Ақтөбе облысында қыркүйек айының 24-нен бері Тұмауға қарсы вакцинациялау науқаны жүріп жатыр. 1 айда 73 330 адам екпе алған. Бұл жоспардың 52,3 пайызын құрайды. Облыстың санитариялық эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, тұрғындардың екпе алуға белсенділігі артқан. Вакцинация бірінші кезекте балаларға, жүкті әйелдерге және созылмалы аурулары бар азаматтар мен медицина қызметкерлеріне ұсынылуда.
«Биыл Ақтөбе облысында тұмауға қарсы барлығы 140 122 адамды екпемен қамту жоспарланды, оның ішінде жергілікті бюджет қаражатынан жоспарланғандар саны — 109 500. Қазіргі таңда 73 330 (52,3%) адам екпемен қамтылып отыр. Бұл көрсеткіш тұрғындардың екпеге деген белсенділігінің артқанын көрсетеді» — деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясында.
Департамент басшысының айтуынша, өңірде жедел респираторлық вирусты инфекцияларға қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Қазіргі таңда барлық деңгейде алдын алу іс-шаралар жүйелі түрде жүргізілуде. Медициналық ұйымдарда дезинфекциялық режимді күшейту, температуралық режимді қамтамасыз ету, маска кию, медициналық ұйымдардың аумағында және ғимаратына кіреберісте ЖРВИ және тұмау белгілері бар науқастар үшін «сүзгілер» ұйымдастыру шаралары атқарылуда. Сонымен қатар балаларды тәрбиелеу және білім беру ұйымдарында аурушаңдықтың алдын алу мақсатында ЖРВИ, тұмау белгілері бар адамдар үшін күнделікті «таңертеңгі сүзгіні» өткізу жұмыстары жүргізілуде.