкеріміз отбасының кенжесі. Екі ағасының еркесі болып өскен ол ата-анасының сүйіспеншілігі мен қамқорлығын сезініп келеді. Отбасы да мектеппен тығыз байланыста, қызының бастамаларын әрдайым қолдап, жобаларына демеу көрсетуде.

Отбасым мені қолдап үнемі көмектесіп отырады. Асқабақты аршып, турау тәрізді жұмыстарда көбіне анам мен әжемнің көмегіне жүгінемін, — деп жақындарына алғыс та айтып өтті. Өнертапқыш бала өз қолынан шыққан өнімдерді отбасымен бірге қолданып, достары мен туыстарына сыйлап келеді.

Жақындарым жасаған өнімдерімді қызығып қабылдайды. Бұл маған үлкен қуаныш сыйлайды. Болашақта осы істі кәсіпке айналдырып, экокосметика жасап шығаратын өз брендімді ашқым келеді, – дейді Асылай.

Оның алдағы жоспары да ерекше, енді асқабақ негізінде ерінге арналған бальзам мен хош иісті шам жасағысы келеді. Асқабақтың сан қырлы қасиетін зерттеп жүрген оның еңбегі құрбы-құрдастарына үлгі. Табиғи өнімдер арқылы сұлулық пен денсаулықты сақтаудың жолын көрсеткен жасампаз Асылайдың ізденісі мен табандылығы ата-анасының, ұстазы мен мектебінің мақтанышы болып отыр.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

«AMANAT» партиясының кезектен тыс Съезі өтеді

admin_mugalzhar

АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІН ЕСКЕ АЛДЫ

admin_mugalzhar

Андрей Карпович футболдан Қазақстан ұлттық құрамасын басқарды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.