«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

«МҰҒАЛЖАРДЫҢ» МӘРТЕБЕЛІ МЕРЕКЕСІ

АҚПАРАТ АЙДЫНЫНДА ҒАСЫРҒА ЖУЫҚ ҚАНАТ ҚАҒЫП, АУДАННЫҢ ЖЫЛНАМАСЫН ЖАЗЫП, ТЫНЫС-ТІРШІЛІГІН ҮЗІЛІССІЗ ОҚЫРМАНҒА ЖЕТКІЗГЕН ГАЗЕТІМІЗ «МҰҒАЛЖАРҒА» БИЫЛ — 90 ЖЫЛ. ОСЫҒАН ОРАЙ, АУДАН ӘКІМДІГІНІҢ ҮЛКЕН МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ.

Шараға аудан әкімі Асқар Шериязданов, «Ақтөбе Медиа» ЖШС-нің директоры, Қазақстан Журналистер Одағының облыстық ұйымының төрағасы Раукен Отыншин, облыстық «Ақтөбе» газетінің бас редакторы Бауыржан Бабажанұлы мен облыстық «Актюбинский вестник» газетінің бас редакторы Айгүл Нұркеева, «Мұғалжар» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұргүл Қалиева және аудандық мекемелер мен бөлім басшылары қатысып, «Мұғалжар» газетінің ардагерлерін, әр жылдары газетте еңбек еткен журналистер мен газеттің бүгінгі ұжымын мерекелерімен құттықтады. Салтанатты шарада алғаш болып сөз алған аудан әкімі газеттің тарихына тоқталып, түрлі қиын кезеңдерде де газеттің еш тоқтаусыз жарыққа шығып тұрғанын, облыс аумағындағы аудан газеттерінің арасындағы шығармашылық және дизайнерлік жағынан алдыңғы қатардағы басылымдардың бірі екенін айтып, газеттің әр жылдардағы редакторлары Бақытжан Ниеталы мен Қуаныш Кенжеғалиевке және «Мұғалжар» газетінің ұжымына Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалиннің Құттықтау хатын тапсырды. Сонымен қатар, газет құрылтайшысы Нұргүл Қалиеваға, ардагерлер Ізгілік Тағанова мен Күнжамал Темірбаеваға Ақтөбе облыстық мәслихатының хатшысы С.Қалдығұлованың Құттықтау хатын, ардагер-баспагерлер Хамит-Қапиза Темірхановтарға, Нағашыбай Балмахановқа, Смағұл Құдабаевқа Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары М.Шермағамбеттің Құттықтау хатын берді. Баспасөз саласында ұзақ жыл қызмет атқарған ардагерлер Бойжеткен Ахметова, Мұқанбетулла Кемер, Клара Ниязбекова, Салиха Букеева, Ғазиза Егізбаева, Гүлсім Балғабаева, Әдина Сүлейменова, Құралбай Байсұлтанов, газеттің бүгінгі ұжымы Бану Жартина, Әсел Абданбаева, Нұрғаным Кесікқұл, Нұршат Қалиева, Самат Сапарғали, Айдана Құлнияз аудан әкімінің Құттықтау хатымен марапатталды. Мерекелік шараға арнайы қатысқан «Ақтөбе Медиа» ЖШСнің директоры Раукен Отыншин «Мұғалжар» газетінің 90 жылдық мерекесімен құттықтап, газет ұжымын Қазақстан Журналистер Одағының Құттықтау хатымен және арнайы сыйлығымен, ардагер Бақытжан Ниеталыны аталған одақтың Құрмет грамотасымен марапаттады.

— Бұл мерейтой редакция ұжымының ғана емес, тұтас аудан халқының ортақ мерекесі. Өйткені, «Мұғалжар» газеті өзіндік мектебі қалыптасқан іргелі басылым. Бұл басылымда республикаға белгілі Құдайберген Жұбанов, Жиенғали Тілепбергенов, Табыл Құлясов, Амантай Өтегенов, Әмір Оралбай секілді ақын-жазушылар қызмет жасаған. Газет бүгінде заман талабынан қалмай, ақпарат таратуда аудандардың арасында көш бастап келеді, — деді ол. Газеттің мерейін асырған салтанатты шарада сөз алған ардагер-редактор Бақытжан Ниеталы басылымда өзі қызмет атқарған жылдардағы қиындықтар мен қызықты сәттерді еске алып, құрмет көрсеткен аудан әкіміне алғысын білдіріп, жас журналистерге ақыл-кеңесін айтты. «Мұғалжар» ЖШС-нің құрылтайшысы Нұргүл Қалиева өз сөзінде аудандық басылымның мерейтойын атап өтуге қолдау көрсеткен Мұғалжар ауданы әкімдігіне шынайы алғысын білдіріп, газет ардагерлері және бүгінгі ұжымды мерейтоймен құттықтады.

Нұрғаным КЕСІКҚҰЛ

Ұқсас ақпараттар

«Еңбек» бағдарламасымен 280 мыңдай адам жұмысқа орналасты

admin_mugalzhar

Ж.Қалмағанбетов: «Балиғат жасқа толмаған қыз балаға орамал парыз емес»

admin_mugalzhar

Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 95-ке жетті

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.