«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Жаңа Конституцияда теңгені ұлттық валюта ретінде бекіту ұсынылды

Жаңа Конституцияның жобасы кәсіби заңгерлердің, әртүрлі сала сарапшыларының және азаматтық қоғам өкілдерінің ұзақ әрі жүйелі жұмысы нәтижесінде әзірленді. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында Мәжіліс депутаты, «Respublika» партиясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров мәлімдеді.
Айдарбек Қожаназаров, реформаны талқылау алты айдан астам уақыт бойы жүргізілгеніне тоқталды. Осы кезең ішінде жүздеген, мыңдаған азамат өз ұсыныстарын жолдады. Комиссия мүшелері ғана емес, жұртшылық та бұл құжатты қазіргі заман талаптарына толық жауап беретін, терең ойластырылған және елдің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындайтын маңызды құжат ретінде бағалап отыр. Соған орай ол жаңа Конституцияның жобасын референдумға шығаруды ұсынды.
«Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде жекелеген баптардың редакциясы пысықталғаннан кейін жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық дауыс беруге – референдумға шығаруды ұсынамын», – деді депутат.
Сондай-ақ, ол ұлттық валюта мәртебесін Ата заңда бекіту туралы да мәлімдеді. Бұл ел азаматтары тарапынан түскен ұсыныстың бірі. Ұлттық валютаның болуы – мемлекеттің экономикалық тәуелсіздігі мен егемендігін айқындайтын негізгі көрсеткіштің бірі саналады.
«Ұлттық валютаның мәртебесін Конституция деңгейінде бекіту – теңгенің институционалдық маңызын нақтылап, қаржы-валюта айналымы саласындағы мемлекеттік саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, ұлттық валютамызды Конституцияда бекіту арқылы болашақта әртүрлі алыпқашпа пікірлер мен алыпсатарлық әңгімелердің алдын алар едік», – деп нақтылап өтті депутат.
Айдарбек Қожаназаровтың айтуынша, қазір теңге мәртебесі заңмен реттелген. «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» заңға сәйкес ұлттық валюта – теңге. Алайда әлемдік қаржы жүйесі өзгеріп жатқан жағдайда бұл мәселені Конституция деңгейінде нақтылау аса маңызды.
«Бұл – халықаралық тәжірибеде бар дүние. Мәселен, Әзірбайжан Республикасы Конституциясына сәйкес, Әзірбайжан Республикасының ақша бірлігі ретінде манат белгіленген. Сол сияқты, Армения Конституциясында ұлттық валютаның армян драмы екені тікелей жазылған. Ал Қырғызстан Конституциясында ұлттық ақша бірлігі сом деп нақты көрсетілген. Сондықтан Конституцияда «Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге» деп нақты бекіту өте орынды деп санаймын. Осыған байланысты аталған түзетуді Конституция жобасына енгізуді Комиссия қарауына ұсынамын», – деп түйіндеді сөзін Мәжіліс депутаты.

Ұқсас ақпараттар

МЕКТЕПТЕ МАМАНДЫҚТАР ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

admin_mugalzhar

«Теңізшевройл» вахта жұмысшылары «вирус жұқтырғандарды» әкелуге қарсылық білдірді

admin_mugalzhar

Қостанай облысындағы өртті сөндіріп жатқандарға 2 айлық еңбекақы көлемінде сыйақы беріледі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.