«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«САЗ ӘЛЕМІНІҢ САРДАРЫ»: ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Өткен аптада аудан орталығы Қандыағаш қаласында қазақ музыкасын зерттеуші көрнекті ғалым, әйгілі композитор, дирижер Ахмет Жұбановтың 120 жылдық мерейтойы аясында облыстық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.Аталған шараға композитор, Қазақстан Композиторлар одағының төрағасы, Қазақ өнер университетінің композиция кафедрасының оқытушысы Серікжан Әб-дінұров, композитор, дирижер және педагог, қазақ кәсіби музыка өне-рінің көрнекті өкілі Аманжол Исмагулов және Ембі қаласындағы Ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейінің директоры Анархан Жәнібекова қатысып, ғалымның өмір жолы мен шығармашылығы туралы тың мағлұматтар айтып, ғылыми ақпараттармен бөлісті.

Конференция басында сөз алған Қазақстанның халық әртісі, өнертану ғылымының докторы, профессор, академик Серікжан Әбдінұров «Ахмет Жұбанов Қазақстан композиторлық мектебінің алыбы» тақырыбында баяндама жасап, Ахмет Қуанұлының шығармашылығына тоқталды.

— Қазақстан композиторлар одағы 1939 жылы жеті композитордың бастамасымен құрылды. Олар — Евгений Брусиловский, Ахмет Жұбанов, Мұқан Төлебаев, Василий Великанов, Латиф Хамиди, Борис Ерзаков, Сергей Шабельский. Бүгінде сол Одаққа 86 жыл толып отыр. Ахмет Жұбанов өзінің ғылыми-зерттеу жұмыстарында қазақ халық композиторлық-орындаушылық мектебінің үздік өкілдерінің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеді. Қазақ халқының кең тараған аспаптық және ән орындаушылық дәстүрлерін жаңғыртып, халық жадында қалған танымал тұлғаларының шығармашылық жолына арналған «Ғасырлар пернесі» және «Замана бұлбұлдары» атты монографиялық туындылары жеке кітап болып басылып шықты. Өмірлік тақырыбына айналған «Құрманғазы» монографиясы кезінде алғашқы буын зерттеушілерден кеткен олқылықтарды жан-жақты толықтырып, ұлы күйшінің есімін биікке асқақтата көтерді. Өткен ғасырдың 30-жылдарының соңында оның композиторлық шығармашылығы басталады. Осы жылдары бір актілі музыкалы драма қойылымдарына музыка жаза бастады. Атап айтатын болсақ, «Сарын», «Азат қыз», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу»  пьесаларының музыкасын қазақ халық аспаптар оркестрі орындады, — деді ол.

