«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

МЕМОРАНДУМ: МАҚСАТ – ҒЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ

ҚАНДЫАҒАШ ҚАЛАСЫНДА «БІЛІМ БЕРУ ОКРУГТЕРІНДЕГІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ: ҮЗДІК ИДЕЯЛАР, ТИІМДІ ТӘЖІРИБЕ, ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР» ТАҚЫРЫБЫНДА ОБЛЫСТЫҚ СЕМИНАР ӨТТІ. ШАРАҒА Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АҚТӨБЕ ӨҢІРЛІК УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОРЫ ЛАУРА ҚАРАБАСОВА, АКАДЕМИЯЛЫҚ САПАНЫ АРТТЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ АҚЕРКЕ ЕСЕНБЕКОВА АРНАЙЫ КЕЛІП ҚАТЫСТЫ. СОНЫМЕН ҚАТАР ОБЛЫС АУМАҒЫНДАҒЫ ӨЗГЕ АУДАНДАРДЫҢ БІЛІМ САЛАСЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ МЕН АУДАН ҰСТАЗДАРЫ ДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ.

Шара Қандыағаш қаласының №3 мектеп-гимназиясында «Күніңізді идеядан бастаңыз» атты Coffee Time форматындағы еркін кездесумен басталды. Семинардың ашылу бөлімі ерекше көркем форматта ұйымдастырылды. Қараңғы залда жүрек соғысы дыбысы мен заманауи электронды музыка үйлесіп, LED экранда нейрондық желі, ғарыш және технологиялық бейнелер көрініс тапты. Сахнаға модерн-смарт стильдегі бишілер шығып, «От», «Ғаламшар», «Қазақстан», «Ақтөбе», «Мұғалжар», «Қандыағаш мектеп-гимназиясы» ұғымдарын би арқылы бейнеледі. Кейін кішкентай бишілер қосылып, композицияны толықтырды. Осы сәтте пәндік бағыттар бойынша география, физика, химия пәндерінен шағын тәжірибелер көрсетілді. Сонымен қатар робототехника бойынша робот-шоу, STEM тәжірибелері, startup, IT, coding бағытындағы жобалар және pitch форматындағы оқушы идеялары ұсынылды.

Сахнада үш буын оқушылары үш тілде диалог құрып, мектеп өмірі мен жобалық жұмыстарды таныстырды. Ал экранда мектеп өмірі, оқу үдерісі, ғылыми жобалар, олимпиадалардағы жетістіктер, марапаттау сәттері және шығармашылық бастамалар кеңінен көрсетілді. Содан кейін семинардағы негізгі баяндамашылар өз тәжірибелерімен бөлісті. Олардың қатарында Қандыағаш қаласының №3 мектеп-гимназиясының директоры Данагүл Ибрашева болды. Ол «Табысқа жету формуласы: ізденіс, тәжірибе, нәтиже» тақырыбында баяндама жасап, білім сапасын арттырудағы жүйелі жұмыс пен педагогикалық тәжірибенің маңызын атап өтті. Сонымен қатар «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасының әдіскері Алтынгүл Нұрмағанбетова «Болашаққа қадам: таным және тұлға» тақырыбында сөз алып, мектепке дейінгі тәрбиенің бала тұлғасын қалыптастырудағы рөліне тоқталды. Ал Қандыағаш өнеркәсіптікэкономикалық колледжінің әдіскері Ақбөбек Ахметова «Балабақша, мектеп, колледж тұлға қалыптастырудағы біртұтас жүйе» тақырыбында баяндама жасап, үздіксіз білім беру жүйесіндегі сабақтастықтың маңызын түсіндірсе, Мұғалжар аудандық оқушылар шығармашылығын дамыту орталығының директоры Ләззат Бошимова «Білім беру ұйымдары арасындағы серіктестік: тәжірибе және жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында баяндама ұсынып, білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың тиімділігіне тоқталды. Семинардың ресми бөлімінде спикерлер сахнаға шақырылды. Алғаш болып сөз алған Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол аудандық білім саласындағы даму бағыттары мен әріптестік мүмкіндіктер туралы баяндады.

