Үстем Төлешұлы 1946 жылы Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Қарабұлақ ауылы , Қызыл әскер колхозында дүниеге келген. Байғанин ауданындағы Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепті 1963 жылы бітірген. Гурьев (қазіргі Атырау қ.) ауыл шаруашылық техникумында білім алғаннан кейін 1965-1967 жылдары Мәскеу қаласында әскери борышын өтеген. Еңбек жолын 1967 жылы Гурьев облысындағы жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушы қызметінен бастаған. 1970-1971 жылдары Байғанин ауданында спорт мектебінде жаттықтырушы, 1971-1972 жылдары спорт мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, 1972-1981 жылдары Байғанин ауданында спорт мектебінің директоры, 1981-1983 жылдары Байғанин аудандық «Қайрат» спорт қоғамдық бірлестігінің төрағасы қызметтерін атқарды. Үстем Төлешұлы жұмыс бабымен Қандыағаш қаласына қоныс аударып, 1983-1985 жылдары Қандыағаш қаласы спорт мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Сонымен қатар Мұғалжар аудандық әдістемелік кабинетінің дене тәрбие және алғашқы әскери дайындық пәнінің әдіскері, 1997-2003 жылдары Қандыағаш қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметін атқарған. 2003-2012 жылдары Басшилі ауылындағы Ы.Мұхамеджанов атындағы негізгі мектеп директоры қызметін атқарып, құрметті зейнеткерлік демалысқа шықты. Үстем Төлешұлының өмірі, болашақ буынға үлгі. Ол ауылдастарының арасында ғана емес, әріптестері мен шәкірттерінің арасында да сыйлы. Өзгелерді айтпағанда, спорт саласының басы-қасында жүрген азаматтардың өздері Үстем Төлешұлын көптеген додаларда дараланған белді балуан, талай дарынды жастың томағасын сыпырған білікті бапкер және парасатпайымы мол іскер басшы ретінде мойындады. Осыдан тура қырық жыл бұрын Үстем Төлешұлының жолы болып, жолдамамен Мәскеу Олимпиадасына барды. Еселі еңбек жолында Үстем Төлешұлы «Лениннің 100 жылдығы», «Еңбек ардагері» медалімен, Қаз ССР Ағарту ісінің құрмет грамотасымен, ҚР Білім Министрлігінің құрмет грамотасымен және бірқатар марапаттарға ие болды.
Ә.Иманбаева, Қандыағаш қаласының мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің әдіскері.