«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

ЕСЕП ТАЛҚЫЛАНДЫ. МАҚСАТ АЙҚЫНДАЛДЫ

Жылдағы үрдіс  бойынша аудан әкімі А. Шериязданов жаңа жыл басталғалы ауданға қарасты қала және ауылдық округтерді аралып, халық алдындағы есебін берген-ді. Ауылдардағы есептер туралы газетіміздің өткен сандарында толық жарияланды.   

Өткен аптаның соңында аудан басшысы облыс әкімі О. Оразалиннің қатысуымен тұрғындармен қорытынды кездесуін өткізіп, өткен жылды саралап, келер жылдың келелі жоспарларымен бөлісті.  

Кездесуге аудандық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» партиясының мүшелері, бөлім басшылары мен қызметкерлері, кәсіпорын директорлары мен жұмысшылары, білім беретін орталықтар мен денсаулық сақтау саласының мамандары және аудан тұрғындары қатысты. Аудан басшысының есебіне келген халықтың қарасы көп болып, жалпы саны 700-ден астам адам қатысып, 600-ге жуық тұрғын интернет желісі арқылы онлайн тамашалады.       

Жиын барысында алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Асқар Тұрарұлы аудан өңірінде атқарылған шараларды тізбектеп айтып, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына толыққанды тоқталды.  

Өткен доңыз жылы мұғалжарлықтар үшін табысты болды деп айтуға негіз бар. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жақсарып, көптеген мәселелердің шешімі табылған. Аудан әкімінің есебінде келтірілген сандарға көз жүгіртсек, салық түсімі ұлғайып, ауданның бюджеті өскен. 2019 жылы өнеркәсіп саласы бойынша көрсеткіш -116,9%,  инвестицияның салынуы-124,5%, ауылшаруашылығының дамуы-104,2%, құрылыс саласы-115,2%, сауда саттық саласы-109,6%-ды құрады. Сондай-ақ, 29,2 мың шаршы метр тұрғын үй пайдануға беріліп, 1105 жаңа жұмыс орыны ашылып, жалақының орташа көлемі 113,4 пайыз болды. 

Ауданның жалпы бюджеті көлемі 14,9 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде 2,6 млрд республикалық бюджет, 1,5 млрд облыстық бюджет, 9,960 млрд аудандық бюджет, 400 млрд ұлттық қордан алынған қаржы, салықтан түскен қаржының көлемі 235 млрд теңгені құрайды.   

Ауыл шаруашылығы саласындағы жетістік ауыз толтырып айтарлықтай. Аудан әкімі өз есебінде ауданның жалпы жер көлемі 2,8 млн га екенін, бүгінде оның 1,4 млн га жері ауылшаруашылығы саласында пайдаланылатынын атап айтты. Аудан бойынша шаруа қожалықтары 46300 ірі қара, 143791 қой-ешкі, 19744 жылқы, 290 бас түйе өсіріп, мемлекеттік түрлі бағдарламалар бойынша субсидиялар алып, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Оған дәлел Талдысай ауылындағы 3000 бас қой бордақылайтын алаңның бүгінде жұмысы жанданып, Қандыағаш қаласындағы мал сою орыны жаспарды тиісінше орындауында.

Білім саласы бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілген. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша мұғалім мәртебісін арттыру мақсатында біршама шаралар атқарылып, ұстаздардың жалақысын көбейтуге жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінген. Аудан бойынша 37 мектеп, 21 мемлекеттік балабақша бар. Соңғы жеке балабақшалардың ашылуы кезекте тұрған балалар санының азаюуына септігін тигізді. Мектептерді автобуспен қамтамыз ету үшін жүйелі жұмыстар атқарылып жатқандығы да белгілі болды. Сондай-ақ, биылғы жылы Қандыағаш қаласындағы «Самал» мөлтек ауданынан 600 орындық мектеп салу қолға алынып, алдағы бірнеше жылда Құмжарған, Темірмосты, Ембі қаласы, Алтынды, Талдысай және Ащысайда мектептердің салынуы жоспарланып отыр. Ауданда күрделі жөндеуді қажет ететін мектептердің де барын тілге тиек еткен аудан әкімі ағымдағы жылы Қандыағаш қалалық №4 ЖББОМ-і күрделі жөндеуден өтетінін жеткізді. 

Есепті кездесу барысында мұғалжарлықтардың әлеуеті жақсара түскенін және өңірде құрылыс қарқыны артып, көлік инфрақұрылымы перспективасының дамып келе жатқаны белгілі болды. Қандыағаш қаласында биылғы жылы С.Сейфуллин, Байкунов, Қодаров, А. Жұмағалиев, Газовиков көшелерін жөндеу «Самал» және «Болашақ» мөлтек аудандарының көшелеріне, Қандыағаш қалалық №3 мектеп-гимназиясының кіреберісіне тас жол төсеу жоспарланған. Сонымен қатар, Ембі қаласында үш, Ақкемер мен Жұрында екі көше жөнделеді. Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының құрылысы да биылғы жылы басталады. 

