Елімізде тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға баспаналы болуға мүмкіндік беретін «Шаңырақ» (5-10-20) бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Бұл бағдарламаға қатысуға ниет еткен азаматтар әкімшіліктегі өз кезегін тексеріп, тіркелген байланыс ақпараттарын (телефон нөмірін) жаңартуы тиіс. Мемлекеттік бағдарламаны «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» жүзеге асырады.
— Өтініштер www.hcsbk.kz сайтында қабылданады. Ол үшін «қол жетімді баспана» бөліміне кіріп, «Шаңырақ пилоттық жобасы» арқылы «Тексеру және өтінім беру» пернесін басыңыз. 16 қыркүйекке дейін 1986 жылдан 2010 жылға дейін кезекте тіркелген тұрғындар өтініш бере алады. Кезекте тұрған басқа азаматтарға өтініш беру мүмкіндігі кейінірек ұсынылатын болады, — дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» филиалының өкілі Мақсат Заитов.
Бағдарламаның шарттары жеңіл: несие жылдық 5 пайызбен беріледі, бастапқы жарна үй құнының 10 пайызына тең. Несие 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
— Пәтерді тек алғашқы нарықтағы жаңа үйлерден, сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынған жаңа үйлерден сатып алуға болады.
Ақтөбе қаласы бойынша құны 15 миллион теңгеге дейінгі үйлерді сатып алуға болады. Бағдарламаға қатысуға құжаттарды тапсыру үшін «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде» шоты болуы тиіс, — дейді М.Заитов.
Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ, «Ақтөбе» газеті.