«Еңбек» бағдарламасы аудандағы жұмыссыз жүрген талай азаматтың өз бетінше кәсіп ашып, еңбек етуіне мол мүмкіндік берді. Биыл аталған бағдарлама арқылы 3767 мұғалжарлық жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Бұл туралы аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Төлеулі Махимовтың берген мәліметінен белгілі болды. Орталық басшысы бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіби даярлау курстарында 70 адам оқып, түрлі мамандықты меңгеріп шыққанын айтады. Оның ішінде көп балалы аналар, мүмкіндігі шектеулі және пробация есебінде тұратын азаматтар да бар. Ал екінші бағыты, жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша осы жылы 77 адамға 302 млн. теңге несие беру жоспарланған көрінеді.
— Бүгінгі таңда 68 адам 260 млн теңге, 6 адам 42 млн 500 мың теңге қайтарылған қаражат көлемінде несие алды. Жыл аяғына дейін жоспарланған меже орындалады деп күтіп отырмыз. Өз бизнес идеяларын іске асыру үшін 103 азаматқа 200 АЕК көлемінде, яғни 555 мың теңге грант беріліп, барлығы 56 млн. теңгеигерілді. Соныменқатар «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 87 адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, осы азаматтардың 72-сі грантқа ие болса, 2-і несие алды, — деді бөлім басшысы. Бағдарламаның үшінші бағыты халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуға негізделген. Бұл бағыт бағдарламаға қатысушыларды тұрақты жұмысқа орналастырумен қатар, әлеуметтік жұмыс орындарын құрып, Жастар практикасымен қоғамдық жұмыс орындарын ұйымдастырады. Осы бағыт бойынша бүгінгі таңда 2200 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Әлеуметтік жұмыс орындарына 384 адам, Жастар практикасына 326 адам, қоғамдық жұмыстарға 1288 адам тартылған. Сонымен қатар «Жұмыспен қамтудың жол картасы» шеңберінде аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан 41 әлеуметтік нысанға 432 адам уақытша жұмысқа орналасқан.
Н.ІЗТҰРҒАНҚЫЗЫ