ӨТКЕН ЖЫЛЫ ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: «СТУДЕНТТЕРДІҢ ШӘКІРТАҚЫСЫ ЕКІ ЕСЕ АРТАДЫ. СТУДЕНТТІК ЖАТАҚХАНАЛАРДА ОРЫН ТАПШЫЛЫҒЫ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ. ҚАЗАҚСТАНДЫҚ СТУДЕНТТЕР ӘЛЕМДІК ЦИФРЛЫҚ КІТАПХАНАЛАРҒА ТЕГІН ҚОЛ ЖЕТКІЗЕ АЛАДЫ» ДЕП, СТУДЕНТТЕРДІҢ ОҚУЫМЕН ӨМІР СҮРУ ЖАҒДАЙЫНА ТИІСТІ КӨҢІЛ БӨЛІНУІ ҚАЖЕТТІГІН АЙТЫП, НАҚТЫ ТАПСЫРМА БЕРГЕН ЕДІ. АТАЛҒАН ТАПСЫРМА БҮГІНДЕ АУДАН АУМАҒЫНДА ҚАЛАЙ ОРЫНДАЛУДА? ЕЛ БОЛАШАҒЫН ҚАЛЫПТАСТЫРУШЫ СТУДЕНТТЕРГЕ ҚАНДАЙ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛУДА? ОСЫ СҰРАҚТАР ТӨҢІРЕГІНДЕ БҮГІНГІ МАҚАЛАМЫЗДА ТАРҚАТАМЫЗ. СОНЫМЕН…
Ақтөбе облысында 49 мыңға тарта студент болса, оның 900-ге жуығы Мұғалжар ауданында оқиды. Бұл студенттер Қандыағаш және Ембі қалаларындағы 3 арнаулы колледжде, атап айтсақ, Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық, Мұғалжар гуманитарлытехникалықжәнеЕмбі қызмет көрсету саласы колледжінде мамандық игеруде.
СТУДЕНТТЕР БІЛІМДЕРІН ТӘЖІРИБЕДЕ ЖЕТІЛДІРЕДІ
Іргетасы 1946 жылы қаланған Қандыағаш өнеркәсіптік-экономикалық колледжінде бүгінгі таңда 8 мамандық бойынша 256 студент білім алуда. Оқу орнында 43 педагог қызмет атқарады. Колледж директоры Бек Байболов колледжде басқа елді мекендерден келіп оқитын білім алушыларға арналған 40 орындық жатақхана барын, 80 орындық асхананың қызмет көрсететінін жеткізді.
—Колледжде студенттер «Бақылау-өлшеу аспаптары және автоматикасы», «Электр газымен пісіруші», «Электронды есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету», «Теміржол жылжымалы құрамды пайдалану және техникалық қызмет көрсету», «Өндірістегі электромеханикалық жабдықтар», «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану», «Газ жүйесімен жабдықтарды монтаждау және пайдалану», «Наубайшы-шебер» мамандықтары бойынша дәріс алады. Білім алушылар «Ақтөбемұнаймашкомплект» ЖШСде, Қандыағаш вагон депосында, Қандыағаш локомотив сервисі орталығында, «Коммуналшы» мекемесінде, Қандыағаш сигнализация байланыс дистанциясында, Мұғалжар газ учаскесінде, Мұғалжар аудандық электр жүйесінде өндірістік тәжірибеден өтеді. Сонымен бірге Қандыағаш қаласындағы «Манас», «Айдана», «Сұлтан», «Алтын орман» сияқты мейрамханалармен де қызметтік серіктестер болып келісім-шартқа отырдық. Болашақ аспазшылар теория жүзінде оқыған білімдерін осы жерлерде тәжірибеден өтіп, жетілдіре алады, — деді Бек Аманұлы.
Бүгінде колледжде оқитын студенттердің барлығы дерлік тегін оқып, шәкіртақы алады. Оқу барысында сабаққа немқұрайлы қарап, нашар баға алғандардың шәкіртақысы алынып тасталады екен.
— Сабағын жақсы оқыған студенттерге берілетін шәкіртақы 50 пайызға көтерілді. Өткен оқу жылында білім алушылар шәкіртақыны 21787 теңге, ал қамқоршылыққа алынған білім алушылар 28323 теңге көлемінде алса, биылғы оқу жылында ай сайын студенттер 32681 теңге, оның ішінде қамқоршылыққа алынған білім алушылар 42485 теңге көлемінде шәкіртақы алып жүр. Барлық білім алушыларға ыстық тамақ үшін күніне 600 теңге, оның ішінде қамқоршылыққа алынған білім алушылар үшін 1500 теңге көлемінде қаражат аударылады. Сонымен қатар басқа елді мекеннен келген студенттерге ай сайын жолақы төлеу қарастырылған, — деді колледж директоры.
ЖАТАҚХАНА — НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕ
Ембі қаласында орналасқан Ембі қызмет көрсету саласы колледжі ауылшаруашылығы бағытындағы жұмысшы мамандықтарын даярлайды. Колледж директоры Жасұлан Оразханов биылғы оқу жылында 130 түлектің мемлекеттік тапсырыс негізінде оқуға қабылданғанын айтты.
