«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АСЫҚ АТУ — БАЛАНЫҢ МЕРГЕНДІГІН ШЫҢДАЙТЫН ОЙЫН

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ – ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР МЕН САЛТ-САНА ЖАҢҒЫРАТЫН, ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ БАЙ МҰРАСЫН ДӘРІПТЕЙТІН ЕРЕКШЕ МЕЙРАМ. ОСЫНДАЙ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ЖАС ҰРПАҚТЫҢ БОЙЫНА СІҢІРІП ЖҮРГЕН ЖАНДАРДЫҢ БІРІ – ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДАҒЫ №1 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ОРТА МЕКТЕПТІҢ СПОРТ НҰСҚАУШЫСЫ АСЫЛБЕК АГИМБАЕВ.
Ұлттық ойындарды дамыту жолында еңбек етіп жүрген ұстазбен кездесіп, оның шәкірттерімен бірге асық ойынының қалай өтетінін көру мақсатында мектепке бардық. Мектеп табалдырығынан қарсы алған Асылбек бізді спортзалға қарай бастап барды. Зал ішіне енген сәтте ерекшекөрініс көзгетүсті. Бастарына тақия киген 5–6 сынып оқушылары арнайы бес табан асық ойынына арналған кілемнің үстінде ойынды қыздырып жатыр. Бірі асығын дәлдеп атып, енді бірі сақасын дайындап тұр. Балалардың ойынға деген ынтасы мен қызығушылығы бірден байқалады.
Алдымен спорт нұсқаушысымен танысып, бес табан ойыны туралы әңгіме қозғадық. Сондай-ақ бұл ұлттық ойынды қашаннан бері қолға алғанын да сұрадық. Сөз арасында Асылбек әңгімесін ойынның шартын көрсетумен жалғастырды. Ол арнайы кілем үстінде асықтыөзіойнапкөрсетіп, ойынның ережесі мен ерекшеліктерін түсіндіріп берді.

Бес табан – қазақтың дәстүрлі асық ойындарының бірі. Ойыншылар алдымен тегіс жерді таңдайды. Ортасына түзу сызық сызып, оның бойына асықтарды тізеді. Ойынды бастаушы сол жерден бес табанға тең аралықты белгілеп алып, шеңбер сызады. Ойыншылар шеңберге баспай, ортадағы асықты атады. Сақа тиген асық міндетті түрде шеңберден шығуы керек. Кім көп асықты шеңберден шығарса, сол жеңімпаз атанады, — деп түсіндірді ол.

Асылбек бұл ұлттық ойынды 2019 жылдан бері жүйелі түрде қолға алып келеді. Содан бері оның шәкірттері түрлі жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Оқушылары аудандық мектеп лигасының төрт дүркін чемпионы атанып, облыстық чемпионаттарда да жүлделі орындарға ие болған.
Балалардың асық ойынына қызығушылығы ерекше. Қазір үйірмеге қатысатын 30-ға жуық оқушымбар. Менің бағытым – бес табан асық ату ойыны. Оның өзіндік ережелері бар. Жалпы асық ойыны баланың ойлау қабілетін дамытып, мергендігін арттырады. Сондықтан біз балалардыосы ұлттық ойынға барынша тартуға тырысамыз. Жиі жарыстар ұйымдастырып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар табыстаймыз. Қазіргі кезде ауыл балаларына қарағанда қала балалары асыққа көбірек қызығушылық танытып жүр. Әр екі ай сайын жарыс өткізіп тұрамыз, — дейді ол.

Жаттықтырушының айтуынша, жақсы нәтиже көрсетіп жүрген шәкірттері де бар. Атап айтқанда, Нұрдаулет Мұратқали, Мағжан Жұмабаев, Хафиз Меңдол есімді оқушылар түрлі жарыстарда топ жарып жүр. Асылбек Жиенбайұлы тек асық үйірмесімен ғана шектелмейді. Ол мектепте күрестен, қыздарға волейболдан және асық ойынынан үйірме сабақтарын жүргізеді. Спорт нұсқаушысы бес табан ойынының арнайы кілемде ойналатынын да айтып өтті. Кілемнің ортасына шамамен 15 маңай тігіледі. Маңай дегеніміз – тізілген асықтар. Әр маңайдың өз нөмірі болады. Маңай тігілген жердің екі жағынан сызық сызылады. Егер асық сол сызыққа тиіп барып маңайға тисе, ұпай саналмайды. Ал сызықтың ішкі жағына барып тисе ғана ұпай есептеледі. Асық тигеннен кейін міндетті түрде шеңберден шығуы керек. Кіші және ересек жастағыларға арналған екі түрлі шеңбер болады. Ойыншылар асықты 6 метр қашықтықтан иіріп, шертіп атады. Егер асықты дәл тигізіп, шеңберден шығарса, тағы бір рет атуға мүмкіндік алады. Үлкен чемпионаттарда ойынға 15 минут уақыт берілсе, мектепішілік жарыстарда 7 минут уақыт қарастырылған. Бір ойынды екі қарсылас ойнайды.

Жалпы асық ойыны – қазақ халқының көне ұлттық ойындарының бірі. Ол тек балалардың бос уақытын қызықты өткізуге арналған ойын ғана емес, сонымен қатар тәрбиелік маңызы зор мұра. Асық ойнау арқылы балалардың мергендігі, ептілігі, шапшаңдығы, есептеу қабілеті дамиды. Сонымен қатар бұл ойын баланы сабырлы болуға, жеңіске жету үшін шыдамдылық танытуға үйретеді. Бүгінде ұлттық ойындарды жаңғыртып, оны жас буынның бойына сіңіру – маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта еңбек етіп жүрген ұстаздардың жұмысы ерекше құрметке лайық. Өйткені асық ойыны – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениеті мен дәстүрінің бірбөлшегі. Ал сол мұраны бүгінгі ұрпаққа жеткізу – осындай жанашыр жандардың арқасында жүзеге асып келеді.
Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

Ұқсас ақпараттар

Қаңғыбас иттер мен мысықтарды қандай жағдайларда жансыздандырады?

admin_mugalzhar

Конституциялық комиссия Қазақстанның жаңа Конституциясының бірінші жобасын дайындады

admin_mugalzhar

АУЫЛДА СПОРТ КЕШЕНІ САЛЫНУДА

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.