«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Үкімет басшысы биыл Ақтөбе-Астрахань автожолы пайдалануға берілетінін айтты

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды «Мұғалжар» Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов және т.б. баяндама жасады.

2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында республикалық маңызы бар автожолдардың 100%-ын (21 мың шақырым жолды салу, реконструкциялау және жөндеу), облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың 95%-ын (27 мың шақырымын жөндеу) жақсы және қанағаттанарлық жағдайға келтіру жоспарланған. 112 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады, 550 мың тұрақты және уақытша жұмыс орны құрылады.

Премьер-Министр биыл жалпы ұзындығы 4 мың шақырым болатын республикалық автожолдарды салу және реконструкциялау жұмыстарына 200 мыңнан астам қазақстандық тартылатынын атап өтті. Талдықорған – Өскемен, Қарағанды – Балқаш – Қапшағай, Қалбатау – Майқапшағай, Мерке – Бурылбайтал, Үшарал – Достық, Ақтөбе – Астрахань, Ұзынағаш – Отар, Петропавл – Ресей шекарасы, Қостанай – Денисовка сияқты учаскелерде 2,6 мың шақырым жолда қозғалыс ашылады.

«Биыл пайдалануға берілетін республикалық маңыздағы жолдар көлемі өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4 есе артық. Жергілікті маңызы бар жолдар бойынша биыл 3,5 мың шақырым жол жөндеуден өткізіледі. Қазақстан тарихында бұрын-соңды мұндай ауқымда жұмыс жүргізілген жоқ, сондықтан біздің міндетіміз – оларды толығымен орындау. Барлық күшті жұмылдыру қажет», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне әкімдіктермен және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, осы жылы жоспарланған көлемнің уақытылы пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді, реконструкцияланған 5,7 мың шақырым учаскелерде (Қапшағай – Талдықорған, Қызылорда – Шымкент – Тараз, Нұр-Сұлтан – Павлодар және т. б.)  автомобиль жолдарында төлем жүйесін енгізу жұмысын аяқтауды тапсырды.

«Құрылыс маусымын мүмкіндігінше тиімді пайдалану қажет. Жекелеген елді мекендерде карантин режиміне байланысты енгізілген шектеулер жағдайында нысандарға жанар-жағармай, жол-құрылыс материалдары мен техникасын еш кедергісіз жеткізу үшін “жасыл дәліз” жұмысын қамтамасыз ету қажет», —  деп А. Мамин, отандық құрылыс индустриясының қолда бар мүмкіндіктерін барынша пайдалануды тапсырды.

Премьер-Министр еліміздің транзиттік әлеуетін барынша пайдаланудың және оның артуына барлық көлік түрлерінің (авто- және темір жол көлігімен контейнерлерді тасымалдау, әуе жүк тасымалдары), сондай-ақ барлық негізгі операторлардың — ҚТЖ, ҚазАвтоЖол, Қазаэронавигацияның ықпал етуінің маңыздылығын атап өтті.

«Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне транзиттік ағымды қолдау және ынталандыру үшін қажетті шараларды қолға алуды тапсырамын», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы биыл мемлекеттік бағдарламада қарастырылған Шымкент әуежайының жолаушылар терминалының және Түркістандағы халықаралық әуежайдың құрылысын аяқтауды, сондай-ақ Өскемен, Үшарал және Үржар әуежайларын реконструкциялау жұмысын бастауды тапсырды.

«Темір жол көлігі саласында вагон паркін жаңарту және магистралдық темір жол желісінің тозуын төмендету бойынша, сондай-ақ су көлігі саласында кеме қатынасы шлюздеріне күрделі жөндеу жүргізу бойынша жаңғырту жұмыстарын жалғастыру қажет», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы биыл «Нұрлы жол» аясында іске асыру жоспарланған барлық іс-шаралар белгіленген мерзімде аяқталуы тиіс екенін айтты.

Ұқсас ақпараттар

Қазақстан үкіметі 2021 жылы зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу ережелерін жариялады

admin_mugalzhar

АРДАГЕР ВЕЛОШАБАНДОЗ ҚАНДЫАҒАШҚА КЕЛДІ

admin_mugalzhar

Тоқаев жер туралы заңды шұғыл дайындауды тапсырды

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.