ҚАЛА ӘКІМІНЕ ҮМІТКЕР ДАНИЯР ЧЕРНИЯЗОВ ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫН ӨЗІ БІЛІМ АЛҒАН ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАЛЫҚ №1 ОРТА МЕКТЕБІНЕН БАСТАДЫ. СОНЫМЕН БІРГЕ АУДАНДЫҚ АУРУХАНА, ТЕМІРЖОЛ ЖӘНЕ ӨНДІРІС МЕКЕМЕЛЕРІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІМЕН, АУҒАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРЛЕРІМЕН КЕЗДЕСТІ.
Ол сайлаушыларға кездесулер барысында қаланы дамытудың жоспарын жасап, әлеуметтік бағдарламалар дайындап, олардың орындалуын қамтамасыз етуге уәде беруде. Сондай-ақ ауданның сәулет-құрылысына және тұрғын үй-шаруашылығына жауапты мекемелермен бірлесіп, қала көшелерін асфальттауға, жаяу жүргінші жолдарын салуға, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып, “Ауыл аманаты” бағдарламасымен қолдау көрсетуге, облыстық, республикалық, әлемдік додаларда көк туымызды желбіретіп ауданымыздың абыройын асқақтатып жүрген жеңімпаз жерлестерімізге қолдауға ықпал ететінін жеткізді.
— Аудандық-аумақтық сайлау комиссиясына өзін-өзі ұсыну тәртібі-мен үміткер болып тіркелдім. Мақсатым — туған қаламды көркейту. Мен жерлестерімнің алдында үлкен жауапкершіліктің барын жақсы білемін. Қандыағаштың өзекті мәселелері бойынша заңнама аясында, өз өкілеттігім шегінде халыққа адал қызмет етуге бел будым. Қандыағаштың әсем қала болуы сіздердің таңдауларыңызға тікелей байланысты, — деді ол.
Кездесуде барысында ол жергілікті кәсіпкерлерді тартып, осы қалада кәсібін дөңгелетіп, табыс тауып отырған кәсіпкерлерді қаланың гүлденуі үшін бірге жұмыс жасауға шақырды.
