«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

Шетелдегі қазақтардың саны 8 миллионға жуық: Отандастарымыз шет мемлекеттерге қалай кеткен?

Әлем бойынша 8 миллионға жуық қазақ шет мемлекеттердің тұрғыны болып табылады. Кейбір деректерге сүйенсек, қазақ диаспорасының ең көп бөлігі Өзбекстанда, Қытайда, Ресейде, АҚШ және Түркияда орналасқан. Республикамыздан бөлек, қазақтардың саны басқа қай мемлекетте көп? Бұл туралы Stan.kz материалынан оқи аласыздар. 

«Отандастар қоры» ұйымының  кейбір сараптамалық талдаулары бойынша алыс және жақын шетелдерде шамамен 7-8 млн этникалық қазақ тұратын көрінеді. Бұл тарихи отаны Қазақстанның өзінде тұратын 12 млн қазақтардың жартысынан астамын құрайды.

Қордың зерттеу жұмыстарының аясында белгілі болғандай, қазақтардың көп бөлігі Өзбекстанда тұрады: мұнда 3 миллионға жуық этникалық қазақ тіркелген. Екінші орында Қытай орналасса (2,5 миллионнан астам), Ресей этникалық қазақтардың саны бойынша үшінші орынға шыққан (1 миллионға жуық). 

Шет мемлекеттерде қазақ диаспорасының санын төмендегі инфографикадан көре аласыздар: 

Қор мәліметінше, шетелдегі қазақтардың басым бөлігі — тарихи тұрғыдан Ресей, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Түрікменстан, Қырғызстан сияқты Қазақстанмен шекаралас мемлекеттер аумағының ежелгі қоныстанушылары.

Айта кетейік, биылғы жартыжылдықтың өзінде Қазақстаннан 10 977 шетелге қоныс аударыпты. Олардың 9,5 мыңы — Ресейге, Өзбекстанға — 131-і, Беларуське — 101-і, Қырғызстанға — 33-і, Украинаға — 22-і, 16-сы Әзірбайжанға көшіп кеткен. 

2019 жылы осы мерзімде 20 071 адам Қазақстаннан көшіп кетіпті. Яғни, былтырмен салыстырғанда  мигранттардың саны 45,3%-ға төмендепті. Бұған, сірә, бүкіл әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы мен жабық шекаралар әсер еткен болуы керек. 

Шетелге көшкен қазақстандықтардың 3395-і жоғары (40,5%), 2828-і -орта кәсіби (33,7%), 1494 — жалпы орта (17,8%), 663 — негізгі орта білімді азаматтар (7,9%). 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның профессоры, тарих ғылымдарының докторы, Ауған соғысының ардагері Болат Сайланның сөзіне сүйенсек, тарихта қазақтардың көршілес мемлекеттерге қоныс аударуына әсер еткен жағдайлар көп. 

«ТМД ішінде қазақтардың көп бөлігі Өзбекстанда шоғырланған. Тарихқа көз жүгіртсек, XVI ғасырда Тәуекел хан Ташкент қаласын басып алып, өзінің астанасы еткен. Қазіргі өзбек жерінде орналасқан алып шаһар астана мәртебесін жүз жылдан астам уақыт бойы сақтаған. Сондай-ақ, XX ғасырда аштық кезінде де қазақтардың көп бөлігі оңтүстікке қарай ығысқан. КСРО кезінде де ҚазақКСР шекарасын бекіткен уақытта халықтың көп бөлігі осы Өзбекстан аумағында қалып қойды», — дейді ол. 

Сөзінше, қазақтардың көпшілігі Өзбекстан саясатынының нәтижесінде өзбек болып жазылып кеткен. Тарихшы қазақ диаспорасының Ресейдегі санының көп болуына да КСРО-ның ықпалы бар дейді. 

«Қазақ КСР құрылған кезде оның алғашқы астанасы Орынбор болды. Кейіннен Қызылордаға ауысып, Қазақ КСР-ның шекарасы бөлінді. Сонда қазіргі Саратов, Омбы, Астрахан, Орынбор сынды қалаларда көптеген қазақ қалып қойды. Ашаршылық жылдары солтүстіктегі қазақтар орыс жерінен пана іздеді. Тәуелсіздік жылдары Ресейге өтіп кеткен қазақтар да жоқ емес», — деді профессор. 

Ал Қытай жеріне қазақтар 1916 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілістен кейінгі қудалаудан құтылу үшін кеткен дейді тарихшы. 

«Ұлт-азаттық көтерілісті патша үкіметі аяусыз жаншып тастаған соң, Жетісудағы қазақтар Қытайға көше бастады. Ашаршылық уақытында да Қытайға қашқандар болды. Судың тұнығын, ең жақсы жайылым жерлерін мекендеген қазақтардың осылайша көрші елге өтуіне тура келді», — дейді Болат Сайлан. 

Тарихшы Қырғызстанда қазақтардың көп шоғырлануына тарихи жағдайлардан бөлек, екі ел арасындағы туыстық қарым-қатынас әсер еткенін айтады. 

«Қазақ халқы мен қырғыз ұлты жақын болғаны соншалық, бірінен-бірі қыз алып, қыз берісіп кеткен. Бұл мемлекетпен шекарамыз жақын орналасқандықтан Жамбыл облысының тұрғындары, Қырғызстанға барып жұмыс жасап, жастар оқу оқып та жүр», — деп қосты ол. 

Тарихшының айтуынша, Түркияға қазақ диаспорасы шет мемлекеттерден барған. 

«Түркияға қазақтар ХХ ғасырдың 50-жылдары Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиясынан, Алтайдан көшіп барған. 80-жылдары да қазақтар Иран мен Ауғанстаннан босқын ретінде осы Түркияға ығысқан. Қазақ диаспорасының Түркиядағы көпшілігі — осы екі мемлекеттен келгендер. Олардың көбі Еуропаға өтпекші болып, алайда Түркияда қалып қойғаны жасырын емес», — дейді тарихшы. 

Тарихшы АҚШ-қа қазақтар көбіне тәуелсіздік алғаннан кейін көшкен деген пікірде. 

«Кеңес дәуірінде тұрғындардың шетелге аяқ аттап басу мүмкіндігі болмады. Десек те Екінші Дүниежүзілік соғысы кезінде тұтқынға түскен қазақтардың кейбірі отанына оралмай, шетел асып кетті деп те ойлаймын. Мұхит асып, міне осы АҚШ-қа өтіп кеткен. Өткен ғасырда Америка жеріне қазақтар көбіне сырт мемлекеттерден барды. Ал 1991 жылы Тәуелсіздіктен кейін қазақтар АҚШ-қа оқу, жұмыс іздеп барып, қалып жатыр. XX ғасырда тікелей АҚШ-қа Қазақстаннан қоныс аударғандар болмады», — деп қорытындылады сөзін тарихшы. 

Дайындаған Дидар Халық, «Стан кз»

 шетелдегі қазақтар


Ұқсас ақпараттар

Қазақстандықтар қандай көлік маркаларын жиі сатып алады

admin_mugalzhar

Айнұр ЖАҢАБАЙ: ҚАШЫҚТАН ОҚУДЫҢ ӨЗ ҚИЫНДЫҒЫ БАР

admin_mugalzhar

Қазақстанда демалыс күндері ауа райы қандай болады?

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.