МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ 2020 ЖЫЛЫ «АРДАГЕРЛЕР ТУРАЛЫ» ЗАҢҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ. ЗАҢ БОЙЫНША АРДАГЕРЛЕР САНАТЫНА ЕКІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫСҚА ҚАТЫСУШЫЛАРДАН БӨЛЕК, БАСҚА МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ АУМАҒЫНДАҒЫ ҰРЫС ҚИМЫЛДАРЫНА ҚАТЫСУШЫЛАР ДА КІРДІ. СОЛАРДЫҢ БІРІ – ТАУЛЫ ҚАРАБАҚТАҒЫ ЭТНОСАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТЫ РЕТТЕУГЕ ҚАТЫСҚАНДАР. БҮГІНДЕ МҰҒАЛЖАР АУДАНЫНДА ОСЫ ҚАҚТЫҒЫСҚА ҚАТЫСҚАН 17 АДАМ ТҰРАДЫ.
ТАРИХ ЖӘНЕ ШЫНДЫҚ
1988-1994 жылдар аралығындағы Таулы Қарабақ қақтығысы посткеңестік кеңістіктегі ең ірі әрі қанды жанжалдардың бірі ретінде тарихта қалды. Бұл қақтығыс Таулы Қарабақ аймағында туындады. Атап айтқанда, Әзербайжан мен Армения арасындағы этникалық және аумақтық даудан өрбіді. Кеңес Одағы құрамындағы автономиялық облыс болғанымен, халқының басым бөлігін армяндар құраған бұл жерде 1988 жылы басталған саяси талаптар уақыт өте келе қарулы қақтығысқа ұласты. Кеңес Одағы әлсіреген кезеңде жағдай күрт шиеленісті. Екі тарапта да қарулы топтар құрылып, этникалық қақтығыстар жиілей түсті. Бейбіт тұрғындардың жаппай көшуі, қантөгіс пен сенімсіздік ахуалды одан әрі ушықтырды. Ал 1991 жылы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін бұл жанжал толыққанды соғысқа айналды. Армян күштері Таулы Қарабақ пен оған жақын аудандарды бақылауға алса, Әзербайжан өз аумақтық тұтастығын сақтап қалуға тырысты. Соғыс барысында ауыр әскери техника қолданылып, ондаған мың адам қаза тауып, жүздеген мың адам босқынға айналды. 1994 жылы халықаралық арағайындықтың нәтижесінде атысты тоқтату туралы Бішкек хаттамасына қол қойылды. Дегенмен, бұл толыққанды бейбіт келісім емес, тек уақытша бітім еді. Сондықтан бұл жанжалдың салдары әлі күнге дейін сезіліп келеді.

ЕЛ БОЙЫНША 593 АДАМДА «АРДАГЕР» МӘРТЕБЕСІ БАР
Осы қақтығысқа Кеңес әскерінің құрамында болған көптеген қазақстандық сарбаздар да қатысты. Олар көбіне нақты қандай соғысқа тартылғанын толық түсінбей, бұйрық бойынша қауіпті аймақтарға жіберілді. Соның салдарынан олардың бір бөлігі ұзақ уақыт бойы ресми түрде мойындалмай, әлеуметтік қолдаудан тыс қалып келді. Таулы Қарабақтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқандардың нақты саны әлі күнге дейін белгісіз. Дегенмен, ресми деректерде қақтығысты реттеуге қатысқан 593 әскери қызметшінің «ардагер» мәртебесін алғаны ғана тіркелген. Бүгінге дейін тиісті мәртебені ала алмай жүргендер де жетерлік. Мемлекет басшысы ресми түрде мәртебе бергеннен кейін ғана елімізде Таулы Қарабақ қақтығысына қатысқан қазақстандықтар өз құқықтарын қорғау үшін бірігіп, қоғамдық ұйымдар мен ардагерлер бірлестіктерін құра бастады. Ақтөбе облысында Таулы Қарабақ қақтығысына қатысқан ардагерлердің бірлестігі 2022 жылы құрылған. Ал ауданда 2023 жылы қолға алынған. Қазіргі уақытта аудан бойынша аталған қақтығысқа қатысқан 17 әскери қызметші «ардагер» мәртебесін алған. Аудандық бірлестіктің төрағасы – Болат Жалғасбай. Бірлестік мүшесі, Таулы Қарабақ қақтығысына қатысушы Дидар Кадировтың айтуынша, бұл ұйымдардың басты мақсаты ардагер мәртебесін алу, әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізу және өзара қолдау көрсету.

—Біздің ұйым тек әлеуметтік мәселелерді көтеріп қана қоймай, қаза тапқан сарбаздарды еске алу, жастарға патриоттық тәрбие беру, сондай-ақ ардагерлер арасында өзара көмек ұйымдастыру бағытында да белсенді жұмыс жүргізеді. 2020 жылы қабылданған «Ардагерлер туралы» заң осы санаттағы азаматтарға жаңа мүмкіндіктер ашты. Заң аясында Таулы Қарабақтағы қақтығысты реттеуге қатысқан азаматтарға ардагер мәртебесін алу мүмкіндігі беріліп, әлеуметтік қолдау тетіктері кеңейтілді. Бүгінде біз ай сайынғы жәрдемақыға, медициналық көмекке, шипажайда емделуге және басқа да жеңілдіктер алуға мүмкіндікке ие болдық. Дегенмен, барлық қатысушылар бірдей деңгейде қолдауға ие емес. Кейбір ардагерлердің мәртебесі толық рәсімделмеген, бұл олардың әлеуметтік көмек алуына кедергі келтіреді. Сондықтан бұл мәселе әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Таулы Қарабақ қақтығысына қатысқан ардагерлерге көрсетілетін көмек жүйесі кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді, – деді Дидар Кадиров.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

