Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің «Бас штаб академиясы» факультетінің офицер-түлектері мен докторанттарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Іс-шараға Ұлттық қорғаныс университетінің басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы, өзге күштік құрылымдар басшылығының өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері және түлектердің туыстары қатысты.
Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Ұлттық қорғаныс университетінің елдің кадрлық әлеуетін нығайтудағы маңызды рөлін атап өтіп, мамандарды жоғары деңгейде даярлаған оқытушылар құрамына алғыс білдірді.
Әскери-стратегиялық ахуалдың қарқынды өзгеруі жағдайында мемлекетке терең білімді, стратегиялық ойлай алатын және ұлттық қауіпсіздік мүддесі жолында жедел әрі салмақты шешім қабылдауға қабілетті жоғары білікті әскери басшылар қажет. Сіздердің алған білімдеріңіз бен кәсіби дағдыларыңыз ең күрделі әрі жауапты міндеттерді абыроймен орындауға, Қарулы күштердің дамуына және елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға қызмет етеді деп сенемін, – деді ведомство басшысы.
Салтанатты жағдайда қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов «Бас штаб академиясы» факультетінің түлектері мен Ұлттық қорғаныс университетінің докторанттарына оқу орнын тәмамдағаны туралы дипломдарды табыс етті.
Түлектер атынан үздік диплом иегері, топ командирі полковник Ержан Ембергенов сөз сөйлеп, оқу орны ұжымына ризашылығын білдірді.
– Ұлттық қорғаныс университетінде оқу біз үшін кәсіби әрі тұлғалық дамудың маңызды кезеңіне айналды. Біз білім мен тәжірибе жинақтап, еліміздің үздік оқытушылары мен әскери мамандарынан тәлім алдық. Мемлекет сенімін ақтап, Отанымыздың игілігі жолында қызмет ету әрбіріміз үшін – үлкен мәртебе әрі жауапкершілік, – деді Ержан Ембергенов.
Түлектердің жақындары үшін де бұл күн қуанышқа толы болды. Нұрбаевтар отбасында ерлі-зайыптылардың екеуі де әскери қызметке өмірін арнаған. «Бас штаб академиясы» факультетінің магистрі подполковник Мерген Нұрбаев диплом алу бүкіл отбасы үшін маңызды оқиға болғанын атап өтті. Оның кәсіби жолында жұбайы – кіші сержант Жанар Нұрбаева әрдайым қолдау көрсетіп келеді.
Магистр полковник Асхат Ұлубаевтың анасы Нұрипа Назарымбетова да қуанышын бөлісті.
– Менің педагогикалық еңбек өтілім – 40 жыл. Балаларымның бойына әрдайым патриоттық сезімді сіңіріп, оларды Отан қорғауға дайын, елге адал азамат етіп тәрбиелеуге тырыстым. Бүгін отбасымыз үшін ерекше қуанышты күн. Ұлымның еліміздің жетекші әскери жоғары оқу орындарының бірі – Ұлттық қорғаныс университетін тәмамдап, магистр дәрежесін алғанын мақтан тұтамыз. Осы жылдарда оған қолдау көрсеттік. Бүгін міне, оның жетістігіне бірге куә болып отырғанымызға қуаныштымыз, – деді ол.
Іс-шара Орталық әскери оркестрдің сүйемелдеуімен және Құрмет қарауыл ротасы әскери қызметшілерінің қатысуымен өтті. Салтанатты рәсімнен кейін қонақтар Әскери-тарихи музейге экскурсия жасады.
Айта кетсек, ҚР Ұлттық қорғаныс университеті құрылғаннан бері жоғары буындағы әскери кадрларды даярлайтын маңызды білім ордасына айналды. Оқу орны Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға мыңдаған офицер даярлады. Мұнда шетелдік әскери қызметшілер де білім алады.

