«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Тоқаев: Ескіліктің шырмауында қалу — надандық пен қараңғылыққа апаратын жол

АСТАНА. KAZINFORM — Тарихты зерттеу дегеніміз өткенмен өмір сүру немесе көнені көксеу емес. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты. 

Біз әлемдегі маңызды геосаяси және өркениет орталығы ретінде өз тарихи миссиямызды қайта жаңғырта бастадық. Бұл үдеріске халықтарымыздың, соның ішінде өскелең ұрпақтың теңдессіз рухы мен күш-қуаты шешуші рөл атқарады. Соның арқасында қазір біз алдымызға биік мақсаттар қойып, маңызды міндеттерді орындап келеміз. Сондықтан ата-бабадан қалған мол мұраны қазіргі заманның құндылықтарымен және озық технологиямен ұштастыру маңызды. Тарихты зерттеу дегеніміз өткенмен өмір сүру немесе көнені көксеу емес. Ескіліктің шырмауында қалу — надандық пен қараңғылыққа апаратын жол. Түптамырымызды толыққанды танып-білу арқылы ұлт дамуының көкжиегін кеңейте түсу қажет. Біз осы қағиданы терең түсіне отырып, жаңа Ата заңда мәдени мұраларымызды сақтауға, білім мен ғылымды, инновацияны дамытуға айрықша басымдық бердік. Бұл маңызды жұмысты бастап та кеттік, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев апта бұрын жасанды интеллектіні орта білім беру жүйесіне енгізу туралы арнайы Жарлыққа қол қойғанын еске салды.

— Баршаңызға белгілі, қазіргі заманауи технология өмірдің барлық саласына түбегейлі еніп, ауқымды өзгерістерге жол ашып жатыр. Бұл үрдіс адамзат болашағына тікелей ықпал етері анық. Бір сөзбен озық технология күн сайын аса жоғары қарқынмен дамып жатыр. Бұл — 21 ғасырдың ақиқаты. Біз мұны жақсы түсінеміз. Сондықтан заман талабына тез бейімделе алатын зерделі ұрпақ тәрбиелеуге баса мән беріп отырмыз. Бұл бағытта көптеген бастаманы қолға алып жатырмыз, — деді Мемлекет басшысы.

Президент Алтын Орда сол кезеңдегі көптеген мемлекеттерге қарағанда өз дамуында стратегиялық ашықтық қағидатына берік болғанына назар аудартты.

Ұқсас ақпараттар

РЕФЕРЕНДУМ КӨП МӘСЕЛЕНІҢ ТҮЙІНІН ТАРҚАТАДЫ

admin_mugalzhar

ТӨЛЕУБҰЛАҚ ҮҢГІРІ ПЕТРОГЛИФКЕ БАЙ

admin_mugalzhar

Ақтөбеде жұмысшы мамандықтардың жаңа картасы әзірленіп жатыр

admin_mugalzhar