Жұрын ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған самбо және дзюдо күрес үйірмесі ашылды. Бұл — жұрындықтар үшін үлкен қуаныш. Енді ауыл балалары спортпен тегін шұғылданып, шеберліктерін шыңдайтын болады.
Ауыл әкімі Асылбек Қоңратбаевтың айтуынша, үйірмені ашу мақсатында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Сәуле Хамизинамен және №2 Қандыағаш қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Нұрсұлтан Иманғазинмен келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде ауылдағы мәдениет үйінің жанындағы шағын зал балалардың жаттығу орнына айналды. Ал жас спортшыларға күрестің қыр-сырын үйрету үшін спорт мектебінің жаттықтырушы Жандос Қалабай барған.
-Жұрын ауылында балалардың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін спорт кешені жоқ. Ауыл мектебі жанындағы спортзалдың жағдайы сын көтермейді. Қазіргі таңда самбо және дзюдо үйірмелеріне 60-қа жуық бала қатысып жүр. Жас спортшыларға жаттығуды бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, Әлем чемпионы Жандос Қалабай жүргізуде. Жақында ғана ауыл балалары аудан орталығында өткен жарысқа қатысты. Алдағы уақытта жақсы нәтиже күтеміз. Күрес залына қажетті құрал-жабдықтар, соның ішінде күрес төсеніштері №2 Қандыағаш қалалық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен уақытша пайдалануға алынды, — деді ауыл әкімі Асылбек Жанғазыұлы.
Ауыл әкімі алдағы уақытта ауылдағы бос тұрған ғимараттардың бірін жөндеп, жылумен қамтамасыз ету арқылы балаларға арналған арнайы спорт залын ашу жоспарланып отырғанын тілге тиек етті. Бұл бастама демеушілердің қолдауымен жүзеге асырылмақ. Сонымен бірге ауыл кәсіпкерлері де жас спортшыларға күрес формалары мен қажетті төсеніштер демеушілік алып беруге ниет білдірген.

