«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЖОРЫҚ РУХЫН ЖАЛҒАҒАН АТБЕГІ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАНЫНА СІҢГЕН ҚАСИЕТТІҢ БІРІ– ЖЫЛҚЫҒА ДЕГЕН СҮЙІСПЕНШІЛІК. КЕҢ ДАЛАНЫ ЕРКІН КЕЗГЕН ҚАЗАҚ ҮШІН АТ ТЕК КӨЛІК ЕМЕС, СЕРІК, НАМЫС, РУХТЫҢ СИМ ВОЛЫ. БҮГІНДЕ СОЛ АТА КӘСІПТІ ЖАЛҒАП, ҚАЗАНАТТЫҢ ҚАДІРІН АРТТЫРЫП ЖҮРГЕН АЗАМАТТЫҢ БІРІ МҰҒАЛЖАРЛЫҚ АЙБЕК НАҚПАЕВ. ОНЫҢ БҮКІЛ ҒҰМЫРЫ АТПЕН ӨРІЛГЕН. БАЛАЛЫҚ ШАҒЫНАН БАСТАП БӘЙГЕНІҢ ДҮБІРІН ЕСТІП, АТТЫҢ ЖАЛЫН ДА ӨСКЕН ЖАН БҮГІНДЕ ЕЛГЕ БЕЛГІЛІ АТБЕГІГЕ АЙНАЛЫП ОТЫР.

ҚАНМЕН БЕРІЛГЕН ҚАСИЕТ

«Туғалы атпен біргемін», дейді ол. Расында да, Айбектің шаңырағында жылқы үзілмеген. Әкесі совхозда қойшы болып жүріп-ақ, жүйрік танитын қасиеті мен ерекшеленген. Қай жерде жақсы ат барын біліп, таңдап әкеліп, баптап, бәйгеге қосатын болған. Атасы Нақпайда біреуден тәуір жылқы көрсе, бірнеше қара малын айырбастап алатын атқұмар жан болыпты. Үлкен нағашысы да бәйгеге баптап жүйрік қоспағанымен, тазы жүгіртіп, аттың тәуірін таңдап мінген жан екен. Айбек Нақпаевтың алғашқы бәйгесі тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен тұспа-тұс келеді. Ауылдағы Наурыз мерекесінде өткен жарыста әкесі мінгізген қаракөк құнанмен шауып, жүлделі үшінші орынды иеленеді. Сол күннен бастап ат ұстап бастауға деген құмарлық жүрегіне орнығып, өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған.

Төрт түліктің төресі жылқыға деген құмарлық менің қаныма сіңген қасиет. Себебі өз жұртым да, нағашы жұртым да ат таңдауға келгенде үлкен жауапкершілікпен қарайтын болған. Көзімді ашқалы Отан алдындағы борышымды өтеп, әскер де болған шақтарымда ғана аттан азғана уақытқа қол үздім. Менің жалпы атпен байланысым – рухани үйлесіммен терең сенімге негізделген деп айта аламын. Жылқы да адам секілді. Аса күтімді қажет етеді. Адамға қалай қарасаң, атқа да солай қарау керек. Мен атты сыртқы пішініне ғана қарап таңдамаймын, оның ішкі жан дүниесін, мінезін және бабын жақсы сезінемін. Сол секілді жылқы да адамның көңіл-күйін, сенімсіздігі мен батылдығын бірден сезеді. Қазанат пен атбегі біртұтас жұпқа айналғанда ғана бәйге мен жорықта жоғары нәтижеге қол жеткізе алады, – деді ол.

Айбек ат баптаудың қыр-сырын әкесінің қасында жүріп үйренді. Атты қалай суыту, қалай жарату, қалай қайыру керек – бәрін көріп өсті. Кейін тәжірибелі атбегілерден тәлім алды. Байғанин ауданына атбегілігі мен танымал Хамит ақсақалдың «Сайғақ» атты жүйрігін жиырма жасына дейін бәйгеге қосқаны, талай аламанды бағындырғаны оған үлкен мектеп болды.

Облысқа, елімізге белгілі мықты-мықты деген атбегілермен үнемі байланыста болып, ақыл-кеңестерін тыңдап жүремін. Кеңес үкіметі заманын да бүкілодақтық деңгейде танылған, өңіріміздің мақтанышы болған атақты шабандоз әрі білікті атбегі Дәукім ағамның батасын алдым. Ол тек тұлпар мінген шабандоз емес, сонымен қатар жүйрікті баптайтын қасиетті өнерді терең меңгерген нағыз атбегі болатын. Мен бұл кісілерді өзімнің ұстаздарым деп есептеймін. Одан кейін көп нәрсе тәжірибемен келеді екен. Жалпы атбегілік тек теориядан тұрмайды, үздіксіз тәжірибе арқылы келетінін ұқтым, – деді Айбек Нақпаев.