Сондай-ақ М.Гнесинмен бірге қазақтың тұңғыш көркем фильмі «Амангелдіге» музыка жазғанын, 40-жылдардың басында «Москва», «Ақ көгершін», «Жастар әні» сияқты әндерді өмірге әкелгенін, ал соғыс жылдары фортепиано, қобыз, скрипка, виолончельге арналған бірнеше аспаптық камералық шығармалар жазғанын баяндады. Сонымен бірге Римский-Корсаковтың «Менің музыкалық өмірімнің шежіресі» және А.Виноградовтың «Паганиниді кінәлау» шығармаларын қазақ тіліне аударғанын, ал 1960 жылы Құрманғазы туралы жазылған кітабы мен «Құрманғазы күйлері» жинағы жарық көргенін тілге тиек етті.- Көрнекті ғалым Ахмет Жұбанов бес бала тәрбиелеп өсірген аяулы әке. Екі қызы өзінің жолын қуып, Ғазиза композитор болса, Роза пианист, педагог болды. Екі ұлы Болат пен Қайыр химия саласын таңдады. Кіші қызы Ажар биохимик. Ата жолын қуған немере-шөберелері де баршылық. Олардың ішіндегі ең атақтысы Алан Бөрібаев. Мен бүгін қазақ музыкасының атасы Ахмет Қуанұлының туған топырағына келіп, табанымның тиіп тұрғаны үшін бақыттымын, — деді Серікжан Әбдінұров. Бірнеше жылдан бері Ахмет Жұбановтың жұрт көзінен тасада қалған кітаптары мен шығармашылығына мән артып, оны зерттеп, жаңғыртып жүрген қазақ кәсіби музыка өнерінің көрнекті өкілі Аманжол Исмагулов «Академик Ахмет Жұбановтың аманаты» тақырыбын қозғап, Ахмет Жұбановты «бүкіл өнертану ғылымының көшбасшысы» деп атады.- Қазақ музыкасының алыбы саналатын Ахмет Қуанұлы болмаса да қазақ музыкасы болар еді. Бірақ тап қазіргідей зерделенген кәсіби музыка, ән мен күйлеріміз, әлемді мойындатқан Димаштай әншіміз болмас еді деп ойлаймын. Ахмет Жұбанов композитор ретінде 50ден астам музыкалық шығарма жазған. Оның ішінде «Би» күйінен бастап, «Қарлығаш», «Ақ көгершін», «Ақшолпан», «Ұмытпа» т.б. әндері бүгінге дейін ел аузында айтылып келеді. Ол алғаш рет фортепиано аспабында пьесалар жазды. Шекті аспаптарға арналып жазған музыкалары консерватория қабырғасында жиі орындалады. Осыдан жиырма жыл бұрын менің қолыма 1960 жылдары жарық көрген ғалымның «Музыкаға бір адым» атты кітабы түсті. Бұл кітап көп жерде сақталмаған. Бұрын-соңды көрмеген кітабым еді. Сол кітапты оқып отырып, қайта жаңғыртуды қолға алдым. Себебі ішіндегі кейбір сөздер заман талабына сай ескірген. Айталық, нота ішінде «ноқат», «музыканың нашарлауы» т.с.с. архаизмдер көп екен. Оны бүгінгі жастардың түсінбейтіні анық. Сол себепті мен оны бүгінгі тілге ыңғайлап, «ноқатты» нүктеге, «нашарлауды» бәсеңдеуге өзгертіп, жасап шықтым. Бүгінде бұл оқулық музыка теориясы мен өнерге кіріспе ретінде жазылған оқу-әдістемелік бағытта пайдаланылып келеді. Кітаптың негізгі мақсаты — музыкаға алғаш қадам жасаушыларға түсінікті тілмен бағыт беру, музыкалық сауаттың бастапқы негіздерін түсіндіру, тыңдау мәдениетін қалыптастыру. Ал ерекшелігі- кәсіби музыканттардан гөрі студенттерге, оқушыларға, жалпы музыкаға қызығушыларға арналған. Тілі жеңіл, мысалдары қарапаым, сондықтан музыка әлеміне «алғашқы қадам» жасауға көмектеседі, — деді Аманжол Исмагулов. Сондай-ақ ол осы жылы Жұбановтардың кіндік қаны тамған ата жұрты Жаңатұрмыс ауылына барған сәтте ғажайып құбылысқа тап болғанын тамсана айтып берді.- Жолдан әрі өтіп, «Жаңатұрмыс» деген белгіге бұрылып, жүріп келе жатқан жолымыз екіге айырылды. Қайда жүрерімізді білмей аңтарылып қалдық. Себебі жолды білмейміз. Бір сәтте қайдан келгені белгісіз екі тырна аспанға көтеріліп, оң жаққа қарай ұшты. Мен жүргізушіге: «Екі тырнаның артынан еріп отыр. Дәуде болса бізді күтіп, жол көрсетіп бара жатқан екі алып тұлға — Құдайберген мен Ахмет Жұбанов» дедім. Ол да көлігін оталдырып, құстардың соңынан ерді. Бір қырдан асып, бірнеше шақырым жүргеннен кейін тура сол ауылға тап болдық. Мен бұны бізге берілген белгі деп түсіндім. Сөйтіп, біз Жұбановтардың атабабалары жатқан жерге барып, құран бағыштап, зират басына барып, әкелері Қуанның қазған құдығынан су ішіп, тарихи сәттің куәсі болып қайттық, — деді Аманжол Дүйсенұлы. Одан кейін мінберге көтеріліп, «Ұлт музыкасының ұлы тұлғасы» атты баяндама жасаған Ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейінің директоры Анархан Жәнібекова: «Өнер Ахмет Қуанұлы Жұбановтың бойына біткен ұлы қасиет. «Ұлттың жүгін адал перзенті көтереді» дегендей, Ахмет Жұбанов өз заманында ұлтымен бірге жасап, ұлттық өнердің тереңіне бойлап, композитор ретінде қазақтың музыкалық мәдениетіне өзіндік ізін мәңгілікке қалдырған жан», — деп атап өтті.

