«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

БЮДЖЕТ — Халық игілігі үшін

ПРЕЗИДЕНТ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ БИЫЛҒЫ «МАҚСАТЫМ – ЭКОНОМИКАНЫ ЖӘНЕ ЕГЕМЕНДІКТІ НЫҒАЙТУ» АТТЫ СҰХБАТЫНДА: «МЕН ИНВЕСТИЦИЯ ЖӘНЕ БИЗНЕС САЛАСЫНДАҒЫ АХУАЛДЫ ЖАҚСАРТУҒА, КӘСІПКЕРЛІК БАСТАМАЛАРДЫ ҚОЛДАУҒА АЙРЫҚША НАЗАР АУДАРАМЫН. МЕМЛЕКЕТ БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫНА ЖАҒДАЙ ЖАСАП, АРТЫҚ КЕДЕРГІЛЕРГЕ ЖОЛ БЕРМЕУІ КЕРЕК», — ДЕП АТАП ӨТКЕН БОЛАТЫН. ПРЕЗИДЕНТТІҢ БҰЛ ҰСТАНЫМЫ БҮГІНДЕ МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДА НАҚТЫ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ. АЛДЫҢҒЫ САНЫМЫЗДА БІЗ АУДАН КӘСІПКЕРЛЕРІНІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ МЕН САЛЫҚ ТҮСІМІНІҢ АРТУЫ ТУРАЛЫ АЙТҚАН ЕДІК. БҰЛ ЖОЛЫ СОЛ ТҮСІМДЕРДІҢ ҚАЙ БАҒЫТТАРҒА ЖҰМСАЛЫП, АУДАН БЮДЖЕТІНІҢ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСЫП ОТЫРҒАНЫН, ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ҚАРЖЫЛАНДЫРУ БАРЫСЫН НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ҰСЫНАМЫЗ.
Аудан әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратовтың айтуынша, 2025 жылы Мұғалжар ауданының жергілікті бюджет көлемі 13 750 млрд теңгені құраған. Бұл қаржы негізінен салық пен әлеуметтік тө-лемдерден түседі.
Бюджет — бұл жай ғана қаржы көзі емес, ауданның әлеуметтік-экономикалық тынысын айқындайтын негізгі тетік. Салықтан түскен әр теңге халықтың әл-ауқатына, ауылдың дамуына, жол мен ауыз су, жылу жүйелерін жаңартуға, білім мен спорт нысандарын салуға бағытталады. Биыл жоспарланған бюджет толық орындалды. Тіпті артық түсім де бар. Жыл соңына дейін 1 млрд 892 млн теңге артық орындалады деп күтілуде. Бұл аудан экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын және кәсіп-керлік белсенділіктің артқанын көрсетеді, — деді Талғат Орналыұлы.
Атап айтсақ, биыл аудандық аурухананың аумағын күрделі жөндеуден өткізуге 129 млн теңге, әлеуметтік төлемдерге 305 млн теңге бөлінген. Сонымен қатар аудан бойынша 5 елді мекенде жаңа спорт алаңдары салынуда. Қандыағаш қаласында бір нысанның құрылысы жүріп жатса, Ембі қаласында бір спорт алаңы аяқталып, екіншісі келесі жылға өтпелі кезеңмен қалдырылды. Мұғалжар ауылындағы нысанның 90 пайызы бітіп тұр, Талдысай мен Жарық ауылдарындағы спорт алаңдары толық пайдалануға берілді.
Бұл — ауыл жастарының бос уақытын тиімді өткізуге, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған игі бастама. Барлық жұмыс жоспарға сай жүргізілуде, — дейді аудан әкімінің орынбасары.
Ауданның қысқы маусымға дайындығы да назардан тыс қалған жоқ. Биыл жылу жүйелерін жөндеуге және отынмен қамтамасыз етуге 500 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. Қандыағаш қаласындағы 90-нан астам көпқабатты тұрғын үйдің жылу жүйесі уақытылы қосылып, Ембі қаласының да жылу желілері жаңартылды. Сонымен қатар тұрғындарды ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында 200 млн теңгеге жуық қаражат қарастырылып, су жүйелерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жол жөндеу жұмыстарына тоқталсақ, Ембі қаласында Әйтеке би көшесі толық аяқталуға жақын. Қайыңды ауылында Бейбітшілік және Қайыңды көшелері, ал Сағашилі ауылында Әйтеке би көшесі жөнделіп жатыр. Қандыағаш қаласындағы “Жаңа қоныс” шағын ауданын асфальттау жұмыстары аудан әкімінің бастамасымен биыл қолға алынып, алғашқы жұмыстары жасалуда.
Сондай-ақ Қандыағаш қаласында Байғанин, Қалиев, Жамбыл және Есет батыр көшелерінде асфальт төселіп, ал Жеңіс пен Баймұханбетов көшелерінің бірінші қабаты биыл төселіп, екіншісі келесі жылы аяқталмақ, — деді ол.
Ауылдық жерлерге де басымдық беріліп отыр. Облыстық бюджет есебінен Ембі, Жұрын, Орқаш және Ащысай ауылдарының жолдары жөнделуде. Сонымен қатар облыстық және республикалық бюджет есебінен Қандыағаш қаласында Жаңа өнер орталығын салу жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда барлық ауылдық округтерде аула клубтары бар. Тек Мұғалжар ауылында ғана мұндай нысан жоқ. Қазір осы ауылға жаңа клуб салу жобасы дайындалып жатыр. Құрылысты 2026 жылы ақша бөлінгеннен кейін бастау жоспарланып отыр, — дейді аудан әкімінің орынбасары. Биыл Бұлақты, Ащысай және Сабындыкөл ауылдарына көгілдір отын кіргізілді. Ал Қожасай ауылына газ тарту жұмыстары аяқталуға жақын. Келесі жылы Ақсу мен Құмсай ауылдарына газ жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жобалардың барлығы облыстық бюджет есебінен жүзеге асуда. Сонымен қатар аудан бойынша жарықтандыру жүйесі толықтай жаңартылды.
Жарықтандыру мәселесі толық шешілді. Қазір барлық ауылдар мен елді мекендерде жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті бюджеттен қаржыландырылады, — деді ол.
Аудан әкімінің орынбасары Талғат Өтемұратов атап өткендей, әрбір қаржы – нақты нәтижеге бағытталған.
Мұғалжардың бюджеті – кәсіпкердің адал еңбегі мен халықтың игілігіне қызмет ететін қаржы жүйесі. Сондықтан жергілікті дамудың негізі де, тұрақтылығы да осы ортақ жауапкершілікте жатыр. Біздің басты мақсат – аудан тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру. Бюджет қаражаты ашық әрі тиімді жұмсалуда. Әлеуметтік, инженерлік және инфрақұрылымдық жобаларға басымдық беріледі. Айта берсек, атқарылып жатқан жұмыс көп. Ең бастысы, бәрі халық игілігі үшін, — деді Талғат Орналыұлы.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Ақтөбеде протездік-ортопедиялық орталық ашылады

admin_mugalzhar

ЕЛАМАН — «АҚТӨБЕ БАРЫСЫ» АТАНДЫ

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ораза айт мерекесімен құттықтауы

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.