Негізін жапондықтар қалаған спорт түріне деген қызығушылығын спортшы қыз бала кезімен байланыстырады. «7 жасымнан бастап, дзюдо спортына қызыға бастадым. Бір жыл бойы осы спорт түрін бақылап, кейін ата-анама дзюдоист болғым келетінін айттым. Ата-анам да қарсы болмай, қайта қолдау білдірді. Сөйтіп 8 жасымда анам жетектеп, спорт әлеміне әкелді»,- дейді Гүлнұр. Гүлнұрдың жаттықтырушысы Қандыағаш мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің дзюдо бөлімінің жаттықтырушысы Гүлмира Сағи. Спортшы болу үшін адамға алдымен жүрек, батылдық және өз өзіне деген сенімділік қажет деп білетін жас жаттықтырушысының дегеніне ден қойып, ерінбей еңбектеніп, биік шыңдарды бағындыруға ұмтылып жүр. «Менің де әрбір спортшы сияқты үлгі тұтатын адамдарым бар, әрине. Мысалы, Қазақстан құрамасының мүшелігіндегі дзюдошылар Елдос Сметов пен Отгонцецэг Галюадрахты өзіме үлгі тұтамын» дейді жас спортшы. Татами шебері болуды мақсат еткен спортшының бүгінгі күнде қол жеткізіп үлгерген жетістіктері де қомақты. Бірқатарын атап айтсақ, дзюдо күресінен 2016 жылы Ақтөбе қаласында өткен облыс чемпионатында I орын, Қызылордада 2017 жылы өткен «Абзал және компаниясы ТС жүлдесі үшін» республикалық ашық турнирде III орын, осы жылы Ақтауда өткен Иса-Досанды еске алуға арналған турнирде I орын, 2018 жылы Ақтөбеде өткен облыс чемпионатында I орын, осы жылы Атырау қаласында өткен республикалық мектеп, колледж оқушылары арасында IX Жазғы спартакиадасында II орын, 2019 жылыАлматыдағы Б.Махмутовтың жүлдесіне арналған Азия ойындарының кубогінде III орын, биыл Қостанайда өткен жасөспірімдер және қыздар арасында ҚР чемпионатында III орынды иеленіп, жүлделі орындарды бағындырып жүр. Гүлнұр өзіден қойып, айналысып жүрген дзюдодан бөлек волейбол мен футбол тәрізді спорт түрлеріне де аса қызығушылық танытады екен. Спортпен дос жас бүгінде Алматы қаласындағы республикалық спорт колледжінде 11 сыныпқа көшті. Қазір Қандыағашта демалыста жүрген Гүлнұр «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы жұмыс жасап, қаламызды көркейтуге өз үлесін қосып жүр.
Ә.Өміртаев