«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Дәурен ЖАҚСЫҒАЛИ, Желтоқсан оқиғасының қатысушысы: ЖЕЛТОҚСАНҒА ӨЗ ЕРКІМІЗБЕН ШЫҚТЫҚ

-Мен 1966 жылы Алматы қаласында мемлекеттік қызметшілердің отбасында дүниеге келдім. Бала күнім Ембі қаласында өтті, сол жердегі бұрынғы №57, кейінгі №1 орта мектепті бітірдім. 1983 жылы Алматы Қызыл тулы мал дәрігерлік институтының 1-курсына оқуға түсіп, 1984 жылы әскер қатарына шақырылдым. 1986 жылдың қараша айында әскерден оралып, оқуымды 2-курстан қайта жалғастырдым. Дәл сол жылы, 16 желтоқсанда болған оқиға есімде мәңгі қалды. Оқуға барған сәтте студенттер арасында «Колбин келді, Қонаевты алып тастады» деген хабар тарап, бәріміз алаңға бет алдық. Бастапқыда ешқандай айқай-шусыз, қолымызда қару да болмады — бейбіт демонстрация ретінде шықтық. Ол кезде қазіргі «Желтоқсан алаңы» «Брежнев атындағы алаң» деп аталатын. Алғаш барғанда шамамен 500- дей адам болдық. Милиция 2-3 қатар сап түзеп, алаңға халықты жібермеуге тырысты. Алайда адамдар көптеп келіп, шепті бұзып өтіп, алаңға 10 мыңға жуық адам жиналды. Жастар бірнеше топқа бөлініп тұрдық. Ара-арасында полиция қызметкерлері арандатушыларды ұстап, машинамен алып кетіп жатты. Халықтың қарасы көп болды, алаң толған адамдардың шегі көрінбеді. Кейін қашып шығып, пединститутқа жасырындық. Содан кешкілік қайта шығып, қолымызға плакаттар алып, қозғалысымызды жалғастырдық. Бізді ол уақыттарда елін сүйген патриот етіп тәрбиелейтін. «Әр елге өз басшысы болсын” деген ұранмен шыққан едік. Кешкілік шынайы қақтығыс басталды. Су шашатын өрт сөндіру машиналары мен әскери техникалар әкелінді. Су өте қатты қысыммен атқыланып, адамдарды құлатыпжатты. Ашуызаға булыққан халық бірнеше машинаны аударып тастады. Әскерилер де келіп, жағдай ушыға түсті. Алаңда жастар көп болды. Халықты тоқтату үшін «спецрота» деп аталатын арнайы жасағы келді.
Түні бойы қақтығыс жалғасты. Ертеңінде де алаңға жиналдық. Бірақ халықтың күші азая бастады, көп адам жарақаттанды, соққыға жығылды. Әскерилер қуып жүріп ұстай бастады. Мен өзім ұсталған жоқпын, бірақ курстастарымның бастан өткергенін кейін естідім. Оларды машиналарға тиеп, қала сыртындағы айдалаға апарып тастаған, қарға тізерлетіп қойып ұрған. «Алматы–Қаскелең» тасжолында автобус жүріп келе жатып, есігін ашып тұрып, адамдарды итеріп түсірген жағдайлар да болыпты. Бұл — шындық, оған дос-жараным куә. Оқиғадан кейін үш ай коменданттық сағат орнады. Екі адамнан артық жиналуға тыйым салынды. Әскер күнде көшеде иттермен жүріп, аңдитын. Оқу кезінде де әр топтан студенттерді шақырып, «мына адамды танисың ба?» деп суреттер көрсететін. Біз көріп тұрсақ та «танымаймыз» дейтінбіз. «Суретке түсіп қалыпсыңдар» деп айыптаған кездері көп болды. Сол суреттерден танылмас үшін суреттегі киімдерді кимей, жасырынып жүрдік.
Біз алаңға өз еркімізбен шықтық. Жатақхананың есіктерін іштен кілттеп тастағанымен, терезеден секіріп кетіп қалатынбыз. Қазір, шүкір, тыныш заман. Желтоқсаншыларды соңғы 4–5 жылда ғана елеу, құрметтеу басталды. Бұған дейін ешкімсұрап, шақырмайтын. Қазір өз қоғамдастығымыз бар, өз алаңымыз бар, жыл сайын барып ағаш отырғызамыз. Сол жылдары тұтқындалғандар мен сотталғандарға мемлекет тарапынан көмек көрсетіледі. Бізді ол кезде елдікке, ерлікке, шынайы патриоттыққа тәрбиелеген еді. Осы сезім бізді алаңға апарды. Бұл оқиғаның біздің есімізден ешқашан өшпейтіні анық.

Ұқсас ақпараттар

БАСПАХАНАДА ӨТКЕН БІР ҒҰМЫР

admin_mugalzhar

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнін мерекелеу барысында әлеуметтік желілерде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын автокөліктерде пайдалану мәселесі кеңінен талқыланды

admin_mugalzhar

ЖИ Қазақстан экономикасын қалай өзгертеді?

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.