ОЛ БАПТАҒАН ТҰЛПАР КӨП, «АҚБӨКЕНІ» БІР ТӨБЕ

Осы жылдар ішінде Айбектің баптаған талай аты елге танылды. Соның ішінде «Алпантұғыр», «Көкдауыл» секілді тұлпарлар талай жарыстың алдын бермеді. Ақтөбенің 140 жылдығына арналған аламанда «Көкдауыл» жүлделі екінші орынды иеленсе, Маңғыстаудағы Бекет ата асында жүлделі үшінші орын алып, қомақты қаржыға кенелген. Дегенмен оның жүрегіне ерекше жақын аты – «Ақбөкен». Бұл қазанатпен Айбек «Ұлы дала жорығының» талай кезеңін бағындырды. Астана мен Жезқазған арасындағы жарыста жеңімпаз атанса, халықаралық Көшпенділер ойынында да топ жарды. Ең қызығы – бұл қазанат 16 жасқа келген шағында да 500 шақырымдық халықаралық жорықта екінші орын алып, өзінің тектілігін дәлелдеген.

«Ақбөкен» мен үшін жай ат емес. Ол – серігім. Бұл атты Берді деген ағамнан сатып ал ған едім. Әкесі Алматыдан келген будан, шешесі өзіміздің қазақы ат болатын. Ол кезде «Ұлы дала жорығы» басталып жатқан. Осы жорықта жалпы қашықтығы 1200 шақырым болатын екі кезеңді қиналмай жүріп өтіп, төрт мәрте старт беріп, алдыңғы орында тұрды. Екі кезеңінде «Астана – Жезқа зған» арасында жүріп өтіп, же ңімпаз болды. «Астана – Түркіс тан» арасындағы жорықта екіліктің қатарында тұрды. Одан кейін халықаралық «Көш пенділер» ойынында үшінші орынға табан тіреді. Түрлі додаларды бағындырып жүрген «Ақбө кенім» 15 жасқа келіп, қартай ғасын, енді жорыққа қоспайты нымды айтып, еркіндікке жіберген едім. Бірақ өткен жылы үлкен жорыққа дайындық кезінде екі аттың аяғынан олқылық шығып, «Ақбөкенге» берген уәдем-ді бұзып, қайта жорыққа қостым. Бір ай көлемінде дайындап апарған едік. Жасы 16-ға келсе де, халықаралық 500 шақырымдық жорықта екінші орынды иеленді. Бұл атқа бір ақын керемет өлең де арнаған еді. Енді «Ақбөкеннің» шауып келе жатқан суретін салдырып, аталған өлеңді астына жаздырып, картина етіп төріме іліп қойсамба деп жүрмін, – деді атбегі.

Қазір ол бұл тұлпарды еркіндікке жіберген. Өрісте жайылып жүрген қазанаттың тағдыры атбегіні әлі де толғандырады. Себебі қартайды деп пышаққа салып, сойып тастауға да, далада қалдырып, ит-құсқа жем қылып беруге де қимайды. Ол енді уақыт еншісінде…

МАҚСАТЫМ ҚАЗАНАТТАРДЫҢ ҚАДІРІН АРТТЫРУ

Бүгінде Айбек Нақпаевтың негізгі бағыты – ұзақ қашықтыққа шабатын қазанаттарды баптау. Оның айтуынша, ағылшын тұқымды сәйгүліктер қысқа бәйгеде жүйрік болғанымен, ұзақ жорыққа төзімсіз келеді. Ал қазақы қазанаттар жүздеген шақырымды қиналмай еңсереді. Бұған дейін Ирландия, Франция, Польшадан келген ағылшын аттарын бәйгеге қосып көрген атбегі қазанаттың табиғи төзімділігіне ерекше тоқталды.

Қазанаттар 70-100 шақырымдық бәйгелерде қиналмай шабады. Ал жорық кезінде аттың жүрісін ауыстырып отыру маңызды. Шабатын жер де шауып, жорытатын тұста жорғалатып, тынысын ашып отырамыз. Жүйрік баптау үлкен жауапкершілік пен үздіксіз еңбекті талап етеді. Алғаш қолға тиген атты әуелі еттендіріп, қоңын көтеріп аламыз. Күзден бастап ұзақ қашық тыққа мініп, жер алдырып, шынықтырамыз. Аттың күтімі мен азығына да айрықша мән беріледі. Жоңышқа, сұлы, бөктіріл ген бидай береміз. Қыстай жақсылап толтырып алып, көктемде қар суымен көтерілген көк шөпке жіберемін. Сол көк шөптің өзінен қазанат барлық қажетті дәруменді алады. Жазда ыстыққа ұрындырмай, сұлымен, көк жоңышқамен баптаймыз. Қазір атқа арналған дәрумендер де көп. Оның бәрі жүйріктің бабына әсер етеді, – дейді атбегі.

