«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАРАКӨЛ: СПОРТ ЗАЛДЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ НЕГЕ МАРДЫМСЫЗ?

Газетіміздің инста парақшасына Жұбанов ауылдық округіне қарасты Қаракөл ауылы тұрғынынан хат келді. «Қаракөл ауылындағы мектеп жанынан салынып жатқан спорт залдың құрылысы 2021 жылы басталған болатын. 2025 жыл аяқталуға жақын. Бірақ бітетін түрі жоқ. Құрылыс басында ешқандай жұмысшы көрінбейді. Себебі мердігер мекеменің қаржысы уақытылы төленбеген. Енді жаңбыр мен қар жауатын болса, түсірілген құрылыс материалдары жарамсыз болып, қоқыс болып қала ма деп қорқамыз», — делінген хатта. Жұмысы мардымсыз құрылысқа сын айтқан ауыл тұрғынының шағымын округ әкімі Ләззат Бердібаеваға және мәслихат депутаты Камшат Ермағамбетовке жолдап, ресми ақпарат беруін сұрадық.
Ляззат БЕРДІБАЕВА, Қ.Жұбанов ауылдық округінің әкімі:
Мектеп жанынан салынып жатқан спорттық кешеннің құрылысы 2021 жылы емес, 2023 жылы басталған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының әлі аяқталмағаны рас. Спорт залдың құрылыс жұмыстарын «Сантех Центр» ЖШС-і жүргізуде. Тапсырыс беруші — Ақтөбе облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы. Құрылыс жұмыстарының тоқтап тұрғанына бір аптадай уақыт болды. Осыдан екі күн бұрын осы мәселені айтып, құрылыс бригадиріне шыққан уақытта «құрылыс материалдарын әкеліп, жұмысты бастаймыз» деп уәде берген еді. Сенбі, жексенбі күндері құрылыс басында 12 құрылысшы келіп, жұмыс жасады. Қазіргі уақытта «Энергосистема» ЖШС-нің мамандары ауылдағы электр қондырғыларына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Осы жұмыстарға байланысты электр тоғының берілуі таңнан кешке дейін уақытша тоқтап тұр. Мердігер мекеме өкілі ертеңнен бастап генератор әкеліп жұмысжасайтынынайтты. Қазіргі уақыттақоршаулар орнатылуда. Алдағы уақытта төбесін жабу жұмыстары жүргізіледі. Құрылыс бригадирі қаражат жағынан мәселенің жоғын жеткізді.
Камшат ЕРМАҒАМБЕТОВ, мәслихат депутаты:
Бұл спорт залдың құрылысында мәселелердің бары рас. Осы мәселені көтеріп, бірнеше мәрте депутаттық сауал да жолдадым. Құрылыс басына бірнеше мәрте құзырлы мекемелердің де басшылары келіп, қарап кетті. Бұл нысанның құны өте қымбат. Бастапқы құжатта құрылыстың құны 336 млн теңгеге бағаланды. Уақыт өтіп кетуіне байланысты жобаға түзетулер енгізілді. Бүгінде жобаның құны 380 млн теңге болып тұр. Құрылысқа жауапты мердігер мекемелер де бірнеше мәрте ауысты. Тапсырыс беруші облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы болғаннан кейін біз қаржысына араласа алмаймыз. Дегенмен айта кететін бір жайт, бұл ғимарат ауыл мектебіне жапсарлас салынып жатыр. Мектептің өзі 1965 жылы салынған. Енді он жылдан кейін жаңа мектеп салу қажет болатыны сөзсіз. Ал жаңа мектеп салынған жағдайда ол ауыл орталығына салынады. Сол кезде спорт зал мектептен тыс қалайын деп тұр. Осы мәселе бас кезінде дұрыс ойластырылмаған. Жақында ғана Сағашилі ауылында ангар типті спорт кешені салынды. Оның құны — шамаман 200 млн теңге. Қаракөлде салынып жатқан ғимараттың қаржысына екі ғимарат салуға болар еді.
Н.ТІЛЕП

Ұқсас ақпараттар

МӘДЕНИЕТ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ ЕСЕП БЕРДІ

admin_mugalzhar

СЕНАТ ДЕПУТАТЫ АУДАНҒА КЕЛДІ

admin_mugalzhar

ЕУРОПАДА ФУТБОЛ ТОЙЫ БАСТАЛАДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.