Сонау 1930 жылдан бастап жарық көрген «Кедейден» бастау алатын бүгінгі «Мұғалжар» ғасырға жуық уақыт ішінде «Социалистік майдан», «Жаршы», «Октябрь туы»-«Знамя Октября», «Қандыағаш» аталған. Ал 1997 жылы Октябрь ауданы мен Мұғаджар ауданы қосылып, аудан Мұғалжар атанып, орталығы Қандыағаш болғанда, сол кездегі Мұғаджар ауданының орталығы Ембі қаласында жарық көрген алдымен «Сталиндік эпоха», кейін «Коммунизм жолы», «Еңбек таңы-Коммунист» аталған газет «Қандыағаш» газетіне қосылып, екі аудандық газет Мұғалжар аудандық «Мұғалжар» газетіне айналады. 95 жыл ішінде атауы сан өзгерген бүгінгі «Мұғалжар» беттері сан түрлі тілшінің қолтаңбасын сақтап, тарихи оқиғалар мен сәттердің куәсі болды. Мерейтой аясында арнайылап архивке барып, жылдар желісінде жарық көрген сарғайған газеттерді парақтап отырып, осыған көз жеткіздік… Газет — тарих. Соның бір дәлелі — аудан аумағында сол кездері жаңадан ашылған мектептер, балабақшалар, теміржол вокзалы мен емханалар туралы ақпараттар мен мақалаларға шолу жасадық. Ендеше, сарғайған газет беттерінен тарихтан тамыр тартатын құнды мағлұматтардан үзіндіні Сіз де оқи отырыңыз, оқырман!
АУДАН ЕҢБЕКШІЛЕРІН ТҮГЕЛ САУАТТАНДЫРАЙЫҚ
Қазір ауданымыздың халқының 44 проценті ғана сауатты. Қазір ауданымызда 16 дан аса оқу үйі мен қызыл мүйістері, 1 кітапхана, 20 клуб бар. Осының барлығы еңбекшілердің сауатын ашып, көлемін саяси білім арттыруға көмектеседі… Партия мен үкіметтің республикамыздың жаппай сауатты республикаға айналдыру жөніндегі талабы мүлтіксіз жүзеге асуы керек.
Жұрын аудандық «Сталиндік эпоха» газеті, 21 ноябрь 1938 жыл.
ТАБЫСТАН ТАБЫСҚА КПСС
Орталық Комитеті декабрь Пленумының ашылу күні құрметіне еңбек вахтасына тұрған №2 Ембі дистанциясының бірінші околотка мүшелері жолдың күйін «Ноль балл» етіп, дистанция бойынша бірінші орынға ие болғаны үшін дистанцияның ауыспалы Қызыл туы табыс етілген болатын…
Б. БАЙЖАРҚЫНОВ, №49 Қонжар разъезі кәсіподақ комитетінің председателі, «Коммунизм жолы» газеті, 13 январь 1960 жыл.
ЖАСТАР ҮЛГІЛІ ЕҢБЕК ЕТУДЕ
Жыл бойы екі жас Бақыткерей Құлмурзин, Нұрлатай Забиров менімен бірге шөп шабуда жүрді. Олар шөп шабатын агрегатта тіркеуші болып жұмыс істейді. Жас балалар өздеріне жүктелген жұмысты мінсіз атқарады. Әрқайсысы ай сайын мыңдаған сом ақша тапты.
К. ЧУГУЖЕКОВ, «Темір» совхозының тракторшысы, «Коммунизм жолы» газеті, 12 сентябрь 1960 ж.
СОВХОЗДЫҢ ҚҰС ФЕРМАСЫНДА
«Жұрын» совхозының құс фермасы табысты шаруашылықтың бірі. Совхоз өткен жылдың декабрь айында мемлекетке 17 центнер құс етін тапсырды.
С. ҚАРЖАУБАЕВ, «Коммунизм жолы», 3 апрель 1960 ж.
ШИЛІСАЙ: БИЫЛҒЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАТЫН ОБЪЕКТІЛЕР
Шилісай фосфорит кен орнының ірі комплексін салу бұдан 10 жыл бұрын басталған еді. Химия өнеркәсібінің осы коплексін салу үш кезеңге белгіленді. Қуаты жылына 1400 мың тонна фосфорит концентратын шығаратын фабриканың бірінші кезеңінің құрылысын аяқтау 1987 жылға белгіленіп отыр. Ал, 1985 жылдың аяғына дейін құрылысшылар бірінші кезеңнің бірінші бөлімін іске қосулары тиіс. Онда бір жыл ішінде 700 мың тонна фосфор концентраты өнімін шығаруға мүмкіндік туады.
Ө. ДҮЙСЕКОВ, арнаулы тілшіміз, «Октябрь туы» газеті, 9 қазан 1984 жыл.
ФРАНЦУЗДАР ТАҢДАУЫ — ОКТЯБРЬ ҚАЛАСЫ
Жақында Францияның «Эльф Нефтегаз» мұнай фирмасының өкілдері қамсыздандыру компаниясы және облыстық денсаулық сақтау бөлімінің қатысуымен фирма қызметкерлеріне дәрігерлік қызмет көр есту жайында Октябрь аймақтық дәрігерлік бірлестігімен келісім-шарт бекітті.
А. КАМАЛОВ, арнаулы тілші, «Қандыағаш» газеті, №78, 26 қыркүйек 1992 жыл.