Оның айтуынша, далада еркін жүрген ат тез шынығып, тұяғы қатаяды. Сондықтан қазанаттың табиғи ортада көбірек болуы маңызды. Айбек Нақпаевтың баптауындағы атақты тұлпарлардың бірі – «Ақбілек». Бұл ат Міржақып Дулатовтың асына арналған 70 шақырымдық аламанда топ жарып, бас бәйгеге тігілген көлікті жеңіп алған. Кейін топтық жорық тарға қатысып, иесіне миллиондаған қаржылай сыйлық әкелген. Бұл атбегі бұл атты Атыраудан сатып алғанын, оң жақ аяғының білегі ақ болған соң, «жолы ақ болсын» деген ырыммен «Ақбілек» деп атағанын айтты. Ат таңдауда да атбегінің өзіндік ұстанымы бар. Ең алдымен жылқының тегіне мән береді. Әкесі мен шешесінің тұқымын қарап, содан кейін ғана дене бітімін бағалайды.

Ұзаққа шабатын ат қабырғалы, қарынды келеді. Атбегілер ондайды «боқсақтары көп» деп жатады. Мойны қысқа, аяқ қолы жұмыр, шаңырақ сауыр болғаны жақсы. Басында артық қырым ет болмауы керек, дейді ол. Қазақтың «Жігітте де жігіт бар– азаматы бір бөлек, жылқыда да жылқы бар – қазанаты бір бөлек» деген сөзі Айбек Нақпаевтың еңбегі мен баптауындағы тұлпарлары арқылы тағы бір дәлелденіп тұрғандай.

ЖОРЫҚТАН ЖҮЛДЕСІЗ ҚАЙТПАҒАН

Айбек Нақпаев – «Ұлы дала жорығының» тұрақты қатысушысы. Командасымен бірге бұл додаға төрт жыл қатарынан қатысып, ешқашан жүлдесіз қайтп ған. 2023 жылы 16 миллион, 2024 жылы 11 миллион, кейінгі жорықта 18 миллион теңге көлемінде сыйақы иеленген.

«Ұлы дала жорығының» бас талғанына төрт жыл көлемін де уақыт болды. Бірақ біз жорықты одан бұрын бастап кеттік. 2020 жылы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай облыс көлемінде арнайы сапар ұйымдастырдық. Жорықтың бағыты Мұғалжар ауданынан басталып, Құдайбергеннің көк үйіне соғып, Темір ауданын кесіп өтіп, Байғанин жеріндегі Жем өзенін жағалай жүрдік. Сонымен бірге тарихи орындарды аралап, Сәнкібай батыр кесенесіне зиярат жасап, Жарқамыстағы Ақбұлаққа барып, Бәкір Тәжібаев жырына арқау болған мекендерге тоқтадық. Сол кез де қазанаттың ұзақ жолға шыдамдылығын халыққа көрсеткіміз келді. Қазақ даласына лайық аттың қасиетін таны туды мақсат еттік. Бұл біз үшін үлкен тәжірибе болды, – деді ол.

Осы жорықтан кейін көп ұзамай «Ұлы дала жорығы» өтетіні туралы хабар тарайды. Бұл бастама Айбек Нақпаевқа үлкен серпін берген. Ол серіктеріне жорыққа қатысу туралы ұсыныс тастап, қазақ даласында ұзақ жүріске шыдайтын аттардың азайып бара жатқанын, ал өзінің қазанаттарының жорықта жүлде алуға мүмкіндіктерінің барын айтады. Ойлана келе, жарысқа қатысуға шешім қабылдайды.

«Ұлы дала жорығының» атмосферасы ерекше. Бұны Қазақстандағы бәйгелердің ішінде деңгейі ең биік, дистанциясы ең ұзақ спорт түрі деп айтар едім. Жорық – жай жарыс емес, рухтың сыналатын алаңы. Онда шабандозға да, атқада үлкен жауапкершілік жүктеледі. Жорықтың қиындығы да аз емес. Қатысушылар мыңдаған шақырымды артқа тастайды. Әлемнің әр түкпірінен – қырғыз, татар, башқұрт, ирандық және африкалық шабандоздар келіп қатысады, – деді ол.

