Бүгін Мұғалжар ауданының коалиция мүшелерінің еңбек ұжымдарымен кездесуі жалғасуда. Осы жолы түсіндіру жұмыстары “Ақтөбе МұнайМашКомплект” ЖШС-нің қызметкерлерімен өтті.
Кездесу барысында ұсынылып отырған Конституция жобасының басым бағыттары жан-жақты талқыланды. Жобада азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру, билік тармақтарының өзара теңгерімін сақтау, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын нығайту және заң үстемдігін қамтамасыз ету мәселелері қамтылғаны айтылды.
Жиынға қатысушыларға референдум әр азаматтың ел болашағына қатысты маңызды шешім қабылдауға мүмкіндік беретін демократиялық құрал екені түсіндірілді. Сондай-ақ жаңа Конституция жобасын қолдау – мемлекет дамуының жаңа кезеңіне бастар жауапты қадам екені атап өтіліп, барша тұрғындар алдағы референдумда белсенділік танытуға шақырылды.

