«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ҚАУІПСІЗ ОТБАСЫ — ТҰРАҚТЫ ҚОҒАМ

АУДАНДА “ҚАУІПСІЗ ОТБАСЫ -ТҰРАҚТЫ ҚОҒАМ: ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІК ПЕН ОТБАСЫ САЯСАТЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ” АТТЫ ҚОРЫТЫНДЫ ОБЛЫСТЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ. АТАЛҒАН ШАРА ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫН НАСИХАТТАУҒА, ӘЙЕЛДЕР БАСТАМАЛАРЫН ҚОЛДАУҒА, ОТБАСЫЛЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА, ГЕНДЕРЛІК ТЕҢДІКТІ ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛДЫ.
Конференцияға мемлекеттік мекеме өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен білім беру, мәдениет, әлеуметтік сала қызметкерлері және аналар кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиын басында аудандық “Қамқор” отбасын қолдау орталығының директоры Салтанат Сұлтанова мен аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Жұмагүл Жұмашова қатысушыларды құттықтап, жобаның негізгі мақсаттарына тоқталды.
Олардың айтуынша, бұл бастама — ауданда отбасылық құндылықтарды нығайтып, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға, әйелдердің қоғамдық және экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстардың жалғасы.
Басқосу барысында отбасы институтының қоғамдағы рөлі, гендерлік теңдікті дамыту, әйелдер бастамаларын қолдау, аналардың әлеуметтік белсенділігін арттыру және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды.
Мұғалжар ауданы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері мен түрлі сала өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісіп, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Аудандық “Аналар” кеңесінің төрайымы Жұмагүл Асабаева өз сөзінде ананың қоғамдағы орны мен отбасының тәрбиелік маңыздылығына нақты тоқталды.

Отбасы — ұлттық тәрбиенің өзегі. Ананың мейірімі мен ақылы, әкенің қамқорлығы мен өнегесі ұлт болашағын қалыптастырады. Біз аналар кеңесі арқылы жас аналарды қолдап, ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды дәріптеуді жалғастырып келеміз. Ұлттың рухани кемелденуі аналар беделінен бастау алады, — деді ол.
Комиссия мүшесі Роза Мүсенова да жас ұрпақтың тәрбиесіне қоғам болып атсалысу қажеттігін атап өтті.
Ұрпақ тәрбиесі — ел ертеңінің кепілі. Әр баланың бойына отансүйгіштік, еңбекқорлық және ізгілік қасиеттерін дарыту — ата-ана мен қоғамның ортақ міндеті. Ұрпақтың саналы болып өсуі отбасы мен мектептегі тәрбиенің бірлігінде, — деді Роза Наурызбайқызы.
Ал Мұғалжар аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сәуле Хамзина мәдени ортаның адам тәрбиесіндегі рөліне тоқталды.
Мәдени орта — рухани тәрбие мен адамгершіліктің бастауы. Мәдени іс-шаралар мен шығармашылық бағыттағы жобаларда отбасы құндылықтарын дәріптеу, зорлық-зомбылықтың алдын алу және қоғамдағы ізгі қарым-қатынасты қалыптастыру — біздің басты міндетіміз. Өнер мен мәдениет адамды тәрбиелейтін ең қуатты құрал, — деді ол.

Отбасы мен әйелдерге әлеуметтік қолдау көрсету бағытында тәжірибесі мол аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Камшат Құрманалина әлеуметтік саясаттың маңызын айта келіп, отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету тек әлеуметтік міндет емес, бұл -адами борыш екенін, қиын жағдайға тап болған әйелдер мен балаларға психологиялық, құқықтық және материалдық көмек көрсету — басты бағыттарына жататынын жеткізді.
Білім мен тәрбиенің үндестігі туралы сөз қозғаған Ілияш Ниязова ұлттық тәрбие мен кәсіби білім — бір-бірімен тығыз байланысты ұғымдар екенін тілге тиек етіп, білім беру орындарында жастарға еңбекқорлықты, отбасылық жауапкершілікті және адамгершілік құндылықтарды сіңіру ата-ана мен ұстаздардың басты міндеті екенін атап көрсетті.
Конференция барысында қатысушылар үшін арнайы кофе-брейк ұйымдастырылып, бейресми жағдайда пікір алмасу жалғасты.
Іс-шара соңында қатысушылар ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдіріп, отбасылық құндылықтарды нығайту, әйелдер бастамаларын қолдау және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті.

Ұқсас ақпараттар

2023 жылы қазақстандықтар қалай демалады

admin_mugalzhar

«НҰР КӨРШІЛЕР» МЕЙРАМДЫ АТАП ӨТТІ

admin_mugalzhar

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ: 37 МЕКТЕП, 1573 МҰҒАЛІМ, 12777 ОҚУШЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.