Денсаулық саласында да көптеген игі істердің атқарылғандығын атап айтқан аудан басшысы өткен жылы жаңа туылған сәбилердің шетінуі 19-дан 8-ге азайғанын, аудандық ауруханаға шала туған балаларға арналған өкпе жолын дамытатын аппараттар мен жансақтау үстелдердің сатып алынғандығымен байланыстырды. Сондай-ақ, аудан тұрғындары компьютерлік томографияға түсу үшін облыс орталығына бармай-ақ, осында диагностикалық тексерістен өте алады. Үстіміздегі жылы Қандыағаш және Ембі қалаларына жедел-жәрдем көліктері сатып алынып, Қандыағашта гемодиализ орталығы ашылады деп күтілуде.

Жиын барысында аудан тұрғындары өздерін мазалаған бірнеше сұрақтарын қойды. Қандыағаш қаласының тұрғыны Ж.Есенғұлов «Финский» мөлтек ауданындағы Мұнайшылар көшесінде кәріз жүйесінің жоқ екенін, қыста қардан шыға алмайтынын, көктем-күз айларында батпаққа бататындарын айтып, асфальт салып берулерін сұрады. Бұл көше тұрғындарының мәселелерінен хабардар екенін жеткізген аудан әкімі алдағы уақыттың жоспарына алынып, жүйелі жұмыстардың атқарылатынын айтты. 

Қайыңды ауылдық округіне қарасты Алтынды ауылынан мектеп салып беруді өтінген тұрғын бүгінде ауыл мектебінің жағдайы мәз еместігін, мектептің тар, ескі ғимаратта орнасқанын, спорттық алаңдар мен мәдени шара өткізуге арналған бөлмелердің жоқ екенін жеткізді. Мектеп мәселесінің назарда екенін айтқан аудан әкімі Алтынды ауылынан 60 орындық мектептің салынуы үшін қомақты қаржының қарастырылып жатқанын жеткізді.   

Батпақкөлге қарасты Қожасай ауылы тұрғындарының бірі ауылда жағдайдың жақсы екенін екенін айтып, өздерінің мұнай өңдейтін заводтың іргесінде отырып, көгілдір отынмен әлі күнге дейін қамтылмағандарына шағымданды. Бұл орайда аудан басшысы Қожасай ауылына газ биыл кіргізіледі деп уәде бере алмайтынын, себебі ауылға газ тарту үшін Жем өзенінің астынан газ құбырын қазып өткізу керектігін, сондай-ақ бұл жұмыстың қомақты қаржыны қажет ететінін айтып, алдағы уақытта бұл мәселенің шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Жалпы қорытынды есеп беру жиынында аудан әкімі тұрғындардың ой-пікірін соңына дейін тыңдап, түйткілді мәселенің түйінін тарқатуға тырысып, айтылған мәселелердің алдағы уақытта қаралып, жұмыс жоспарына енгізілетінін атап көрсетті. 

Есеп беру жиынында облыс әкімі О. Оразалин соңғы жылдардағы аймақтың даму үдерісін саралады. «Ең басты мақсатымыз — халықтың әл-ауқатын арттыру» деген облыс басшысы ауданға жасаған алдыңғы сапарындағы берген тапсырмаларының орындалу деңгейін сұрады. Аудан әкімі өз кезегінде бұл жұмыстардың бірқатарының орындалғанын жеткізіп, тапсырмада көрсетілген Мұғалжар ауылына көгілдір отын тарту үшін құжаттардың қайта дайындалып, қажетті қаржыны азайту жолдарын қарастырып жатқанын айтты. 

Халық алдындағы есепті кездесуде аудан тұрғындары жүргізілген жұмыстарға пікірлерін білдіріп, облыс, аудан басшыларына жылы лебіздерін жеткізді.

Р.S. Осылайша жыл он екі ай бойы жеткен жетістіктер мен шешімін табуды күткен мәселелер қорытынды есепте талқыланып, сараланды. Сәйкесінше жоспар құрылып, мақсат айқындалды, міндет те аз емес.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Анықтама:

109 камера орнатылды 

1842 адам жұмыспен қамтылды 

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар

2018 жылы 431 отбасы 

2019 жылы 1678 отбасы

1310 тұрғын үй кезегінде тұр

Кәсіпкерлік саласы

ШОБ субъектілер 

3169,  110% 

ШОБ жұмыс жасайтын адамдар

6229, 103,8%

«Атамекен» кәсіпкерлік палатасы арқылы «Бизнес бастау» бойынша 470 адам оқыған

181 адам кәсібін ашқан  

56 несие алған

98 грант ұтып алған

252 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқу оқыған 

213 жұмысқа орналасқан

Ұқсас ақпараттар

ЖАҢА СПОРТ КЕШЕНІ БАЛАЛАРҒА АРНАЛАДЫ

admin_mugalzhar

МҰҒАЛЖАРЛЫҚ ҚҰТҚАРУШЫ «АЙБЫН» ОРДЕНІМЕН МАРАПАТТАЛДЫ

admin_mugalzhar

ОКРУГ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.