ЖасStar денешынықтыру және сауықтыру кешенінде 2025 жылдың “Жұмысшы мамандықтар жылы” деп жариялануына орай «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» атты аудандық жастар форум-фестивалі өтті.
Шараға Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан, Мұғалжар ауданының әкімі Дархан Ермағанбетов, Ақтөбе облысы жастар саясаты басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев, Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ермек Рауанов, жергілікті атқарушы органдар, ауыл әкімдері, колледж студенттері мен мектеп оқушылары қатысты.
Форум басталмас бұрын облыс және аудан басшылары бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысып, жас мамандарға ұсынылған бос орындармен танысты. Сонымен қатар олар Ақтөбе қаласы мен Мұғалжар ауданы колледждерінің көрмесін аралап, студенттердің өз қолымен жасаған құрылғыларын және жобаларын тамашалады. Көрмеге Мұғалжар гуманитарлық-техникалық, Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық, Ембі қызмет көрсету, Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық, Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғары колледждері мен Ақтөбе сервис, Ақтөбе құрылыс-техника, Ақтөбе көлік, байланыс және жаңа технологиялар, Ақтөбе автожол колледжі қатысты.
Іс-шара жұмысшылар жылына арналған композициямен ашылды. Композиция барысында жастар би билеп, өлең оқып, еңбек адамдарының қоғамдағы орнын дәріптеді. Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан шараны ашып, форумның маңыздылығын атап өтті. «Бүгін біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп, адал табысты дәріптейтін маңызды форумда бас қосып отырмыз. Ақтөбе өңірі — өндіріс ордасы. Қарапайым еңбек адамдары мен жұмысшы мамандардың жетіспеушілігі бізді алаңдатады. Осы олқылықтарды жою мақсатында Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялады», — деді ол.
Спикерлер өз салаларына қатысты еңбек нарығындағы сұраныс, жұмысшы мамандықтардың болашағы, жастардың кәсіби бағдарлануы және оқу мен өндірістің байланысы жөнінде ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Сондай-ақ жастарға бағыт-бағдар беріп, мамандық таңдаудағы жауапкершілік пен еңбекқорлықтың маңызын атап өтті.
Шара барысында аудандық өнерпаздар да өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ән мен би шырай берген форум-фестиваль мазмұндық әрі рухани тұрғыдан әсерлі өтті.
Шара соңында еңбек адамдары мен форум қатысушыларына Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылар жас буынды еңбекқорлық пен адалдыққа баулу, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру бағытындағы шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті.
Ал Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясының оқушысы Назерке Самұрат форумнан кейін өз әсерімен бөлісті. «Бүгінгі форум бізге үлкен әсер қалдырды. Түрлі роботтар мен жасанды интеллект құрылғыларын көріп, болашақ мамандыққа деген қызығушылығымыз артты», — деді ол.
Форумың соңында аудан көлемінде кәсіпорындар мен өндіріс орындары арасында ұйымдастырылған «Үздік көркемөнерпаздар» байқауының қорытындысы жарияланды. Нәтиже бойынша 3-орынды Ахмет Жұбанов атындағы ЖББОМ-і, Мұғалжар ЖББОМ-і және Ембі қалалық №3 ЖББОМ-і иеленіп, әрқайсысы 100 мың теңгелік сертификатқа алды. Ал 2-орынды Сағашилі ЖББОМ-і мен Ембі қалалық №7 ЖББОМ-і жеңіп алып, 200 мың теңгелік сертификаттармен марапатталды. 1-орыннан көрінген Ақкемер ЖББОМ-і мен «Коммуналшы» мекемесі 300 мың теңгелік сертификаттарға ие болды. Ал Бас жүлдені Жаңажол ЖББОМ-і мен Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясы жеңіп алып, 400 мың теңгелік сертификаттар табысталды.
Сонымен қатар форум аясында панельдік сессия өтті. Сессияның модераторы Мұғалжар ауданы бойынша «Қамқор» отбасын қолдау орталығының директоры Салтанат Сұлтанова болды.
Панельдік отырысқа «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ы бас директорының орынбасары Болат Тіленбаев, «Ақтөбе мұнай маш комплект» ЖШС-нің бас инженері Дархан Шунимов, Қандыағаш станциясының басшысы Дәуренбек Орынбасар, «Еуропалық экономика, бизнес және құқық жоғары колледжінің» басшысы Талғат Төремұратов, сондай-ақ Мұғалжар гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры Ілияш Ниязова қатысты.
Одан кейін форум марапаттау рәсіміне ұласты. Мұғалжарлық дарынды студенттердің бір жылдық оқу ақысына демеушілік көрсеткен «ҚазақОйл–Ақтөбе» ЖШС-нің бас директоры Нұрсейіт Союновқа Қ.Жұбанов атындағы өңірлік университеттің ректор кеңесшісі Сабыржан Мұхтаров Алғыс хат табыс етті.
Келесі кезекте аудан әкімі Дархан Ермағанбетов жұмысшы мамандықтар жылымен шын жүректен құттықтай отырып, ауданның дарынды түлектеріне білім гранттарын үлестіруде демеушілік көрсеткен «СНПС–АқтөбеМұнайГаз» АҚ-ның бас директоры Ли Шуфэнге және «Өріктау Оперейтинг» ЖШС-нің бас директоры Айбек Өміровке Алғыс хат табыстады.
Форум аясында жұмысшы мамандықтар жылына арналған бірқатар маңызды меморандумдарға қол қою рәсімі өтті. Атап айтқанда, Мұғалжар гуманитарлық-техникалық колледжі мен «Meeras» ЖШС-і арасында болашақ мұнайшы мамандарды мемлекеттік тапсырыс негізінде оқыту, өндірістік тәжірибеден өткізу және жұмыс орнымен қамтамасыз етуге бағытталған меморандум жасалды. Сондай-ақ аталған колледж бен «Коммуналшы» мекемесі арасында энергетик-электрик мамандарын даярлау жөнінде ынтымақтастық орнатылды.
Осы бағыттағы әріптестікті Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжі де жалғастырды. Колледж «Коммуналшы» мекемесімен болашақ энергетик-электрик мамандарын даярлау және жұмысқа орналастыру, ал «Іскер маман» ЖШС-мен газ құбырларын жөндеу және қалпына келтіру, дәнекерлеу мамандарын оқыту мен тәжірибеден өткізуге қатысты меморандумдарға қол қойды.
Шара барысында Мұғалжар аудандық прокуратурасының прокуроры Айдана Зейнуллаева еңбек адамының қоғамдағы рөліне тоқталып, жастарды адал еңбекке шақырды.
Форумда Шығанақ Берсиев атындағы Ақтөбе жоғары аграрлық-техникалық колледжінің оқытушысы Гүлнар Ешанова: «Біздің колледж ауыл шаруашылығы саласына қажетті мамандарды даярлайды. Агрономия, ветеринария, ауылшаруашылық механикасы және электр мамандықтары бойынша оқытамыз. Өзіміздің 20 гектар жеріміз бар, сонда студенттер егістік дақылдарын өсіру жолдары мен заманауи технологияларды меңгереді», — деді.