«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының ІІ бағыты «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» аясында 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудағы мемлекеттік гранттар бастапқы бизнесті іске асырып жатқан немесе іске асыруды жоспарлайтын бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде беріледі.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен немесе Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқуды аяқтаған халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелуіне қарамастан жұмыссыз адамдар, кәсіпкерлер және жүгінген сәтте ҚР салық заңнамасына сәйкес бірыңғай жиынтық төлем төлеген адамдар мемлекеттік гранттар алуға үміткер болып табылады.
Бұл ретте үміткерлер қатарынан АӘК алатын, табысы аз және көпбалалы отбасы мүшелері, сондай-ақ, қандастар (оралман) мен қоныс аударушыларға «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өту немесе Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде оқу талап етілмейді.
Бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 200 АЕК-ті құрайды, яғни 555600 теңге.
«Алынған грант кәсіп бастау үшін қажетті құралдар мен технологиялық жабдықтар алуға жұмсалады. Биыл ауданымызда бұл бағдарлама маусым айынан бастау алмақ. Аудан бойынша әзірге 25 адамға грант бөлінді. Тағы қосымша бюджеттен 50 грант сұратудамыз. Себебі, былтырғыға қарағанда ұсыныс тапсырғандар саны көп», — дейді аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Салтанат Сұлтанова.
Оның айтуынша, «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарының уақыты әзірге белгісіз. Жоспар бойынша Атамекен кәсіпкерлік палатасында өтеді. Қазіргі жағдайға байланысты оқыту курстары онлайн өткізілуі де мүмкін.
А.МАНАСБАЕВА