«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ТҰТҚЫНДА БОЛҒАН ТҰРЛАН ҚЫДЫРБАЕВ

1991 жылдың ақпан айы. Бар-жоғы 18 жастағы Тұрлан Қыдырбаев әскери борышын өтеу үшін Германияға аттанады. Арада екі ай өткен соң, оны күтпеген жерден басқа бағытқа – шиеленіс өршіп тұрған Таулы Қарабақ аймағына жібереді. Ол кезде жас сарбаздар бұйрықтың мәнін сұрамайтын, тек орындау керек еді.

Алғашында Тұрлан Оспанұлы шекарадағы Арцвашен нүктесінде қызмет етеді. Уақыт өте келе бөлім командирінің көлік жүргізушісі болып тағайындалды. Бұл міндет оған үлкен жауапкершілік жүктеді. Қай жерде қауіп туындаса, сол жерге командирді жеткізу– оның негізгі жұмысы болды.

Таулы Қарабақтағы жағдай өте күрделі еді. Екі тарап – армян және әзербайжан күштері– жиі қақтығысқа түсіп отырды. Кеңес әскерінің құрамында болған біздер екі арада қалып, бітімгершілік қызмет атқардық. Бірақ бұл қызметтің өзі қауіп-қатерге толы болатын. Әскери базаға шабуылдар жасалып, күзетшілер өлтіріліп, жанар-жағармай ұрланатын жағдайлар жиі кездесетін еді. Бір күні командирімді күтіп отырған едім. Көзім ілініп кетіпті. Сол сәтті пайдаланған армянның қарулы тобы мені көлігіммен бірге тұтқынға алды. Қолымды қайырып, белгісіз бағытқа алып бара жатқанда, ең алдымен анамды ойладым. «Өмірім осы жерде аяқталатын шығар» деген қорқынышты ой санамды жаулап алды, – деген Тұрлан Қыдырбаев тұтқынға түскен сәтін есіне алды.

Екі күннен кейін оның командирі армян әскерилерімен келіссөз жүргізіп, Тұрланды босатып алады. Бұл келіссөздер тоғыз сағатқа созылған. Оны айырбастау үшін әскери техника сұралғанымен, жоғары басшылық бұл талапты орындамайды. Соның салдарынан көп ұзамай Тұрлан Оспанұлы қызмет еткен шекара бекетіне шабуыл жасалды. Бар-жоғы 70 сарбазды армяндардың 400-ден астам әскерилері қоршауға алып, әскери техникаларын тартып алады.

Біз тұтқыннан босағаннан кейін ТМД елдеріне хабар тарататын ОРТ телеарнасынан журналистер келді. Сол кезде танымал журналист С.Доренко командирден сұхбат алды. Мен де сол сәтте камераға түсіп қалған екенмін. Кейін бұл материал Қазақстанда да көрсетіліпті. Ащысай ауылында тұратын көршім оны көріп, дереу анама жүгіріп келіп: «Сіздің балаңыз тұтқынға түскен, оны теледидардан көрсетті», – деп хабарлайды. Мұны естіген анам қатты шошып, мемлекетіміздің басшылығына мені елге қайтару туралы хат жазады, таныс-тамыр іздейді. Анамның өтініші қабылданып, мені қайтару жөнінде шешім шығады. Командирім маған келіп, «Сені қайтару туралы хат келді, егер қаласаң, қайтуыңа болады» деді. Бірақ мен намысқа тырысып, қайтудан бас тарттым. Әскери борышымды толық аяқтап келдім, – деді Тұрлан Оспанұлы.

Ол қақтығыс жағдайының ауырлығына қарамастан, адамгершілікке толы сәттердің де болғанын айтты. Әербайжан халқының бауырмалдық көрсетіп, барынша жылы қабақ танытқанын да айтып өтті. Армяндар тұратын шағын ауыл тұрғындарының да көңілін жібіткен оқиға болыпты.

Бірде армян әйелі маған күйеуі Ашоттың суретін көрсетіп, оның тірі не өлі екенін анықтап беруімді сұрады. Кейін әзербайжан базасына барған кезде сол тұтқынды тауып, оның аман екенін білдім. Бұл хабарды әйеліне жеткізгеннен кейін, ауыл халқының маған деген көзқарасы өзгерді. Сол сәттен бастап маған және менің қызмет ететін бөлімшеме құрметпен қарап, сенім білдіріп, қолындағысын бөліп беретін болды, – дейді ол.

Бұл оқиға тек қақтығыс емес, адамдар арасындағы үміт пен жанашырлықтың да алаңы екенін көрсетеді. Тұрлан екі жақтың шекарасынан еркін өтіп, келіссөздерге қатысып жүрген санаулы сарбаздардың бірі болды. 1994 жылы ол әскери қызметін абыроймен аяқтап, елге оралады. Бірақ соғыс салған жара ұзақ уақытқа дейін ұмытылмайды. Қауіп сезімі, көрген қиындықтар оның жадында мәңгі сақталып қалары сөзсіз.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

 

Ұқсас ақпараттар

Салық салу режимін таңдау бойынша өтпелі кезең аяқталды

admin_mugalzhar

МЕРЗІМДІ БАСЫЛЫМНЫҢ МАҢЫЗЫ ЗОР

admin_mugalzhar

Облыстың бас аллергологі: демікпемен ауыратын 4200-ден астам адам есепте тұр

admin_mugalzhar