«Мұғалжар» аудандық қоғамдық-саяси газеті

АРМАНЫН МАҚСАТҚА АЙНАЛДЫРҒАН ЖАС

БҮГІНДЕ КӘСІП ЖАСАП, ТҰРМЫСЫН ТҮЗЕТКІСІ КЕЛЕТІНДЕРГЕ МҮМКІНДІК КӨП. КӘСІПТІҢ КӨЗІН ТАУЫП, ТАБЫСЫН МОЛАЙТАМЫН ДЕУШІЛЕРГЕДЕ МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ЖАҒДАЙЛАР ЖАСАЛУДА. ОСЫНДАЙ МҮМКІНДІКТІ ПАЙДАЛАНҒАН ЖАННЫҢ БІРІ — ГҮЛНҰР РАШИДҚЫЗЫ.

Бүгінде «Akmamir_studio» деп аталатын фотостудиясы бар Гүлнұрдың көптен бергі ойы жүзеге асты. Оған бұл кәсіпті ашуға түрткі болған бала кезгі арманы болатын. Ол кішкене кезінен ақ параққа түрлі бейнелерді түсіріп, қызылды-жасылды бояуларды үйлестіре сурет салуды әдетіне айналдырған. — Қыз бала табиғатынан әдемілікке, ерекшелікке жақын келеді ғой. Бала кезімнен ойымдағы түрлі бейнелерді сурет етіп салып, әдемі дүние жасағанды жаным сүйеді. Жалпы, жай отырған күннің өзінде ойыма әр түрлі идеялар келеді. Ойлаған нәрсемді лезде жасауға тырысып, оның қалай шығатынына асығамын. Сан алуан дизайндар ойлап, түрлі сурет элементтерін құрастырып жүремін. Негізі біздің жұмысымыз шығармашылық өрлеуді талап ететін, ізденісті қажет ететін жұмыс қой, — дейді ол. Кішкентай арманын мақсатқа айналдырып, кәсібін дөңгелетіп отырған фотостудия иесі, заман көшінен қалмай, қала тұрғындары үшін жаңашыл жобаларды қолға алғысы келеді. Оның фотостудияны ашқандағы ең басты мақсаты — адамдарды шынайы монтажсыз суретке түсіріп, фотосессия жасау болатын. — Менің басты мақсатым әдемі, шынайы фотоаймақ жасап, ол суреттерге әр түрлі реңдер беріп, заманауи соңғы үлгіге сай өңдеуден өткізу. Дейтұрғанмен, бастапқы кезде қарқынды жұмыс жасауға мүмкіндік болмады. Сондықтан біз типографиялық үлгіде жұмыс жасадық. Ең алғашқы уақытта шақырту билеттерін шығарып, әр түрлі форматтағы қағаздармен жұмыс жасап, баннерге дизайн ойластырып жүрдік. Араға екі жыл салып өзім әртүрлі дизайн тауып, фотожинақтар жасап, бір қалыпты жұмысымызды бастадық. Әртүрлі мерекелерге және түрлі жиындарға фотосессиялар ұйымдастырамыз. Қазір жұмысымыз нәтиже беріп, өз жолы бар кәсіпке айналып келеді,- дейді фотостудия иесі. Бүгінде бала күтімімен үйде отырған жас ана өзі ашқан фотостудия ғимаратын кеңейтіп, жаңа форматта, заманауи талғамға сай жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Ішіне неше түрлі көріністер қойып, әдемі дүние шығатындай безендіру жұмысына өзгешелік енгізгісі келеді. Ол ғаламтор желілерінен соңғы трендтік дизайндарды қарап, керегін алып, салалық сауатты дамытуға арналған бизнеске байланысты кітаптар көп оқиды екен. — Білікті мамандармен ақылдаса отырып жұмыстану ойда бар. Қазіргі таңда карантиндік шектеулерге байланысты, жұмыс жүйелі жүрмей тұр. Соған қарамастан, біздің тұрақты тапсырыс берушілеріміздің және елді мекендерден келген тапсырыстар бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Соның ішінде альбомдар мен шақырту билеттеріне сұраныс жоғары», — дейді біздің бүгінгі кейіпкеріміз. Жас кәсіпкер өткен жылы желтоқсан айында жергілікті кәсіпкерлікті дамытуға қаржылық қолдау көрсету бойынша «Ақтөбе облысының кәсіпкерлік басқармасы» ММ-нің қолдауымен өткен байқауға БҰҰДБ жобасы бойынша қатысып, грант ұтып алған. Нәтижесінде, екі миллион көлемінде ұтысқа ие болды. Ол өзі секілді кәсіп жасаймын деген жастарға осындай мүмкіндіктердің берілгеніне ризашылығын білдіріп, еңбектенсе, биік белестерді бағындыратынын сеніммен айтты.

Әміржан ӨМІРТАЕВ.

Ұқсас ақпараттар

ӨТКЕН АПТАДА 82 ЖАҒДАЙ ТІРКЕЛДІ

admin_mugalzhar

Синоптиктер қашан күн салқындайтынын айтты

admin_mugalzhar

БЕКЗАТХАН — ЕЛ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ЖҮЛДЕГЕРІ АТАНДЫ

admin_mugalzhar

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.