Әкем 16 жасынан журналистикаға қызығушылығын танытып, мақала жазып бастады. Сол қаламы зейнетке шыққанша қолынан түспеді.
Біздің әкеміз Жақып Тоқтағұлов 1920 жылы 9 мамыр күні Ырғыз ауданы Красный партизан ауылында дүниеге келген. Әкесінен ерте қалып, еңбекке ерте араласқан әкеміз көп әңгімеге жоқ, көп сөйлемейтін. 16 жасынан бастап «Ырғыз» газетінде курьер болып жұмыс жасайды. Сол жерде жүріп журналистикаға қызығушылық танытып, түрлі тақырыпта мақала жазып бастайды. Әкемнің қолына алған қаламы зейнетке шыққанша түспеді. Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңісті жақындатуға атсалысқан жан. Әкеміз 1942 жылы соғысқа өзі сұранып кетіп, 1945 жылы соғыстан аман-есен елге оралады. Соғыстан келгеннен кейін «Шалқар» газетінде, одан кейін «Ақтөбе» газетінде жұмыс жасаған.
1955 жылы Темір қаласынан шығатын «Социалистік майдан» газетіне тілші ретінде жіберіледі. Ол кезде Темір ауданының орталығы Темір қаласы болатын. Ал 1965 жылы қазіргі Қандыағаш (бұрынғы Октябрьск) аудан орталығы болып құрылған сәтте бүкіл аудан осы жерге көшіріледі. Ауданмен бірге аудандық газет те осында келеді.
Менің әкем қазақ бөлімінде тілші болып жұмыс жасады. Ол ауданның жаңалықтарын оқырмандармен бөлісіп отырды. Сол еңбегі мен табандылығының арқасында жауапты хатшылыққа көтерілді. Ол кезде қазіргідей компьютер емес, қағазға жазып, әкем тексеріп, одан кейін барып, типографияға жіберіп отыратын. Типография газет терімшілердің қолымен терілетін. Газет таңғы 8-де шығып, аудан басшыларының алдында жатуы керек болатын. Бұл — сол заманның талабы еді.
Бала болсам да әлі есімде газет ол кезде аптасына үш рет орыс және қазақ тілдерінде шығатын. Газеттің шығуына менің әкем Жақып Тоқтағұлов жауапты болды. Әкем қаншама ізбасарлар дайындады. Атап айтатын болсам, Е.Шуликин, Ж.Сегізбаев, Р.Суюншалина, Қ.Кенжеғалиев, С.Омаров, Н.Балмаханов секілді мықты журналистерді тәрбиеледі. Журналистер одағының мүшесі болды. «Октябрь туы» — «Знамя Октября» газетінде фельетон, өткір, сыни мақалаларды көп жазды. Лақап аты – Жақып Есіркепов. 1980 жылы құрметті зейнеткерлікке шықты. Дегенмен аудан басшыларының шақыртуымен жұмысын қайта жалғастырды. Аудандық комитеттің бірінші хатшысы С.Сағынтаев сол кездегі редактор Ж.Сегізбаевты шақырып, «Газеттің мәнісі кетіп қалды. Қандай орын берсеңдер де Жәкеңді жұмысқа шақырыңдар» деп бұйрық беріпті. Редактор жауапты хатшылықтың орнын бермесе де, ауыл шаруашылық бөлімінің жауапты маманы етіп тағайындаған еді.
Ол уақыт ауылшаруашылығының дүркіреп тұрған кезі. Аудан басшысы ауыл аймақтарды аралаған кезде әкемді жанына алып жүретін. Қойнына тыққан кішкентай блокноттың бір шетіне цифрларды жазып алатын. Сөйтсем, ол цифрлар аудан механизаторларының, шопандарының жетістіктері екен ғой. Әкем 2002 жылы 82 жасында өмірден озды. Тағдырдан қандай теперіш көрсе де сынбай, артында қалған балаларына жақсы тәлім-тәрбие, білім беріп кетті. Оның бізге деген қамқорлығы әкелік мейірімнің шыңы болатын. Әттең, біз әке жолын қумадық.
Қызы Гүлсара ТОҚТАҒҰЛОВА