Бұл туралы медицина ғылымдарының кандидаты, ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау министрлігінің ұлттық орталығы директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «COVID-19 қарсы вакцинация: сарапшылардың пікірлері және негізгі ұсыныстар» тақырыбында өткен онлайн брифинг кезінде айтты.
Өздеріңіз білетіндей, елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакцинация басталды. Бүгінгі күні 34 мыңнан астам медицина мамандары мен педагогтар және күштік құрылым қызметкерлері екпе салдырды. Ал, вакцинаның екінші компоненті 16 мыңнан астам адамға салынды. Қазір электронды жүйе арқылы мониторинг жүргізілуде, вакцина алғандардың жағдайын бақылап отырмыз. Осы ретте баса айтарымыз – әрбір адамға вакцина сол адамның келісімі, түсіндіру жұмыстары және медициналық тексерістен кейін салынады. Сонымен қатар, вакцина салатын, оны ұйымдастыратын қызметкерлердің барлығы да арнайы оқыту, үйренуден өтті. Арнайы егу бөлмелері толықтай қажетті құрылғылармен жабдықталған. Вакцинаның ерекшелігіне байланысты арнайы бөлмелер -18С-ты қажет ететін тоңазытқыш қондырғыларымен қамтамасыз етілген, — деді ол.
Оның айтуынша, бүгінде 600-ден астам екпе бөлмесі дайын. Оның 97%-дан астамы арнайы тоңазытқыштармен қамтамасыз етілген.
Жұмыс барысында біз вакцина алған адамдардың екпеден кейінгі мониторинг жұмысына көп көңіл бөлеміз. Вакцина алғаннан кейін егу бөлмесінің жанында арнайы бөлмелер дайындалған, онда адамдар 30 минуттай медицина қызметкерлерінің бақылауында болады. Сонымен қатар, азамат үйге жіберілгеннен кейін 3 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Осындай бақылаудың нәтижесінде 400-ден астам (415) адамнан вакцинациядан кейінгі реакция тіркелгенін байқадық. Мұның барлығы алдын ала күтілген жағдай. Оның ішінде 267-сі жалпы жағдай (дененің дел-салдылығы, дене қызуының көтерілуі). Адам ағзасының қалыпты реакциясы саналатын мұндай жағдайда арнайы ем-домның қажеті жоқ екенін ескертеміз, — деді Айнагүл Мұқанқызы.
BAQ.KZ