ҚАЗІРГІ ҚОҒАМДА КҮЙЗЕЛІС ТЕК ЕРЕСЕКТЕР АРАСЫНДА ҒАНА ЕМЕС, ЖАСӨСПІРІМДЕР МЕН ЖАСТАР АРАСЫНДА ДА ЖИІ КЕЗДЕСЕТІН МӘСЕЛЕГЕ АЙНАЛДЫ. АҚПАРАТТЫҢ КӨПТІГІ, ЖҰМЫС ПЕН ОҚУДАҒЫ ЖҮКТЕМЕ, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫСЫМ ЖӘНЕ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАҒЫ ҚИЫНДЫҚТАР АДАМНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ САУЛЫҒЫНА КЕРІ ӘСЕРІН ТИГІЗЕДІ. СОНДЫҚТАН КҮЙЗЕЛІСТІҢ АЛДЫН АЛУ – БҮГІНГІ КҮННІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІНІҢ БІРІ.
Күйзеліс – адамның шамадан тыс психологиялық немесе эмоциялық жүктемеге беретін жауабы. Егер ол ұзақ уақытқа созылса, ұйқысыздыққа, ашуланшақтыққа, шаршауға, өзіне деген сенімнің төмендеуіне, тіпті түрлі аурулардың пайда болуына себеп болуы мүмкін. Күйзелістің негізгі себептері – жұмыс пен оқудағы шамадан тыс жүктеме, уақытты дұрыс жоспарлай алмау, отбасылық және әлеуметтік мәселелер, демалыстың жеткіліксіздігі, сондай-ақ эмоция мен сезімді іште сақтау. Күйзелістің алдын алу үшін, ең алдымен, адамның өзіне деген қамқорлығы маңызды. Күн тәртібін дұрыс ұйымдастырып, еңбек пен демалыс арасындағы тепе-теңдікті сақтау қажет. Жеткілікті ұйықтау, дұрыс тамақтану және күнделікті қозғалыс белсенділігі, соның ішінде серуендеу мен спортпен шұғылдану жүйке жүйесінің саулығына оң әсер етеді. Сонымен қатар ішкі сезімдерді жасырмай, сенімді адаммен бөлісе білу де маңызды. Отбасы мүшелерімен және достармен ашық әңгімелесу психологиялық жеңілдік береді. Қиындық туындаған жағдайда психолог маманның көмегіне жүгіну – әлсіздік емес, керісінше, өз денсаулығына жауапкершілікпен қараудың белгісі. Жағымды ойлау, сүйікті іспен айналысу, шығармашылыққа уақыт бөлу де күйзелісті жеңуге көмектеседі. Музыка тыңдау, кітап оқу, табиғат аясында серуендеу адамның ішкі тепе-теңдігін сақтауға ықпал етеді. Күйзелістің алдын алу – әр адамның өз қолында. Психологиялық саулықты сақтау арқылы өмір сапасын арттырып қана қоймай, қоғамның дамуына да үлес қосамыз. Өйткені денсаулық – ең үлкен байлық, ал жан тыныштығы – сол байлықтың негізі.
К.МАМБЕТОВА, Мұғалжар аудандық ауруханасының психологі