Ембі қаласындағы Ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейі 1983 жылы алғаш «Академик Ахмет Жұбанов музейі» болып ашылғанын, кейін араға 16 жыл салып, 1999 жылы қазақ тіл білімінің жаңашыры, лингвист ғалым Құдайберген Жұбановтың 100 жылдығына орай «Ағайынды Жұбановтар мемориалдық музейі» деп өзгертілгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ қырық жылдан астам уақыт бойы қазақ тіл білімі мен қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан ағайынды Жұбановтардың өмір жолдары мен еңбектері, шығармашылығын насихаттау жұмыстары туыстарымен, ұрпақтарымен кездесу кештері, ашық сабақтар, дөңгелек үстелдер арқылы жүзеге асып келе жатқанын баяндады.- Композитор Ахмет Қуанұлының 120 жылдығы аясында музей қызметкерлері өнер иесінің өмір жолы мен музейдің алтын қорына енген, көзі тірісінде тұтынған жеке заттарынан жасақталған «Дәуірге айналған өмір» атты көшпелі көрмені ұйымдастырып келеді. Жаңатұрмыс ауылынан бастау алған жылжымалы көрме Жұрын, Орқаш, Жем, Қандыағаш, Ақтөбе қаласындағы Ахмет Жұбанов атындағы музыка колледжінде, Қобдадағы «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығында ұйымдастырылды. Сіздер де бүгін сол көрменің куәсі болдыңыздар. Осы жылы музей қорын жәдігерлермен толықтыру барысында Алматы қаласындағы, Түркия еліндегі ағайынды Жұбановтардың ұрпақтары мен шәкірттерімен хабарластық. Ізденіс жұмыстарының нәтижесінде ағайынды Жұбановтарға қатысты құжаттар, ағайын-туыстарынан келген хаттар, кітаптар, портреттер мен бірқатар заттай жәдігерлер музей қорына кәдесый ретінде тіркеуге алынды. Музейге келушілерге қазіргі заман талабына сай жаңа технологияларды қолдану арқылы Ахмет Жұбановтың «Ғасырлар пернесін шерткен» залындағы тарихи терең жәдігерлеріне, яғни дирижерлік фрак, концер-ттік костюміне және Ахмет Жұбановтың дирижерлік қызметіндегі бейнефильмді көру мүмкіндігі бар QR-код қойылды. Сонымен бірге Жұбанов атындағы музыка колледжінің ұстаздарының көмегімен экспозициядағы ұлттық аспаптардың әрқайсысына өзіндік дыбыстары жазылған QR-код орнатылды. Бұл жаңа үлгі келушілерге үлкен әсер қалдыратыны сөзсіз, — деді Анархан Жәнібекова. Сондай-ақ Ахмет Жұбановтың ұлы музыкант қана емес, сөз қадірін терең түсінетін, шымшым әзілдерді тауып айтатын тапқырлығы да сөз болды. Конференцияны мектеп директоры Жанат Құлжанов «Музыка арқылы мәңгілік мұра қалдырған ғалым» тақырыбындағы баяндамасымен қорытындылап, музыка мектебінің тарихына тоқталып, бүгінгі жағдайын баяндады.- Ахмет Жұбанов атындағы балалар музыка мектебі бүгінгі таңда аудан көлеміндегі іргелі қосымша білім беру ұйымдарының бірі ретінде тұрақты түрде дамып келеді. Қазіргі уақытта мектепте шамамен 300 оқушы жүйелі түрде білім алып, өнердің әртүрлі салалары бойынша шығармашылық қабілеттерін жетілдіруде. Мектепте 20-ға жуық жоғары білімді, кәсіби музыкалық білімі бар ұстаздар мен 9 техникалық және қызмет көрсету қызметкерлері еңбек етеді. Мамандардың барлығы дерлік өз ісінің білікті иелері және балалардың өнерге деген қызығушылығын арттыруға бар күшін салып келеді. Білім ордасында домбыра, қобыз, шертер, баян, аккордеон, фортепиано аспаптары бойынша жеке сабақтар өтеді. Сонымен қатар дәстүрлі ән, вокал және хор сыныптары да жұмыс істейді. Балалардың жас ерекшеліктеріне сай дайындық кластары да қарастырылған, мұнда оқушылар музыка әлеміне алғашқы қадамдарын жасап, қабілеттерін анықтап, негізгі бағыттарын таңдайды, — деді Жанат Құлжанов. Шара соңында облысқа белгілі композитор Нұрталап Жүсіпов Ертай Ашықбаевтың сөзіне жазылған өзінің «Ағайынды Жұбановтар» әнін орындап, жиналғандардың ыстық ықыласына бөленді.

Н.КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

МОБИЛДІ АУДАРЫМДАР ТУРАЛЫ ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

admin_mugalzhar

Егемендік пен аумақтық тұтастық жаңа Конституцияның мызғымас құндылығы

admin_mugalzhar

Қазақстанда вакцина салдыру мерзімі туралы қаулыға өзгерістер енді

admin_mugalzhar