Атбегі жорық барысында шабандоздар мен аттарға барлық жағдайдың жасалатынын жеткізді. Ветеринарлар әр кезеңнен кейін аттардың жүрек қағысын, сусыздану деңгейін, тұяғының жағдайын тексеріп, тиянақты бақылау жүргізеді екен. Егер аттың жағдайы нашар болса, келесі кезеңге жіберілмейді. Бұл – жануар қауіпсіздігі үшін маңызды талап.

Біз жорық кезінде міндетті түрде ветеринарияға сүйенеміз. Ат ұзақ қашықтықты еңсеруі үшін ерекше күтім, қуатты дәрумен, дұрыс бап қажет. Кей күндері атты бабында ұстау үшін 10 литрге дейін система қойылады, – деді Айбек Нақпаев.

Біз атбегіден қазақ жерінде түрлі бәйгелердің ұйымдастырылғанын, бірақ дәл осындай халықаралық деңгейдегі жорықтың болмағанын айтып, жалпы «Ұлы дала жорығы» идеясының пайда болуы туралы сұрадық. Ол «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесінің идея авторы Бақытжан Тұрлыбеков екенін жеткізді.

«JORYQ» ат спорты федерациясының президенті Бақытжан Тұрлыбеков Ілияс Есенберлиннің «Қаһар» романын оқып отырып, Кенесары Қасымұлы әскерінің Торғайдан Созаққа қысқа мерзімде жеткені туралы оқиғаға назар аударады. Осыдан кейін тарихи бағытты ат пен жүріп өту идеясы туындаған. Сөйтіп, 2019 жылы үш салт атты Торғай даласынан Созаққа жолға шығып, межеге 11 күнде жеткен. Кейін бұл бастама кең қолдау тауып, 2022 жылы жоба ресми түрде жүзеге асқан. Жобаға Мәдениет және спорт министрлігі, Amanat партиясы және меценат Исламбек Салжанов қолдау көрсеткен, – деді Айбек Нақпаев.

Қазіргі таңда JORYQ федерациясының құрамында елдің әр өңірінен Қамқоршылар кеңесіне енген 20-дан астам мүше бар. Ал Айбек Нақпаев облыс бойынша бас бапкерлік қызмет атқарады. Команда құрамында шабандоздар, тағашы, аспаз және өзге де мамандар бар. Өз араларынан Жәнібек есімді азаматты облыс тағы президент етіп сайлаған. Атбегінің ендігі арманы – халықаралық жорықтарға қатысу. Алда Қостанай өңірінде өтетін «Ұлы дала жорығы» мен Қырғызстандағы Көшпенділер ойындары күтіп тұр. Сонымен қатар Кавказ жерінде ұйымдастырылатын «Теңізден теңізге» атты жорыққа қатысуды жоспарлап отыр.

Жорыққа дайындық үлкен қаражат пен қажырлы еңбекті талап етеді. Жылқының күтімі нен өзге, таға, ер-тұрман секілді жабдықтардың бәрін сатып аламыз. Бір аттың ай сайынғы күтімі қомақты қаржыға түседі. Бірақ жылқыдан ақша аяуға болмайды. Кейде бес-алты атқа кеткен шығынды бір ат бәйге мен жорықта екі еселеп қайтарады. Бүгінде қазанат тайларының бағасы 1 миллион теңгеден басталса, толық жарап, бабына келген аттардың құны 4 миллион теңгеге дейін жетеді. Жорыққа көбіне алты жастан асқан аттар қатысады. Ал 10 жастан асқан аттар төзімділігімен ерекшеленеді, — деді ол.

Айбек Нақпаев жастардың ат спортына қызығушылығы жоғары екенін айтады. Әсіресе ауыл балаларының жылқыға жақындығы ерекше. Болашақта Қандыағаш қаласында иппотерапия орталығын ашып, атпен серуендеу бағытындағы жобаларды жүзеге асырмақ ниеті бар.

Болашақта аудан аумағын да атты жорық ұйымдастырғым келеді. Ол үшін жуас аттар керек. Ең бастысы – қауіпсіздік. Келушілердің басында каскасы, жанында нұсқаушысы болуы қажет. Аттан құлаған жағдай да сүйретіліп кетпейтіндей барлық талап қарастырылуы тиіс, — дейді атбегі.

Түйін

Расымен де, Айбек Нақпаевтың өмір жолы – атқа адалдықтың, ұлттық рухқа қызмет етудің көрінісі. Оның баптаған қазанаттары қазақ даласының кеңдігін, көшпенді халықтың рухын танытып келеді. Ендеше аттың дүбірі үзілмесе, қазақтың рухы да өлмейтіні анық..

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

admin_mugalzhar

АУДАН ӘКІМІ ОБЛЫСТЫҢ БАС ИМАМЫН ҚАБЫЛДАДЫ

admin_mugalzhar

ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ ДАУЫС БЕРДІ

admin_mugalzhar