«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Біздегі салғырт кәсіп немесе немқұрайлы кәсіпкерлер

Мұғалжарлық кейбір кәсіпкерлер өз істерінің заман талабына сай жаңаруын жөн көрмейді. Әсіресе, кәсіп қылып отырғандардың көбі сауда нысандарының қас келбеттерін қалыпқа келтіруге құлықсыз. Ал бұл дамудың даңғыл жолында ауқымды істерді алқымдап, күн санап көркеюді басты мұрат еткен ауданның ажарына едәуір сын болып отыр.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, Мұғалжарда 2 874 кәсіпкерлік субъектісі бар. Оның ішінде 902 жеке кәсіпкер сауда саттықпен айналысады. Осы саланы ауыздықтағандардың кейбірінің нысандары қажетті талаптарға сай келмесе де, олар саудасын қалыпты жүргізіп отыр. Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Амангүл Үрістемованың айтуынша, сауда нысандарына қойылатын талап бәз баяғы — сауда нүктелерінің санитарлық нормаларға және ең бастысы, сәулеттік келбетіне сай келуі. Онымен қоса, аймағы таза әрі абаттандырылған болуы шарт. Мұндай кейіп ғимарат орналасқан мекенге өң кіргізбей қоймайды. Ал сауда нысандарының қас бетінен де қаланың кескін-келбеті қалыптасатыны айтпаса да белгілі.

Қандыағаш қаласы бойынша коммерциялық құрылымдар мен нысандар айналасын тиісті жағдайда күтіп ұстау, жақын аумақты санитарлық тазарту мен абаттандыру жұмыстарын жүргізіп отыруды қадағалау мақсатында мобильдік топ та құрылды. Топ мүшелерінің түп мақсаты жүгенсіз кеткен олқылықтарды жоюға негізделді. Себебі, салғырттықтың салдарынан күні бүгінге дейін нысандарын қалыпқа келтірмей, қаланың көркін кетіріп отқандар жетерлік. Атап айтсақ, Қандыағаш қаласындағы Жамбыл көшесінде «Ескендір» кафесі, «Әсемгүл» азық-түлік дүкені, «Шағатай» дүкені,  «Вираж» автобөлшектер дүкені, «Жансая» дүкені тағы да басқа сауда нысандарының айналасы талапқа сай емес. Айналасына арам шөптер қаулаған, нысандардың сыртында қоқыс жәшігі, алдарына жарықшамдары орнатылмаған. Тозығы жеткен нысандар сыртқы келбеттеріне жаңарту жұмыстарын едәуір қажет етіп-ақ тұр. Осы мәселеге қатысты нысандардың иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізген мобильдік топ жалпы 150-ге жуық нысандарды аралап, оның 102-сіне ескерту жасаған. Аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметі тарапынан кейбір кәсіпкерлерге санитарлық тазалықты сақтамағаны үшін айыппұл да салынды. Өкінішке орай, міз бақпай отырғандар әлі бар. Оған қоса, іштері де талапқа қайшы. Айталық, азық-түлік дүкендерінде санитарлық тазалыққа, сөредегі өнімдерді орналастырудағы өзіндік тәртіп пен реттілікке, тағамдар мен сусындардың арнайы температурада сақталынуын мұқият қадағалап отыруға ерекше мән артылады. Бірақ бұл талаптарды аудандағы азық-түлік дүкендердің бірі орындаса, екіншілері әлі де ескермей келеді.

Елдің кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында бизнесті тексеруге қатысты

Елбасы Н.Назарбаевтің  жоспарлы тексеру тәжірибесінің алып тасталатындығы және кәсіпкерлерге қойылатын талаптар санының 30%-дан артыққа қысқаратындығы жайындағы Жарлығы жарияланған сәттен бері көптеген құзіретті органдардың жеке кәсіпкерлерді тексеру құзіреттері шектеліп, осындай олқылықтарды орынына қоюға қолдары байланып отыр. Мәселен, аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы тек сатып алушылар тарапынан азық-түліктен улану немесе мерзімі өтіп кеткен өнімдерге қатысты мәселелері бойынша арыз-шағымдар түсіргенде ғана тексере алады. Онда да, оның жүйесінің жыры көп. Әлгі тұтынушыдан алған тауарларының түбіртегі сұралады, арыз-шағым бойынша прокуратураға хабарлайды, кейін барып азық-түлік дүкеннің иесіне тексеру жұмыстары жүргізілетіндігін ескертеді. Осындайдан соң кәсіпкерлер тарапынан жауапсыздық көбейіп кетті.

Аудан орталығы Қандыағаш қаласын екі-үш жылда адам танымастай қылып өзгертеміз деген межелі міндет қойып отырған Мұғалжар ауданының әкімі Ербол Данағұлов жақында ауданның кәсіпкерлерімен кездесу жиынында осы мәселеге ерекше мән артып, олардың салақтығы мен салғырттықтарын сынға алды. Тіпті кәсіп ашып пайда тауып отырғандарға сырты тозған кәсіпкерлік нысандарын бір ай уақыт ішінде қайта қалыпқа келтіруді ескертті. Кім қалай ұқты?  Кім қалай түсінді? Дегенмен бұдан оң нәтиже шығарады деп сеніп көрейік. Кейінгісін алдағы күннің еншісіне қалдырдық.

Алтын СҮЛЕЙМЕН

 

Ұқсас ақпараттар

ПОРЯДКА 2000 МУГАЛЖАРЦЕВ БЫЛИ ТРУДОУСТРОЕНЫ

admin_mugalzhar

Қ.ЖҰБАНОВ АТЫНДАҒЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ САЙЛАНДЫ

admin_mugalzhar

Қазақстанда жаңа салық кодексі енгізіледі

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.