АСТАНА. KAZINFORM — Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекеттерге қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болды. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
— Көптеген беделді ғалымның пікірінше, қазір Алтын Орданың ақша жүйесінде мән-маңызы айрықша жаңалықтар ашылып жатыр. Археологтар осы кезге дейін беймәлім болып келген ондаған тиын сарайын тапты. Мамандардың айтуынша, нағыз өрлеу кезеңінде Алтын Ордада шамамен 28 млн күміс тиын соғылған. Қазіргі таңда мемлекеттік және жеке қорларда сол дәуірге тиесілі тиындардың жалпы саны 1 млн-ға жетеді. Қазақстанның ұлттық валютасы — теңге атауы ұлыстың «данг» сөзінен тамыр тартады. Деньги сөзінің түбірі де осы ұғымнан таралған болуы мүмкін. Бұған жай ғана лингвистикалық сәйкестік ретінде қарауға болмайды. Бұл кең байтақ аймағымызда пайда болған ақша жүйесінің Алтын Орда заманында жасалғанын көрсететін нақты дәлел. Алтын Орда Ұлы жібек жолының солтүстік тармағын түгел бақылауда ұстап, даланы қауіпсіз тасымал дәлізі ретінде дамытты, — деді Президент.
Жошы ұлысының аумағы арқылы мыңдаған тонна тауар жөнелтіліп жатты.
— Атап айтқанда, Қытайдан жібек, Үндістаннан дәмдеуіштер, Ресей жерінен тері өнімдері, Еуропадан, Таяу және Орта Шығыс елдерінен қолөнер бұйымдары тасымалданды. Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекетке қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болды. Бұл ұстаным қалалардың тұрпатынан да анық байқалды. Себебі ұлыс гүлденіп тұрған заманда қалаларды биік қамалмен қоршап, тұйықтау болған жоқ. Әр қала қарқынды сауда орталығы ретінде адамдардың еркін қозғалысына бейімделіп дамыды. Бұл тәжірибе дала мен қала арасында қақтығыстар толастамады деген аңыз-әңгімелерді түбегейлі жоққа шығарады. Керісінше, осы байланыстар орта ғасырдағы ең оңтайлы мемлекеттілік үлгісінің негізін қалады, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Симпозиум барысында Президент Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болғанын айтты.