Мұғалжар ауданына келген қонақтарға қош келдіңіздер дей отырып, ұстаздар қауымы үшін бүгінгі күннің ерекше маңызға ие екенін атап өтемін. Себебі Батыс Қазақстан өңіріндегі білімнің киелі шаңырағы саналатын жоғары оқу орны басшысын өз ортамызда қарсы алу біз үшін үлкен қуаныш. Біздің ауданда 80ге жуық білім беру мекемесі жұмыс істейді, онда 14 мыңнан астам шәкірт білім алуда. Өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беріп жүрген ұстаздарымыздың 70 пайызға жуығы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті түлектері екенін ерекше атап өткім келеді. Ғылым мен техника қарқынды дамып жатқан заманда келешек ұрпақты тек білімді ғана емес, бәсекеге қабілетті тұлға ретінде қалыптастыру үшін ұстаздар қауымы үздіксіз ізденіс үстінде. Осы бағытта ауданымызда 50-ге жуық магистр еңбек етуде. Магистрлер қауымдастығын дамытуға қолдау көрсетіп отырған университет басшылығына алғысымды білдіремін. Бұл біз үшін үлкен мәртебе, әрі көрсетілген зор құрмет деп есептейміз, — деді ол.

Келесі сөз кезегі Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің басқарма төрағасы-ректоры Лаура Қарабасоваға берілді. Ол жоғары және орта білім арасындағы сабақтастық, педагог кадрларды даярлау және заманауи білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне тоқталды.

Құрметті әріптестер, сіздерді көргеніме шын жүректен қуаныштымын. Бұл – біздің Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті үшін ауданмен ынтымақтастықтағы ерекше қадам, алғашқы тәжірибе. Өйткені біз бұған дейін магистрлердің арнайы қауымдастығымен, оның ішінде ауданда орналасқан осындай құрылыммен ресми түрде меморандум жасамаған едік. Сондықтан бұл бастаманы тарихи кезең деп айтуға толық негіз бар. Мұғалжар ауданы – ірі аудандардың бірі, ал Қандыағаш сияқты қалалардың болуы сіздердің үлкен артықшылықтарыңыз деп есептеймін. Бұл – білікті кадрларды тартуға, ғылыми әлеуетті дамытуға кең мүмкіндік береді.Осы орайда біз бүгін ауданмен серіктестікке нақты қадам жасап отырмыз. Алдағы уақытта магистрлеріміз тек білім беріп қана қоймай, ғылым жолында биік белестерді бағындырып, болашақта докторлық мантияны киіп отырған мамандарға айналсын деген тілек білдіремін, — деді ол.

Осыдан кейін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті мен Мұғалжар аудандық білім бөлімі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжат білім беру саласындағы әріптестікті нығайтуға, тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды дамытуға бағытталды. Меморандум аясында «Магистрлер қауымдастығы» жобасын іске асыру бағдарламасы таныстырылды. Жобаның мазмұны мен өткізу форматы туралы Академиялық сапаны арттыру департаменті директорының орынбасары Ақерке Есенбекова баяндады. Ол бұл бастаманың педагогтердің кәсіби дамуына, ғылыми-әдістемелік байланыстарды нығайтуға және білім беру ұйымдары арасындағы ынтымақтастықты күшейтуге ықпал ететінін атап өтті. Семинар аясындағы жұмыс сапары жалғасып, қатысушылар «Күншуақ» бөбекжай балабақшасына барды. Қонақтар «Күншуақ» бөбекжай балабақшасы ауласына келген сәтте оларды балабақша ұжымы жылы лебізбен қарсы алып, қазақтың ұлттық дәстүріне сай құрмет көрсетті. Аулада арнайы дайындалған дастархан жайылып, қонақтарға ұлттық тағамдардан дәм татқызылды. Бұл көрініс қонақжайлық пен салт-дәстүрдің сабақтастығын айқын танытып, шараға ерекше ұлттық реңк берді. Мұнда «Заманауи балабақша: болашақтың жаңа көкжиектері» тақырыбында тәжірибелік таныстырылым ұсынылды. Балабақша ұжымы мектепке дейінгі тәрбиедегі заманауи әдістерді, балалардың жан-жақты дамуына бағытталған жұмыстарды көрсетті. «Қозғалыс – бала дамуының негізі» тақырыбы аясында балалардың белсенділігі мен дене дамуын қолдауға арналған спорттық көрініс ұйымдастырылып, велосипедпен жасалған жаттығулар ерекше назар аудартты. Балабақша жұмысы туралы толық презентацияны меңгеруші Жадыра Құрманова таныстырып, мекеменің оқутәрбие үдерісіндегі негізгі бағыттарына тоқталды.

