«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ: 626 ТҮЛЕК ҮЛКЕН ӨМІРГЕ ҚАНАТ ҚАҚТЫ

25 мамыр — бұл күн мектеп бітіруші түлектер үшін ерекше әрі қимастыққа толы сәт. Дәл осы күні соңғы қоңырау сыңғыры естіліп, жүздеген оқушы алтын ұя мектебімен қоштасады. Балалық шақтың бал дәурені артта қалып, алда жаңа өмірдің жарқын белестері күтіп тұр.
Аудандық білім бөлімінің мәліметіне сүйенсек, биыл аудан бойынша 12 662 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 626 түлек мектеп қабырғасымен қоштасып, болашаққа қадам басты.
2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша6 1-сыныпты – 1210 оқушы, 4-сыныпты – 1326 оқушы, 9-сыныпты – 724 оқушы, ал 11-сыныпты 626 оқушы тәмамдады.
Биылғы оқу жылында үздік оқушылар қатары да аз емес. 9-сынып бітірушілердің арасынан 114 оқушы «Үздік куәлікке» үміткер атанса, 11-сынып түлектерінің 40-ы Үздік аттестаттан, 36-сы «Алтын белгіден» үмітті. Бұл – шәкірттердің талмай ізденуі мен білімге деген құштарлығының нәтижесі.
Қазіргі таңда ауданда 38 мектеп жұмыс істейді. Онда 1676 мұғалім еңбек етуде. Жалпы білім беретін мектептердегі педагогтердің 84,2 пайызы жоғары білімді мамандар санатына жатады. Ал мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 350 педогог, қосымша білім беру ұйымдарында 82 педагог қызмет атқарады.
Аудандық білім бөлімінің басшысы Бахраман Аманжол өткен оқу жылы білім саласы үшін толайым табыстар мен игі бастамаларға толы болғанын атап өтті.
-Оқушыларымыз білім, ғылым, өнер және спорт бағыттарында жоғары нәтиже көрсетіп, ауданымыздың абыройын республикалық деңгейде таныта білді. Бұл – шәкірттердің талпынысы, ұстаздардың тынымсыз еңбегі және ата-аналардың қолдауының жемісі. Соның жарқын дәлелі – республикалық жалпы пәндік олимпиаданың облыстық кезеңінде оқушыларымыз 5 алтын, 8 күміс, 12 қола жүлде алып, Мұғалжар ауданы жалпыкомандалық есепте Бас жүлдені иеленді. Бұл – жүйелі жұмыстың нақты нәтижесі, — деді бөлім басшысы.
Биыл ауданның білім саласында бірқатар маңызды жаңалықтар жүзеге асты. Қандыағаш қалалық №4 жалпы білім беретін орта мектебі облыс әкімінің қаулысы негізінде гимназия мәртебесіне ие болды. Сонымен қатар Темір стансасындағы №59 бастауыш мектебі негізгі орта мектеп деңгейіне көтерілді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қандыағаш қаласында №6 жаңа жалпы білім беретін мектеп пайдалануға берілді. Ал Жакғабұлақ ауылында 100 орындық «Балауса» балабақшасы ашылып, бүлдіршіндерге есігін айқара ашты.
Бұл – ауданның білім беру саласы жылдан-жылға дамып, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып келе жатқандығының айқын көрінісі.

Ұқсас ақпараттар

Мемлекет басшысы Давоста бірқатар кездесу өткізді

admin_mugalzhar

Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы 91%-ға жетті

admin_mugalzhar

Президент: АЭС-тің аяқталғанын күтпей жаңа энергия көздерін іске қосу керек

admin_mugalzhar