«Хобби кәсіпке айналса, туындар қиындықтың көлемі де аз болады», — дейді кейіпкеріміз Ұлжан Бозшина. Экономика саласы маманының қолөнерден құрылған кәсіпті таңдауы да қызық көрінеді. Жаны қалаған істің қыр-сырын тереңірекмеңгеруді көптен бері ойлап жүрген жас кәсіпкер қолға алған ісінің бүгінде өз жемісін беріп жатқанына дән риза.
Қызылды-жасылды шарлар әлемі мен көздің жауын алар түрлі қолдан жасалған бұйымдар арасында бар назарын қолындағысына аударып, ынтамен іске кіріскен келіншек отыр. Жантәнімен жасап отырғаны көрініп тұр. Кездесу уақытын алдын-ала келіссек те, қызу жұмыстың үстіндегі жанды біразға дейін бөле алмай, кібіртіктеп қалдық. Алдындағы телефоны оянғанда барып, бізді бір байқады. Орнынан атып тұрып, кішкентай ғана жұмыс орнына шақырып әлек болып жатыр. Байқағанымыз, жайылып отырып, әңгіме айтатын уақыты жоқ. Есікке де, телефонға да, тіпті қолына да маза болар емес. Тапсырысты та қабылдап, жұмысын да жалғастырып, бізбен де сұхбаттасып үлгеріп жатыр. Кәсібінен береке тауып жүрген Сыр елі сұлуының шебер болуы қанына сіңген қасиет болса керек. Себебі, өз әкесінің де шебер кісі болғанын айтады Ұлжан.
— Әкем ағаш шебері, ұста кісі болған. Сол қасиетін үлгі тұтқандықтан болар, өзім де бұл өнерден ауылымды алыс тікпедім. Мектеп қабырғасынан қолөнерге, тігуге өте жақын, икемді болып өстім. Атаанамның талабымен жоғары оқу орнына экономика саласы бойынша оқуға түстім. Оқуымды бітіріп, кейін Қандыағаштың жігітіне тұрмысқа шықтым. Сол кезден бастап бұрынғы машықтанған, сүйікті ісіме қайта оралғым келді. Үйден тапсырыс қабылдай бастадым. Оның үстіне күнделікті тұтынушылар мен тапсырыс берушілердің қатары аз болмады. Былайша айтқанда, жұмысым жақсы жүріп жатты. Алайда, уақыт өте өз мамандығым бойынша мемлекеттік қызметке жұмысқа орналасуды жөн көрдім, — дейді ісмер келіншек. Үш жылдан астам уақыт Мұғалжар аудандық әкімдігінде қызмет жасап, тәжірибе жинақтап, білімін шыңдап, жетістіктерге де жеткен Ұлжан бұл жұмыспен қош айтысуға шешім қабылдап, әрі қарай жеке кәсіп ашып, өз еркімен дамуды құп көреді. Кешегі мемлекеттік қызметкер бүгінде түрлі мерекелік шаралардың көркін кіргізер әдемі бұйымдар жасаудың кәнігі маманы.
-Кәсіпке осыдан бір жыл бұрын, яғни 2019 жылдың аяғы келдім. Бұл істі бұрыннан жоспарлап, мақсат тұтып жүргем. Қазіргі таңда сәті түсіп, өзіме жақын, сүйікті ісіммен айналысудамын. Бір жағынан ұлттық дәстүрді дәріптейтін бұйымдарды жасау — мен үшін үлкен жетістік. Мәселен, шілдехана, бесік той, қырқынан шығару, тұсау кесуге арналған жұмыстарым мен тұрмысқа шыққалы жатқан қыздарға арналған түрлі мерекелік бұйымдарым жоғары сұранысқа ие. Жалпы, қазақ халқы ежелден қонақ күтуді дәстүрге айналдырған ғой. Көп аса жұмыстарым да осы той саласына қатысты. Құда түсуге кәде-сыйды әшекейлеу тәрізді ауқымды дүниелер өзімді қызықтырады әрі қуантады. Кәсіпке келгенде бәрі оңай бола салды деп айта алмаймын. Елімізде індетке байланысты төтенше жағдай енгізілгенде, жұмыс біраз бәсеңдеді. Дейтұрғанмен, бос уақытымның пайда болуы онлайн шеберлік сағаттарға қатысуға мүмкіндік берді. Сәті түссе, түрлі сабақтар мен біліктілікті арттыратын курстарға қатысуға тырысамын», — дейді кәсіпкер.
Болашаққа деген жоспарын да жүйелі жүргізгісі келетін Ұлжан Серікқызы алдағы уақытта көп жұмыстар атқаратынына сенімді. Үстіміздегі жылдың маусым айында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқып, кейін кәсіп саласында бизнес жоспар құрып, мемлекеттік бағдарлама негізінде қайтарымсыз 200 АЕК көлемінде грант иегері атанған. Ендігі кезекте оқудан алған білімі мен қаржылық қолдауды кәсібіне қатысты тың идеяларды іске асыруда пайдалануды көздеп отыр.
— «Бастау-Бизнес» — жастарға тигізер пайдасы мол жоба. Себебі бұл — өзін дамытқысы келетін, өзінің мүмкіншіліктерін көрсетем деген әрбір қазақстандықтарға жол ашатын бағыт. Осы ретте кәсіпке жаңа келген жас кәсіпкерлерге кеңес, бағыт-бағдар беріп жүрген аудандық Кәсіпкерлік палатасының бизнес-жаттықтырушысы Ілияш Еркінқызына, облыстық бизнес-жаттықтырушы Тасымбетова Ақтоты ханымға және аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Назеркеге Тегисоваға алғыс білдіргім келеді»,- дейді Ұлжан.
Бізбен сөйлесе отырып, шілдеханаға арнап сәбидің емізігі формасындағы қорап жасап, оның ішін конфетпен толтырып үлгерген ісмер әрбір шаңырақтағы қуанышқа осылай ортақтасып, куә болып жүр…
Айдана АЛТЫБАЕВА.