Бүгін Батпақкөл ауылдық округінің орталығы Жағабұлақ ауылында 100 орындық жаңа балабақшаның ашылу салтанаты өтті.

Жағабұлақтықтар көптен күткен шараға облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев пен аудан басшысы Дархан Ермағанбетов арнайы қатысып, ауыл тұрғындары мен бүлдіршіндерінің қуанышына ортақтасты.

Жиын барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары ауылда жаңа бөбекжай-бақшасының ашылуы барша ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш екенін жеткізді.
-Бала — біздің болашағымыз. Олардың ертеңін жарқын ету, сапалы білім беруді ұйымдастыру — біздің мақсатымыз. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде Ақтөбе облысындағы білім саласында қарқынды жұмыстар атқарылуда. Жаңа білім ошақтары бой көтерді, — деген Асылбек Есенбаев Жаңажол орта мектебінің директоры Жұлдыз Құрантаеваға “ҚазақОйл” компаниясының демеушілікпен алып берген “Газель” автокөлігінің кілтін табыстады.
Одан кейін сөз алған аудан басшысы ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықтарымен құттықтады.

-Осы жылы ауданымызда жағымды жаңалықтар орын алды. Жақында ғана осы округке қарасты Қожасай ауылына газ берілді. Енді міне, 100 орындық балабақшаның ашуылу салтанаты өтіп, бәріміз қуанып тұрмыз. Бұл балабақшаның салынуына ауыл тұрғындары бірауыздан өз үлестерін қосып, ауызбіршілік танытты. Алдағы уақытта бөбекжай-бақшаның тәрбиеленушілерінің тек жетістігін көрейік. Қуаныштарыңыз тағы да құтты болсын, — деді Дархан Жанысханұлы.

Жағабұлақ ауылында орналасқан №3 “Балауса” балабақшасының бұрынғы ғимараты 2024 жылы орын алған тасқын кезінде бүлініп, жарамсыз болып қалған еді.
Сол кезде құрылған арнайы комиссияның шешімімен бөбекжай-бақшаға жаңа ғимарат салуға бюджеттен 715 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Құрылыс жұмыстарын “Санжар” ЖШС-і жүргізген. 100 орындық бөбекжай-бақшаның жалпы аумағы 1000 шаршы метрден асады. Әр топта 25 баланы қамтитын 4 топ бүлдіршіндерін қабылдауға қауқарлы жаңа ғимаратта медбике, психолог, робототехника, мамандықтар кабинеттері, асхана, кір жуу, төсек орын сақтау бөлмелері, музыкалық және спорт залдар қажетті құрал-жабдықтармен жадбықталған.

Бүлдіршіндерге есігін айқара ашқан бөбекжай-бақшаның ішкі қабырғалары балалардың жас ерекшеліктеріне қарай безендірілген. Сонымен бірге әр бұрышқа балалар шығармашылығына арналған мобильді кітапхана, ұлттық құндылықтардан тамыр тартатын шағын музей, ғаламшар әлемі, жасыл алаң, шахмат мен дойбы, мемлекеттік рәміздер, жол ережелер алаңы жасақталған.
Сондай-ақ бөбекжай-бақша ауласына төрт топтың балаларына арналған арнайы заманауи ойын алаңдары жасалған.
Балабақша меңгерушісі Жанат Бигелденова қазіргі уақытта балабақшада 50 тәрбиеленушінің барын және 29 қызметкердің жұмыс жасайтынын жеткізді.
-Бөбекжай-бақша 100 балаға шақталған. Алдағы уақытта тағы екі топ жасақтауды жоспарлап отырмыз. Ауылда балабақша кезегін күткен бүлдіршіндер бар. Ауыл мектебіндегі мектепалды даярлық тобына 20-ға жуық бала барады. Ауылдағы барлық баланы балабақшамен қамтимыз деп отырмыз, — деді бөбекжай-бақша меңгерушісі.
Ауылда балабақшаның бой көтеріп, немерелері мен шөберелерінің жаңа әрі әдемі бақшаға барып, жүйелі білім мен тәрбие алып жатқандарына дән риза болған ауыл үлкендері жиналғандарға баталарын беріп, алғыстарын жаудырды.
Толығырақ газетіміздің алдағы нөмірінен оқи аласыздар.
