«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ӨНЕРГЕ ЖАҚЫН МҰНАЙШЫ

«СНПС- Ақтөбемұнайгаз» АҚ Мұнай-газ өндіру басқармасының операторы Ербол Ибраев Республика күніне орай марапатталған екі мұғалжарлық еңбек адамының бірі. Еңбекқор жанның кеудесіне «Ерен еңбегі үшін» медалін облыс әкімі Асхат Шахаров тақты. Еңбегі еленген жанға хабарласқанымда қоңыр үні мен жарқын даусы өнерден құр алақан жан емес екенін байқатты. Алғашқы сұрағым да осы туралы болды. Сөйтсем, Ербол Сағатұлы расымен де өнерлі жан екен.

Кейіпкеріміз Мұғалжардың тумасы емес, сонау Қызылорда облысының Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет деген шағын ауылда, қарапайым отбасында дүниеге келіпті. Туған ауылынан мектеп бітіріп, кейін СПТУ-ға түсіп, машинист мамандығын алады. Отан алдындағы борышын да өтеген екен. Әскерден келген соң, «екі қолға бір күрек табыла кетіп, ауылда қара жұмыс жасап, еңбекке де ерте араласады. Сөйтіп жүргенде өз ауылының аруына көзі түсіп, отбасын құрады. Жаңа қосылған жас жанұя арада көп ұзамай-ақ Қандыағашқа қоныс аударады.

Қоныс аударған жылдары әлі Кеңес үкіметінің қарамағында едік. Содан мұнай саласына оператор мамандығына жұмысқа орналастым, төртінші өңдеу цехында жүрдім. Жұмысқа қосылған жылдары жан жағымның бәрі өзге ұлт өкілдері еді. Ресей, Башқұртстан, Татарстан елдерінен келген азаматтармен бірге жұмыс жасадық. Мен сол операторлардың ішінде екінші немесе үшінші болып жұмысқа орналасқан алғашқы қазақтардың қатарында едім. 24 жастағы маған өзге елдің жұмысшыларымен қатар тұрып еңбек ету қызық болды. Олардан білмегенімді үйрендім, білгенімді бөлісуге тырыстым. Бәрі тәжірибемен келетін нәрсе ғой. Әйтеуір әупірімдеп олармен де етене араласа бастадық. Ал Кеңес үкіметі ыдырағаннан кейін, шетелден келген жұмысшылардың бәрі өз елдеріне қайтып, өзіміздің қаракөз қазақтарымыз келе бастады. Ел еңсесін тіктеді, Тәуелсіздігін алды. Өзіміздің төл теңгеміз шығып, оны жалақыға алып, алғаш қолға ұстағандағы сезімді айтсаңызшы! Жұмсағың да келмейді ғой тегі. Сол жылдары менімен бірге жасағандар әлі күнге дейін айтып отырсақ, жастар қызыға тыңдап, қарап отырады. Дегенмен бізден кейінгі жастарға әрқашан білгенімізбен бөлісіп отырсақ та, олардың айтқанын да ойымызға түйіп отырамыз. Қазір жастар білімді, саналы ғой. «Әр істің шала білгірі болғанша, бір істің дана білгірі бол» деуші еді. Мен үшін де бір салада білікті маман ретінде қызметімді абыроймен атқару маңызды. Тасын түртсең, тарихына тіл бітіп, жібін тартсаң, түгінен мұнайы көрінетін осы мекенде жапырағым жайылды, — деп өмір тарихын баяндаған Ербол Сағатұлына көпшілік көрсетер құрметін «ақынның әкесі» деп еселейді екен. Себебі мұғалжарлықтарға жақсы таныс ақын Нұрбол Ибраев осы кісінің тұңғыш перзенті. — «Бір бала әкеден аса туады» дегендей, Нұрболым бойындағы ақындық өнерімен бірге туылды. Баладан көрінген жақсы қасиетті өз жұртыңа, жағымсыз жағын нағашысына ысыратын қазақпыз ғой (күліп алды). Негізінен өзімнің де әу дейтінім бар еді. Бала кезімде қой бағып, көкорай шөптің үстінде жатып, қамшымды домбыраша сабалап, ойыма оралған сөз орамдарын өлеңдете айқайлап айтатынмын. Сонда ойыма толассыз өлең жолдары ағыла беретін еді. Заман сондай болды ма, ол уақытта баланың дарынын көп елей бермейтін. Оны қаламға түсіріп жазу дегенді де білмеппін. Кейін баламның бастауыш оқып жүргенде өлең шығаруға деген өнерін байқап, өзім демеу бола бастадым. Бірге қалам алып, жарыса бір тақырыпта өлең жазамыз. Оның талғамы ерекше болды. Мен ілесе алмай қалып қоямын. Ақындар мүшәйрасына апарып, біраз уақытқа дейін қолдау беріп, ере жүрдім. Кейін ұстаздары дарынын байқап, өздері жетекшілікке алды. Қазір ол 32 буынға дейін өлең шығарады. Ал біздікі сол бер жағы ғой. Шалыс ұйқас, егіз ұйқаспен айта береміз жырлатып. Екінші ұлым Нұрбек те ағасы тәрізді мектепте мұғалім. Екі балам да отбасын құрып, төрт немере сыйлап отыр. Екі ұлымнан кейін үш қызым бар. Бірі Таразда тұрмыста болса, одан кейінгі егіз қыздарым мектеп оқушылары.

Осы мұнай саласын — дағы қызметімнің де арқасы ғой, балаларымды оқыттым, үйлендіріп, жеткізіп жүргеніміз,- деді көп балалы әке 33 жыл өмірін бір салаға арнаған мұ- найшы әр адамның жетістікке жету жолында өз формуласы болуы керек деп ойлайды. Ал Ербол Ибраевтың бұл формуласы оп-оңай.

Еңбекқорлыққа белсенділік пен жауапкершілікті қосып, адал ниеттен ада болмау қажет. Осы төрт қасиеттен тұратын өмірлік формула — маған өзекті. Бұл менің 30 жылдан астам еңбек өтіліме өмірлік қағида болды. Осыны балаларыма да әрқашан айтып отырамын. Олармен дос болатын кезде досынша ақыл айтып, құрдасынша сырласып, әкелік айтар кезімде әкеше сөйлесіп, тәрбие беріп келемін. Ортаға салатын өзекті мәселе болса, бірге ақылдасамын. Олардың жадына «ешқашан өтірік сөйлеме және пайда емес, ар ойла» деп құйып отырамын. Осы сөзімді олар өмірлік қағидаларына айналдырды. Бірақ балаларымның артымнан өз ісімді жалғастырар маман болуға шақырмадым. Мектепте жақсы оқып, екеуі де ұстаздық жолды таңдады. Енді менің жарты өмірім сыртта, жарты өмірім үйде болғандықтан, тағдырымды қайталағанын қаламадым. Сыртта қара мұнайды көрсем, үйде Ақмұнайым бар. Зайыбым Ақмұнай Басанова көп жылдардан бері «Күншуақ» бала-бақшасында жұмыс жасайды, — деген әкенің ендігі арманы бейнетінің зейнетін, балаларының қызығын көру ғана.

Айдана АЛТЫБАЕВА

Ұқсас ақпараттар

ӘКІМ ХАЛЫҚҚА ЖАҚЫН БОЛУЫ ҚАЖЕТ

admin_mugalzhar

Қазақстанда сүт бір жылда 33% қымбаттады

admin_mugalzhar

АУДАН ТЫНЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.