Аудан орталығы Қандыағаш қаласында тағылымы терең, тарихи мәні ерекше шара өтті. Ауданның Құрметті азаматы, абыз ақсақал Өтеш Жалмағамбетовтың есіміне көше аты берілді.
Салтанатты жиында аудан әкімі Дархан Ермағанбетов сөз сөйлеп, ардагердің ерлігіне тоқталды.
– Бүгін – ел жадында сақталатын ерекше күн. Өтеш Төлегенұлының өмір жолына үңілсек, бала кезінен қиындықты еңсеріп, елге адал қызмет еткен тұлғаны көреміз. Оның есімі – ерлік пен еңбектің символы. Мұндай азаматтардың есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталуы тиіс, – деді ол.

Салтаннаты шараға ұлы Нағашыбай Жалмағамбетов те қатысып, өз ризашылығын білдірді.
– Бүгін біздің әулет үшін тарихи, қуанышты күн. Атамыздың еңбегін елеп, құрмет көрсеткен аудан басшылығына, осы іске атсалысқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін, – деді ол.
Сонымен қатар Мұғалжар ауданының Құрметті азаматы Жолмырза қажы Бекеев те сөз алып, ардагердің ел алдындағы еңбегіне тоқталып, жас ұрпақты осындай тұлғалардың өмірінен үлгі алуға шақырды. Тағылымы мол шарада ақ жаулықты аналар шашу шашып, көпшілік жаңа көше атауының ашылуына куә болды.

Еске сала кетейік, Өтеш Жалмағамбетов — тағдырдың талай сынынан өткен, ел үшін аянбай еңбек еткен ардагер. Ол тарихтың қасіретті беттеріне айналған кезеңдердің куәсі болды. «Қонжар» балалар үйіндегі ауыр жылдар, қаншама баланың тағдырына куә болған сәттер оның жүрегінде мәңгілік із қалдырды. Ұлы Отан соғысының отты жылдарын бастан өткеріп, бейбіт өмірде де ел игілігі жолында аянбай еңбек етті. Қаламыздағы «Алпамыс батыр» саябағының қалыптасуына да сүбелі үлес қосқан ел ағаларының бірі еді.

Өтеш Төлегенұлы 1924 жылы 24 сәуірде Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданының Бұлақты ауылында дүниеге келген. Балалық шағы ашаршылық жылдарымен тұспа-тұс келіп, ерте есейді. 1942 жылы майданға аттанып, 1943 жылғы Курск шайқасынан бастап, Жеңісті Германияның Дрезден қаласында қарсы алды. Елге 1947 жылы оралды.
Соғыстан кейінгі жылдары түрлі жауапты қызметтер атқарып, ел дамуына үлес қосты. Отбасында 6 бала тәрбиелеп өсірді. Еңбегі еленіп, «Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі ордені», «Қызыл жұлдыз», «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Тың игеру» медальдары және «Георгий Жуков» орденімен марапатталған. Тәуелсіздік жылдары да жоғары марапаттарға ие болды. 2015 жылы «Құрмет» орденімен наградталып, 2018 жылы Мұғалжар ауданының «Құрметті азаматы» атанды.

