«Ұлытау» аспапты этно-рок стиліндегі музыкалық тобы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өткен DJOOKY Music Awards халықаралық музыка байқауында жеңімпаз атанды.
Онлайн түрде өткен байқаудың мақсаты – әлем таланттарын анықтап, оларды насихаттау үшін желілік күшті пайдалана отырып музыка индустриясын демократияландыру.
Байқау он үш бағыт бойынша өткен, соның ішінде «Рок-метал» аталымы бойынша «Ұлытау» тобы бірінші орынды жеңіп алған. Оған қоса байқауға әлемнің 86 елінен мыңдаған өнерпаз қатысып, өз өнерлерін паш еткен.
Алматы қаласы өңірлік коммуникация алаңында өткен онлайн-брифингте «Ұлытау» тобының продюсері Қыдырәлі Болман байқауға қатысу барысы жайлы айтып берді.
Байқауға әлемдегі музыканың барлық түрі қатысты. Оның ішінде әні де, попсасы да бар. Біз соның ішінде 10 мың жоғары дауыспен бірінші орынды иелендік. Байқауда Махамбеттің «Жұмыр қылыш» күйімен жеңімпаз атандық. Біз домбыраның мүмкіндігін, ата-бабамыздың қуаты қандай деңгейде болғанын көрсеттік,-деді Болманов.
Топ продюсері сондай-ақ қазақ халқына қолдау көрсеткені үшін алғысын айтты.
Барлықтарыңызға көп рахмет! Әсіресе өнер жұлдыздары өздерінің бірлігін көрсетті. Сіздердің көмектеріңізсіз жеңісті алу қиын болар еді,-деді ол.
Топ мүшесі Серік Сансызбаев байқаудағы дауыс беру кезінде көп қобалжып, ұйықтаудан қалғанын айтады.
Байқау бірнеше кезең бойынша өтті және оған әр елден бір өнерпаз ғана қатысу керек болды. Алдымен құрлық аралық кезең болды, яғни Африка елдері өзара бақ сынады, сол сияқты Евразия да солай болды. Соңғы кезең жалпы халықаралық болды. Онда отыздай ел болды. Дауыс беру кезінде отандастарымыз үлкен қолдау көрсетті. Біз өтке үлкен дауыспен алға шыққан едік, алайда Чили елінің өнерпазы бізді қуып жетті. Сол кезде қатты қобалжыдық, бізде түн болғанда ол жақта кешкі уақыт еді, сондықтан бәрі белсенді түрде дауыс беріп жатты. Дегенмен шетелдегі достарымыз да дауыс беруге қосылып, біз он мың дауыс басымдықпен бірінші орынды иелендік,-дейді өнерпаз.
Байқау жеңімпаздары туындыны Сapital Studios музыкалық орталығында (АҚШ, ЛА) танымал американдық продюсер Брайан Малуфпен жазу құқығына ие болғанын атап өткен жөн.
Байқаудың қорытындысы аралас форматта шығарылды: 50% — көрермендердің дауыс беруі, 50% — американдық продюсер Брайан Малуфтың шешімі.
BAQ.KZ