«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Али АЛТЫБАЙ, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы: ЖЕЛТОҚСАН ОҚИҒАСЫНА ТАРИХ ӨЗ БАҒАСЫН БЕРЕДІ

-1986 жылы Ауғанстан мемлекетінде әскери борышымызды өтеп келгеннен кейін Алматы зоотехникалық мал дәрігерлік институтына оқуға түстім. 17 желтоқсан күні әдеттегідей сабаққа барған едім. Мұғалімдеріміз 1-ші сабақтан босатып жіберді. Жатақханаға келгеннен кейін, болып жатқан жағдай туралы естідік. «Қазақстан Компартиясының І хатшысы Д.Қонаевты алып тастап, орнына басқа ұлттың адамын қойған. Сол себепті орталық алаңға жастар жиналып жатыр» деді. Біздің жатақханамыз көтеріліс болып жатқан алаңның маңында 500 метрдей жерде орналасқан болатын. Түске дейін біз де алаңға бардық. Басында жастар әр жерде топ тобымен тұрды. Түстен кейін алаң жастарға лық толды. Әкімшілік ғимарат жағы ұзына бойы әскерилермен 2,3 қатар қоршалған. Үкімет үйі жағына өтіп кетпесін деген болуы керек. Бағана басында радиоқабылдағыштан: «Бұл жиналуларыңыз тәртіпсіз дік, тараңдар!» деген әлдекімдердің даусы естіліп жатты. Оны тыңдап жатқан жастар жоқ. Қолдарында транспарант, «Әр ұлттың өз басшысы», «Қазақстан жасасын!» деп «Менің Қазақстаным» әнін айтып жатты. Мұздай қаруланған, қолдарында щит пен сапер күрегі бар әскерилер мен милициялар қараңғы түсе бейбіт шеруге жиналған жастарды тарату мақсатында өрт сөндіру машиналарынан мұздай су шашып, күш қолданып, ұрып-соғып бастады. Қарусыз жастар жанжаққа қаша жөнелді. Қолға түскендерді арнайы дайындап қойған автобустарға тиеп, ішкі істер бөлімшелеріне алып кетіп жатты. Кейіннен естігеніміз, бөлімшелерге сыймай, қала сыртына малша тиеп апарып далаға төккен. Сол жақтан түнімен жаяу жүріп жатақханаға келген жігіттер де болды. 18-19 желтоқсан күндері түнде жатақханалар солдаттармен қоршауда тұрды. Институттағы комсомол комитетіндегілер шеру кезінде түсірілген фото, видеолар арқылы қарап, адам дарды анықтады. Қаншама жазықсыз жастар оқудан шығарылды, жұмыстан кетті. Сотталғандары қаншама! 1986 жылдың желтоқсан оқиғасынан кейін, Әзірбайжан, Грузия, Балтық елдерінде көтерілістер жалғасын тапты. КСРО үкіметінің отаршыл және әміршілік жүйесіне қарсы шыққан қазақ жастарының желтоқсан көтерілісі — Тәуелсіздіктің бастауы десек артық болмас. Желтоқсан көтерілісіне әлі күнге дейін толыққанды баға беріле қойған жоқ. Әйтсе де, тарих өз бағасын берер деп сенемін.

Ұқсас ақпараттар

АУДАНДА ӘКІМДЕР САЙЛАУЫ ӨТУДЕ

admin_mugalzhar

ЕҢБЕК АУЫЛЫНДАҒЫ ДҮБІРЛІ ТОЙ

admin_mugalzhar

ҚАЗАҚСТАНДА 9 МЛН АДАМНЫҢ НЕСИЕСІ БАР

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.