— 2023-2024 оқу жылын 193 студентпен бастадық. Бүгінгі таңда колледжде 29 студент ауылшаруашылығы механикаландыру бөлімінде, 31 студент дәнекерлеу ісі бойынша, 35 студент тамақтандыруды ұйымдастыру бойынша, 35 студент есеп және аудит бөлімінде, 47 студент есептеу техникасы және ақпараттық желілер бөлімінде, 15 студент электро-жабдықтары бойынша білім алуда. Қыркүйек айынан бастап мемлекеттік стипендия тағайындау туралы ережені басшылыққа ала отырып, 178 студентке шәкіртақы тағайындалды. Соның ішінде 130 студент мемлекеттік тапсырыспен оқуға түскендер, — деді Жасұлан Оразханов.
Ембілік студенттердің шәкіртақысы экологиялық жағдайға байланысты қандыағаштық студенттерге қараған 20 пайызға жоғары. Бүгінде оларға төленетін шәкіртақы көлемі — 39217 теңге. Ал үлгерімі өте жақсы, үздік оқитындар 45100 теңге көлемінде шәкіртақы алады.
— Өткен оқу жылында Ембі қызмет көрсету саласы колледжінде білім алушылар саны 172 болды. Оның ішінде 16 студент 26144 теңге көлемінде шәкіртақымен қамтылды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл шәкіртақы көлемі 50 пайызға өсіп отыр. 20 студент колледжге сырттан келіп оқиды. Біз әр студентке жағдай жасау үшін бар мүмкіндіктер пайдаланудамыз. Дейтұрғанмен студенттерді жатақханамен қамту мәселесі барын жоққа шығара алмаймын. Біздің колледждің алдында тұрған ең үлкен мәселе осы жатақхана болып отыр. Бүгінде жатақхана салуға сұраныс жасап отырмыз, — деді ол.
ШӘКІРТАҚЫ 50 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ
Құрылғанына 10 жылдан асқан Мұғалжар гуманитарлытехникалық колледжінде бүгінгі таңда 442 студент оқиды. Аталған колледждің атқарушы директоры Иляш Ниязова шәкіртақы оқушылардың үлгеріміне қарай төленетінін жеткізді. Білім алушылар өткен жылы 22000 мен 24000 теңгенің аралығында, атаананың қамқорлығынсыз қалғандар 27232 теңге алып жүрген. Ал биыл үздік оқитындар 36135 теңге, жақсы оқитындар 31422 теңге, жетім бала ретінде тіркелгендер 40845 теңге алып отыр.
— Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында осы жылы «Спорт Лайф» спорт кешенімен меморандумға отырдық. Аталған меморандум аясында колледж студенттерінің барлығына осы спорт кешеніне бір жылға тегін абонемент берілді. Олар жыл бойы спорттық кешенге барып, тегін спортпен шұғылданады. Оқу орнында 11 үйірме жұмыс жасайды. Тегін қосымша сабақтар ұйымдастырылады. Сонымен бірге қосымша кәсіпкерлікке баулу сағаттары енгізіліп, кәсіпкерлікке баулу кабинеті жасақталды. Студенттердің өзін-өзі басқару кабинеті бар. Өздерінің арасынан Президент сайлады, министрліктері бар, жұмыс кабинеттері де бар. Шығармашылығын дамыту мақсатында драма үйірмесін құрдық. Ғылыми бағытта да жұмыс жасайды. Апта сайын би кештері, танымдық кездесудер, рухани кештер ұйымдастырылып тұрады. Медициналық кеңестер тегін көрсетіледі. Білім алушылардың түрлі жарыстарға баруына барынша жағдай жасалып отыр. Сабақ еркін, ашық форматта өтеді, — деді Иляш Еркінқызы.
Ол студенттердің арасында жатақханаға сұраныстың жоқ екенін айтты. Сұраныс болған жағдайда жатақхана үшін жалға алынған қосымша ғимараттың барын жеткізді.
— Біздің колледждегі студенттердің көпшілігі Қандыағаш қаласында тұратындар. Алға, Темір, Байғанин, Шалқар аудандарынан келіп оқитын студенттер бар. Бірақ олар ағайындарының үйлерінде жатып оқиды. Жан-жақтан келіп оқитындарға шәкіртақыларына қосылып 2 АЕК, яғни 3450 теңге көлемінде жолақы төленеді. Тағы бір айта кететін жағымды жаңалық, біздің колледжде «Мұғалжар ауданының Құрметті азаматы», білікті дәрігер Аманжол қажы Адаевтың атына шәкіртақы тағайындалды. Аталған стипендияға оқу барысында жетістікке жеткен, үлгерімі жақсы, ізденімпаз, жаңашыл жастар ие болады. Сонымен бірге балалар өздері қалаған жерлерге барып, саяхаттап, демалыстарын қызықты етіп өткізуге мүмкіндік алады, — деді Иляш Ниязова.
Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