ТАҒЫ БІР ҚАЗАҚША БАЛАБАҚША
Жұрын селосындағы 70 орындық балабақшаның іргетасы өткен жылы қаланған болатын. Құрылыс материалдарының, адам күшінің тапшылығына қарамастан сол бала бақша биыл пайдалануға берілді. Балабақша қазақ тілінде болады, себебі тұрғын халықтардың 90 процентке жуығы жергілікті ұлт өкілдері. Сонымен қатар басқа ұлт өкілдері балаларына арнап орыс тілінде тәрбиелейтін топ ашпақпыз. Қазір 60-қа жуық тәрбиеленушілердің ата-анасының арызы бар. Балабақша қажетті маман кадрлармен, керекті оқу құралдары, басқа да құрал-жабдықтармен толықтырылуда.
Н. НӨКЕШОВ,«Октябрь туы» газеті, №88, 10 қыркүйек 1991 жыл.
ТАҒЫ БІР ШАҒЫН КӘСІПОРЫН БОЙ КӨТЕРДІ
Үстіміздегі жылдың көкек айынан бастап аудандық малдәрігерлік станциясы жанынан малдәрігерлік шағын кәсіпорын ашылған. Жақында аудандық газет тілшісі осы кәсіпорынның директоры Әден Абданбаевқа жолығып, кәсіпорынның негізгі қызметі, болашағы туралы бірнеше сұрақтар қойды. Соны газет оқырмандарының назарына ұсынуды жөн көрдік…
Н. НӨКЕШОВ, «Қандыағаш» газеті, 1992 жыл.
АУДАНДА “НАУРЫЗ” МЕРЕКЕСІ ОСЫЛАЙ ТОЙЛАНДЫ
Совет адамдарының салтында мереке — көп қырлы құбылыс. Өйткені ол адаммен қоғам өмірін бейнелейді. Бізде бүкілхалықтық мерекелер көп, жыл басы, дегенмен ырыс пен молшылықтың нышаны — ежелгі Наурыз мерекесі үлкен саяси мәнге ие. Аудан орталығында өткізілген Наурыз мейрамы өзінің мазмұндылығы, қызықтылығы және әсерлігі жағынан айшықтала түсті.
Өзіміздің тілшіден, «Октябрь туы» газеті, №36, 28 наурыз 1991 жыл.
БҰҚАРАНЫҢ ДОСЫ БОЛ
Менің бар еңбек жолым журналистік қызметте өтті. 30 жылға жуық уақыт редактор болып істедім. Замана ағымына қарай аудандық газет кезінде талай жаңарып отырды. 1967 жылы Ұлы Октябрьдің 50 жылдығы құрметіне газет «Октябрь туы» — «Знамя Октября» болып өзгертілген. Міне, ширек аталып ғасыр бойы осылай келді. Енді газет «Қандыағаш» аталғалы тұр. Менің тілегім: туған жеріміздің атағына ие болғаның құтты болсын, шынайы жариялылықтың мінбесі бол, барлық жақсылық ұзағынан баянды болсын, оқырманыңның адал досы бол.
Н. ТАСТАНБАЕВ, газеттің бұрынғы редакторы, «Қандыағаш» газеті, 1992 жыл.
АЯУЛЫ МЕКТЕБІМ, САҒАН КЕЛДІМ!
Аудан орталығы Октябрьск қаласында жаңа оқу жылы басталар қарсаңында есте қаларлық үлкен оқиға болды. Ол қазақша қазақ орта мектептің ашылуы еді. Шындығына келгенде, қаламызда жас ұрпақтың орта білім алуына арналған оқу ордалары баршылық. Атап айтқанда, қазақ-орыс, екі аралас орта мектептері жұмыс істеді. Ал, таза қазақша мектеп ашу жөнінде ұсыныстар көптен бері әңгіме болып келетін. Октябрь қаласы жылдан жылға тез өсіп келеді. Сондықтан балаларды оқытатын мектеп салу мәселесі де күн тәртібінен түспей келді. Соңғы жылдары іске қосылған №2 және №3 орта мектептерге оқушылар сыймайтын болды. Тағы да бірмектеп салу керектігі айдан анық еді. Жаңадан салынған мектеп үйінің құрылысы осындай объектілерге қарағанда едәуіржедел жүргізілді, бас-аяғы екі жылда іске қосылды.
Ж.КАРИН, «Октябрь туы» газеті, №88, 24 қыркүйек 1991 жыл.
ВОКЗАЛ — ВОРОТА ГОРОДА
Вокзал образно называют воротами в город. И действительно у любого человека, приехавшего в город, самое первое впечатление вызывает именно вокзал, И если оно будет хорошим, то с этим настроением, он остается в течение всего пребывания. Как станция, Кандыагаш хорошо известна в Казахстане и за ее пределами. Не будем говорить о том, что здесь пересекаются пути в четыре направления, достаточно сказать, что в Кандыагаше порой бывает больше транзитных пассажиров, нежели простых. Поэтому открытие на этой станции красивого, построенного по новому архитектурному плану вокзала ждут здесь уже давно. Его строительство началось в 1984 году. Но по различным причинам оно затянулось настолько, что только в 1998 году он начинает служить людям. По красоте, вели- чию здание вокзала, на наш взгляд, не уступает! станции Актюбинск, Алматы, вокзалам…
Ш. БАЛТАБАЙҰЛЫ, «Қандыағаш газеті, №3, 17 қаңтар 1998 жыл.