«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Президент су саласына қатысты халықаралық конвенция қабылдауды ұсынды

Президент су проблематикасын аймақ елдеріне ортақ әрі халықаралық қоғамдастық назар аударатын өзекті мәселе ретінде қарастыруға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы бұл ұлттық деңгейдегі немесе тактикалық емес, әлемдік маңызы бар стратегиялық міндет болғандықтан нақты іске көшу керектігіне тоқталды.

«Қор жұмысының ұйымдастыру механизмдерін жаңарту да өзекті. Сол арқылы Ұйым қызметінің қолданбалы сипаты күшейе түседі. Біздің ойымызша, Қордың өңірге ортақ платформа ретіндегі рөлін нығайта түскен жөн. Осылайша, су, экология және орнықты даму мәселелерін Орталық Азия елдерінің мүддесіне сай тиімді шешуге болады. Бұған дейін қалыптасқан өзара ықпалдастықты дамытқан дұрыс. Халықаралық сарапшылардың бақылауынша, соңғы жылдары су мәселесінде аймақ елдері өз мүдделерін алға шығарып отыр. Яғни халықаралық аспектілер, өзара ынтымақтастық, соның ішінде көршілес мемлекеттердің қажеттілігі ескерілмейді. Олардың пікірінше, су-энергетика саласында тепе-теңдіктің болмауы, трансшекаралық өзендерді басқару тәртібінің бұзылуы, экологиялық зардаптың салдарын елемеу – негізгі себеп. Дәл осындай қиын жағдайда әр елдің суға қатысты стратегиясын ұштастыруға ұмтылып көру керек. Бұл су үнемдеу ісіндегі озық тәжірибелерді кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Орталық Азия мемлекеттері басшыларының былтырғы Консультативтік кездесуінде халықаралық стандарттарға сүйене отырып, Суды пайдалану жөніндегі негіздемелік конвенция қабылдауды ұсынған едім. Мұндай конвенция қабылдау көпжақты ықпалдастықтың келісілген қағидаттарын бекітуге және трансшекаралық суды пайдаланудың тиімділігін арттыруға жол ашады. Осы мәселеге зейін қоюларыңызды сұраймыз», деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев су саласын цифрландыруды, соның ішінде Сырдария мен Әмудария бассейндерінде мониторингтеудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін енгізуді басты міндет ретінде атады. Бұл тетік деректердің ашықтығы мен нақтылығын қамтамасыз етеді.

«Қазақстан мен Өзбекстан Сырдария бассейніндегі он учаскені автоматтандыруға кірісті. Осы тәжірибені Арал теңізіндегі барлық бассейнге енгізуге болар еді. Қорды институционалдық тұрғыдан одан әрі дамыту мәселесі өзекті. Бұл үдеріс біршама созылып кетті деп ойлаймын. Кезек күттірмейтін міндеттің бірі – Мемлекетаралық энергетика комиссиясын құруды аяқтау. Елдерімізді тұрақты әрі сенімді түрде сумен қамту бойынша энергетика саласындағы іс-қимылды үйлестірудің маңызы зор екенін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Сондықтан, біздің ойымызша, Қордың су шаруашылығы және энергетика комиссияларының отырыстарын ұштастырған жөн. Ең әуелі, мемлекетаралық энергетика комиссиясының Сырдария өзені бассейніндегі жұмысын жолға қою орынды деп санаймыз. Одан кейін ықпалдастық тетіктерін жетілдіре отырып, Арал теңізінің тұтас бассейнін қамту арқылы бұл форматтың аясын кеңейтуге болады. Бірнеше кезеңнен тұратын мұндай тәсіл аймақтағы барлық елдің мүддесін сақтауға мүмкіндік береді», деді Президент.

Ұқсас ақпараттар

ҰЛТТЫҚ ДОМБЫРА КҮНІ АТАЛЫП ӨТТІ

admin_mugalzhar

ЖҮРГІЗУШІЛЕР МЕН ЖОЛАУШЫЛАРҒА АЗЫҚ-ТҮЛІК ПАКЕТТЕРІ ТАРАТЫЛДЫ

admin_mugalzhar

Жаңа Конституция — жаңару мен жауапкершілік бастауы

admin_mugalzhar