«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖҰМЫСЫН СҮЙЕТІН ЖАН

ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАЛЫҚ №3 МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ШАРУАШЫЛЫҚ МЕҢГЕРУШІСІ БИСЕНБАЙ МҰХАМБЕТҚАЛИ ОСЫ БІЛІМ ОРДАСЫНДА ОТЫЗ ЖЫЛҒА ЖУЫҚ УАҚЫТ АБЫРОЙЛЫ ЕҢБЕК ЕТІП КЕЛЕДІ. ӨЗ ІСІНЕ АДАЛДЫҒЫМЕН, ЕҢБЕКҚОРЛЫҒЫМЕН ЖӘНЕ ЖАУАПКЕРШІЛІГІМЕН ЕРЕКШЕЛЕНГЕН ОЛ ҰЖЫМНЫҢ СЕНІМІНЕ ИЕ БОЛЫП, ӘРІПТЕСТЕРІНЕ ҮЛГІ БОЛЫП ЖҮР.

Алдағы жылы зейнеткерлікке шығуға дайындалып жүрген Бисенбай Амангелдіұлы Темір ауданына қарасты Қайыңды ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң ауылдағы түрлі шаруашылық жұмыстарға араласып, кейін Отан алдындағы борышын өтеуге аттанады.

Әскерге 1970 жылдардың аяғында кеттім. Атом электр станциясына жіберді. Сол жақта екі жыл қызмет атқарып, елге оралдым, — деп еске алады кейіпкеріміз.

Әскерден кейін туған ауылында еңбек жолын қайта жалғастырып, егіс науқанына қатысады. Кейін шопырлық курсқа жіберіліп, совхозда бригадирдің жүргізушісі болып жұмыс істеген. Қыс мезгілінде мектептің жылу жүйелерін де жөндеп, қара жұмыстан тайсалмаған.

Ауылда өскен адаммын. Қолымнан келмейтін шаруа жоқ деуге болады. Техника, тоқ, дәнекерлеу жұмыстары, бәрін өзім жасай беремін. Сол әдет әлі күнге дейін қалмаған, — дейді Бисенбай Мұхамбетқали күлімсіреп.

1990 жылдардың қиын кезеңінде елде өндіріс пен шаруашылықтар тарай бастаған тұста Қандыағаш қаласына қоныс аударып, 1996 жылы №3 мектеп-гимназияға күзетші болып орналасыпты.

Ол кезде жергілікті телеарналардан хабарландырулар беретін, сол кезде күзетшілік туралы естідім. Хабарландыру бойынша мектеп директорына кірдім. Ол кездегі мектеп директоры — Лиман Боранбаева еді. Сол кісінің сенімі мен қолдауының арқасында мен мектепте тұрақтап қалдым. Күзетші болсам да, шаруашылық жұмыстарына да араласа беретінмін. Жөндеу жұмыстары мен жарық, жылу, ұсақ-түйек шаруалардың бәрін қолға алып, көмектесетінмін. Кейін басшылық шақырып алып, «саған сенім артамыз, шаруашылық меңгерушісі бол» деді. Алғашында қорқақтадым, құжат жағын білмеймін ғой. Бірақ сенім артып, қолдау көрсеткен соң бұл істі де меңгеріп кеттім, — дейді ол.

Содан бері отыз жылға жуық уақыт бойы мектептің барлық ішкі-сыртқы шаруасы осы кісінің бақылауында.

Күнделікті жұмыс таңертең ерте басталады. Алдымен мектеп ауласын, жертөле мен жылу жүйелерін қарап шығамын. Қауіпсіздік — басты назарда. Қарамағымда 44 жұмысшы бар. Әрқайсысының еңбегін бағалап, жұмысты үйлестіруге тырысамын. Бір-бірімізбен бауырдаймыз. Кейде ақыл сұрайтын жастарға кеңесімді беріп, көмектесіп отырамын, — дейді тәжірибелі маман. Бисенбай Амангелдіұлы мектептің барлық кезеңдерін көзімен көрген. Бұрынғы ескі қазандықтар, қатып қалатын жылу жүйелері, жөндеуді қажет ететін шатырлар – бәрі де оның еңбек жолының бір бөлігі.

-2011 жылы мектептің жылу жүйелері қатып қалды. Бір ай бойы тынымсыз жұмыс істедік. Қазір, шүкір, мектеп жылы, жарық, барлығы жаңартылды. Материалдық база толықтырылды. Бүгінгі жағдайға қуанып, еңбегіміздің жемісін көру — үлкен бақыт, дейді ол ризашылықпен.

Тәжірибелі қызметкердің еңбекқорлығы мен ұжымшылдығын әріптестері де жоғары бағалайды.

Мұндай адам сирек кездеседі. Қай іске де тиянақты, қолынан бәрі келеді. Бір сөзбен айтқанда, мектебіміздің тірегі, — дейді әріптестері. Бисенбай Мұхамбетқалидің жұбайы да осы мектепте лаборант болып қызмет етеді.

Ерлі-зайыпты екеуі еңбек жолдарын қатар бастап, бүгінде екеуі де зейнет жасына жақындап отыр.

-Жолдасым Роза да мен сияқты күзетшіліктен бастаған. Қазір екеуміз де осы ұжымның бір бөлшегіміз. Мектеп біздің екінші үйіміз сияқты. Екі баламыз бар, жеті немереміз өсіп келеді. Уақытымыз болса, бәріміз бірге бас қосып, немерелерімізбен уақыт өткізгенді жақсы көреміз, — дейді кейіпкеріміз.

Оның айтуынша, бұл жұмыста ең бастысы — сабыр мен жауапкершілік.

Кез келген істің артында адам тағдыры, балалардың қауіпсіздігі тұр. Сондықтан әр сәтті сезіне білу, өзгенің еңбегін бағалау – менің басты ұстанымым, — дейді өзі.

Отыз жылын бір ұжымға адал қызмет еткен еңбек адамының өмір жолы жас мамандарға үлгі, еңбекке құрметтің көрінісі.

Еңбек еткен адам ешқашан адаспайды. Жақсы істің қайыры бар. Қолыңнан келсе, жұмысыңды сүй, — деп түйіндеді ол сөзін.

А.НҰРҒАЛИ

Ұқсас ақпараттар

САЗ ӘЛЕМІНІҢ САРДАРЫ БАЙҚАУЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСАУДАН ЖАРЫСҚАН ЖАС

admin_mugalzhar

РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗУ ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ НЕГІЗІ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.