«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ПОГОН ТАҚҚАН ОЛЬГА

1995 жылдың маусым айы. Жас қыздың тағдырын өзгерткен шешім дәл сол кезде қабылданды. Әкесінің досы «жас қыз бала фермада емес, қалада жұмыс жасауы керек» деп, оны Мұғалжар ауданы аумағынан Ембі қаласына ертіп әкеледі. Осылайша Ольга УМАРОВАНЫҢ өмір жолы ішкі істер саласымен байланысады.
Сол жылы ол Мұғалжар аудандық ішкі істер бөліміне кеңсе маманы болып жұмысқа орналасады. Құжаттармен жұмыс істей жүріп-ақ бұл саланың темірдей тәртіпке, үлкен жауапкершілікке негізделгенін түсінеді.
Құжаттың әр жолының артында адам тағдыры тұратынын ұқтым. Сол кезде-ақ бұл қызметтің жай жұмыс емес, үлкен миссия екенін сезіндім, — дейді кейіпкеріміз. Уақыт өте келе оның офицерлік қызметке қызығушылығы арта түседі. Ақыры өз тағдырын осы саламен түбегейлі байланыстыруға бел буады. Әңгіме барысында алғаш ретофицерлік шеналып, форма киген күнін ол ерекше тебіреніспен еске алды.
Формамды ата-анама көрсеткенде олардың көзіндегі мақтанышты көрдім. Сол сәт мен үшін ең бақытты күндердің бірі болды. Бұл форма — тек киім емес, үлкен жауапкершілік екенін анық сезіндім, — дейді ол.
Ольга ішкі істер органдарында 28 жыл қызмет атқарды. Негізгі еңбек жолы тергеу саласымен байланысты болды. Тергеуші ретінде түрлі қылмыстық істерді қарап, талай тағдырдың таразысына куә болды.
Тергеу – өте жауапты сала. Әр шешімің біреудің өміріне әсер етеді. Бұл жұмыс мені сабырлы болуға, әр істің ақ-қарасын ажырата білуге үйретті, — деген Ольга әйел адам үшін бұл саланың оңай еместігін жасырмады. Ең қиыны – қызмет пен отбасы арасындағы тепе-теңдікті сақтау. Ауыр қылмыстармен жұмыс істегенде нәзік жүрекке салмақ түсетін кездер аз болмаған. Дегенмен қызмет барысында жүрегіне жылу сыйлаған сәттер де есте қалыпты. Бір жолы жоғалып кеткен екі кішкентай баланы бірнеше сағат іздеп, аман-есен ата-анасына табыстаған. Анасының көз жасын көргенде, біздің еңбегіміздің зая кетпегенін түсіндім. Осындай сәттер барлық қиындықты ұмыттырады, — дейді ол.
Түнгі кезекшілік, шұғыл шақыртулар отбасыға да салмақ салғаны анық. Бірақ жолдасы мен анасының қолдауы оған әрдайым күш берген.
Қорқыныш әр адамда болады.Бірақ антқа адалдық пен жауапкершілік сезімі қорқынышты жеңуге көмектеседі, — дейді ардагер тәртіп сақшысы.
Бұрын қоғамда «әйел адамға бұл қызмет ауыр» деген көзқарас болғанын да ол жасырмайды. Қазір жағдай өзгерген. Әйел полицейлерге деген құрмет артып келеді.
Әйелдің төзімділігі, ұқыптылығы, адамдармен тіл табыса білуі – үлкен артықшылық. Кейде сабырлылық күш қолданбай-ақ мәселені шешуге мүмкіндік береді, — деген бүгінгі зейнеткердің 28 жылдық еңбегі елеусіз қалған жоқ. Қызмет барысында бірнеше Алғыс хат пен медальға ие болды. Ішкі істер министрлігі тарапынан берілген төсбелгі мен құрмет грамотасын ерекше мақтан тұтады. Алайда бүгінгі кейіпкеріміз үшін ең үлкен жетістік – халықтың сенімі.
Егер бір адамның тағдырына оң әсер ете алсам, әділ шешім қабылдай алсам – мен үшін одан асқан марапат жоқ, — дейді ол.
Бүгінде ол зейнеткерлік өмірдің қызығын көріп отыр. Тума-туыс ортасында бақытты апа. Қоғамдық шараларға қатысып, жас қызметкерлермен тәжірибесін бөлісіп тұрады. 8 наурыз қарсаңындағы оның әйел бақыты туралы ойы да қарапайым: «Әйел бақыты – отбасының амандығы, бала-шағаның қуанышы және өз ісіңе қанағаттану. Әр әйел өзін бағалап, армандарына сеніммен қадам басуы керек», — деді Ольга Мыңжасарқызы.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстанда әскери қызметшілердің киім үлгісі өзгерді

admin_mugalzhar

Бибігүл Төлегенова 95 жасын «Астана Опера» сахнасында атап өтті

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАР АУЫЛЫНА ГАЗ БЕРІЛЕДІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.