Таулы Қарабақ аймағындағы әскери қызметтің күрделі кезеңін бастан өткерген ардагердің бірі– Манарбек Шахметов. Ол 1989 жылы Кеңес әскері қатарына шақырылып, сол уақыттағы шиеленіскен жағдайдың куәсі болған.
Манарбек Тыныштықұлы 1989 жылы Қандыағаш қаласындағы әскери комиссариаттан әскерге аттанады. Оларға Бакуге баратыны туралы айтылғанымен, нақты соғыс жағдайына тап болатыны жөнінде алдын ала ескертілмеген.
— Таулы Қарабақ Кавказ тауларының оңтүстік бөлігінде орналасқан. Бұл өңір өзінің биік тауларымен, ну ормандарымен және таза ауасымен танымал. Аймақтың негізгі ерекшелігі керемет таулары. Мұнда жоталар мен шатқалдар бір-бірімен жалғасып, табиғатқа ерекше көрініс береді. Көптеген жерлерде биік жартастар мен тік құздар кездеседі. Содан болар, бұрын-соңды мұндай табиғатты көрмеген біз үшін Таулы Қарабақтың табиғаты ерекше әсер қалдырды. Бастапқыда ертегі әлеміндей көрінді. Ал қақтығыс басталғаннан кейін, қайда келгенімізді түсініп, есімізді жинадық, – деді Манарбек Шахметов.
Ол сол жылдың маусым айында Әзербайжан жеріне жетіп, екі ел арасындағы жағдайды бақылауға атсалысады. Алайда сол жылдың 3 желтоқсанында жағдай күрт шиеленісіп, халық жаппай көтеріліске шығады. Манарбек Аракс өзені маңындағы Журфа қаласында болған. Қаңтар айында ғана толқулар әскери күшпен басылып, жағдай бақылауға алына бастаған. Дегенмен, тұрақсыздық салдарынан ұрлыққарлық көбейіп, әскери техникаларға шабуыл жиілеген.
—Бір күні армян әскерлері біздің әскери бөлімшеге қарасты БТР-ды ұрлап кетті. Үш күн іздеп таба алмадық. Кейін белгілі болғандай, олар техниканың артына үлкен ағаш байлап, ізін жасырып отырған екен. Бітімгерлікке барған әскери қызметкерлерге тікелей оқ атылмайды. Алайда қауіпті болды. Қаңғыған оқтың құрбаны болуың әбден мүмкін еді. Қарумен қорқыту жағдайлары көп орын алып тұратын, – деді ол.
Бүгінде Манарбек Тыныштықұлы сол бір қиын кезеңдерді еске ала отырып, бейбіт өмірдің қадірін ерекше бағалау керектігін айтты. Оның пікірінше, өткеннің сабағы – келер ұрпақ үшін маңызды.
—Бүгінде әскерге барудан қашатын жастар аз емес. Әрбір әке балаларын Отанын қорғауға, елін сүюге, жерін сақтауға тәрбиелеуі қажет. Отанды қорғау – өзіңнің азаматтық борышың екенін кез келген ер бала біліп жүруі тиіс. Елімізде соғыс болмасын, тыныштық болсын деп тілейміз. Дегенмен, алаңсыз отыруға болмайды. Таулы Қарабақ қақтығысына қатысқан қазақстандық сарбаздардың тағдыры – тарихтың елеусіз қалған беттерінің бірі. Олар бейбіт өмірдің қадірін терең түсініп, жас ұрпаққа соның маңызын жеткізуді мақсат етеді, – деді ардагер.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

