АСТАНА. KAZINFORM – Кипр президентімен келіссөздер табысты өтті деуге толық негіз бар. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ-қа мәлімдемесінде айтты.
Президенттің айтуынша, келіссөз барысында цифрлық технологияға және инновациялар саласындағы ықпалдастыққа ерекше назар аударылған.
– Кипр тарапы Қазақстанның елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты жобаларына қызығушылық танытып отыр. Біз бұл бьағыттағы тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге, келіссөздер барысында мәдени, гуманитарлық байланыстарды дамытуға айрықша көңіл бөлінгені айтылды. Атап айтқанда, тараптар ғалымдар мен ғылыми мекемелер арасында қарым-қатынасты күшейтуге, білім беру, спорт және туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға келіскен.
– Жалпы бүгінгі келіссөздер табысты өтті деуге толық негіз бар. Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың серпін беретін бірқатар маңызды құжатқа қол қойдық. Бұл келісімдер екі мемлекеттің қарым-қатынасын күшейте түседі деп сенеміз, – деді Қазақстан Президенті.