Қонақтар балабақшаның әр тобына экскурсия жасады. Онда «Жобалар – атааналар, педагогтер мен балалардың білім беру қызметіндегі ынтымақтастығының интеграцияланған нысаны» тақырыбында жобалық жұмыстар таныстырылып, ата-аналармен бірлескен шығармашылық көрме ұсынылды. Бұл көрме ән залында өтіп, тәрбиешілердің еңбектері мен балалардың қолөнер жұмыстары көрсетілді. Сондай-ақ «Балабақша жағдайында дзюдо элементтерін енгізу тәжірибесі» жобасында дене шынықтыру нұсқаушысы Нұрсауле Арыстанғалиева балалардың спорттық дамуына бағытталған тәжірибесімен бөлісті. Жалпы, сапар барысында балабақша ұжымы заманауи білім беру мен тәрбие үдерісін үйлестіре отырып, бала дамуына бағытталған инновациялық тәжірибелерін жан-жақты көрсетті. Одан кейін семинар қатысушылары Қандыағаш қалалық №4 гимназиясына ат басын бұрды. Мұнда «Аумақтық білім беру жобасы: тәжірибе, нәтиже, даму» тақырыбы аясында мектеп-балабақша-колледж арасындағы сабақтастық бағытындағы жұмыстар таныстырылды. Қонақтарды гимназия ұжымы ерекше форматта қарсы алып, «Шебер қол, шабытты жүрек, жарқын болашақ» атты көрме өткізді. Күтіп алу рәсімі «Дәстүр мен әуен үндестігі» тақырыбында өтіп, қонақтарға ұлттық тағам ұсынылып, жетіген аспабының сүйемелдеуімен ұлттық ән орындалды. Содан кейін қонақтар түрлі бағыттағы таныстырылым алаңдарын көрді. «Білімге виртуалды қадам» алаңында заманауи цифрлық білім беру мүмкіндіктері көрсетілсе, «Технология – бұл өнер, шеберлік, ептілік, іскерлік» алаңында оқушылар робототехника бойынша жұмыстарын ұсынып, математика пәні аясындағы жобалар таныстырылды. Ал «Тең мүмкіндік– бірлік пен қолдау» бөлімінде ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жүргізілетін жұмыстар, «Медиасауаттылық – заман талабы» жобасы аясында оқушылардың газет шығару тәжірибесі ұсынылды. Әрі қарай «Ecolife: ойдан іске, бүгіннен – болашаққа» экологиялық жобалар алаңында табиғатты қорғау бағытындағы бастамалар таныстырылды. Сонымен қатар шахмат алаңында оқушылардың ойлау қабілетін дамытуға бағытталған жұмыстар көрсетіліп, «Ізденіс. Зерттеу. Жетістік» атты дарындылар алаңында Саят Мырзаш, Перизат Шекспир, Сезім Жексенбай мен Феруза Жұмағалиева атты оқушылардың ғылыми жобалары тыңдалды. Сондайақ қатысушылар «EduBridge: Virtual School Tour» жобасы және «Тарих өткенге сабақ, келешекке өнеге» бағыты аясында Ахмет Жұбанов музейіне виртуалды саяхат ұйымдастырылып, акт залында тарихи көрініс тамашалады. Іссапар Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінде жалғасты. Мұнда қатысушыларға «Мамандық пен қабілет – жарқын болашақ кепілі» атты таныстырылым ұсынылып, түрлі мамандық туралы кәсіби бағыт берудің маңызы түсіндірілді. Сондай-ақ «Қолөнер мен қиял үндестігі» көрмесі көрсетілді. «Тоқ әлеміне алғашқы қадам» бөлімінде 9-сынып оқушылары элек-тромонтаж жұмыстары бойынша тәжірибелік дағдыларын көрсетсе, «Рельс бойындағы жауапты серіктес» атты бөлімде 8–9 сынып оқушылары арасында кәсіби жарыс ұйымдастырылды. Ал «Жас аспаздар шеберлігі» шеберлік сабағында 8–9 сынып оқушылары мен балабақша бүлдір-шіндері бірге қатысып, тағам дайындау дағдыларын көрсетті. Жалпы колледждегі таныстырылымдар кәсіптік білім берудің маңызын айқындап, оқушыларға болашақ мамандық таңдауда нақты бағыт беретін тәжірибелік алаң ретінде көрініс тапты. Сапардың қорытынды бөлімі Қандыағаш қалалық №1 жалпы білім беретін орта мектебінде аяқталды. Мұнда «Қосымша білім: идея, шеберлік, құндылық» атты қосымша білім беру ұйымдарының озық тәжірибесін таныстыру алаңы өтіп, оқушылардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту бағытындағы жұмыстар көрсетілді. «Ортақ мақсат – сапалы нәтиже» тақырыбындағы семинардың жабылу бөлімінде қатысушылар атқарылған жұмыстарды қорытындылап, білім беру саласындағы ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

Айгерім ДАРХАНҚЫЗЫ

 

Ұқсас ақпараттар

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің келесі отырысы Астанада өтеді

admin_mugalzhar

Мемлекет басшысы: Еліміздің қаржы жүйесі дертке шалдыққан

admin_mugalzhar

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ АЗАМАТТЫҚ ТАҢДАУЫН ЖАСАУДА

admin_mugalzhar