АУЫЛҒА ЖАСТАРДЫ ТҰРАҚТАНДЫРЫП, ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДІ ГҮЛДЕНДІРУГЕ БАҒЫТТАЛҒАН «ДИПЛОММЕН — АУЫЛҒА» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛЫП КЕЛЕ ЖАТ-ҚАНЫНА 10 ЖЫЛДАН АСТАМ УАҚЫТ БОЛДЫ. БҮГІНДЕ ҚОЛЫНДА ДИПЛОМЫ БАР ЖАС МАМАНДАР ҮШІН ҮЛКЕН МҮМКІНДІККЕ ЖОЛ АШҚАН БҰЛ БАҒДАРЛАМАҒА БӨЛІНЕТІН ҚАРАЖАТТЫҢ КӨЛІМІ ДЕ АРТЫП, САН САЛАЛЫ БАҒЫТТАРЫ ДА КӨБЕЙДІ.
Аталған бағдарлама осы жылдар аралығында мемлекетке де, жас мамандарға да тиімді болды. Осы уақытқа дейін, жоғары оқу орнын бітірген мамандар ауылдарға барып мемлекет есебінен біржолғы көтермеақы, көлемі аз пайызбен несие алып, сол қаржыға жергілікті жерден тұрғын үй сатып алды. Сондай-ақ, өз мамандықтары бойынша тұрақты жұмыс жасап, ауылды көркейтуге өз үлестерін қосып жүр.
2020 жылы аясы кеңейген «Дипломмен — ауылға» жобасына әлеуметтік қызметкерлерден бөлек мемлекеттік қызметкерлер де қосылды. Сонымен қатар әлеуметтік көмекке берілетін бір реттік көтерме жәрдемақының мөлшері 2020 жылы 277 800 теңге болса, 2021 жылы 291 700 теңгені құрады. Ал тұрғын үйді сатып алу немесе салу үшін 0,01% жылдық сыйақы мөлшерімен 15 жылға дейін 4 167 000 теңгеден 4 375 500 теңгеге дейін несие ала алады.
— Көтерме жәрдемақы мен үй сатып алуға берілетін несие алуға өтініш берген жас маман өз мамандығы бойынша кем дегенде үш жыл жұмыс істеуі керек. Сонымен қатар, жұмысқа тұрушы маман бағдарламаға қатысу үшін таңдалған елді мекенде жұмыс берушіні өзі табуға міндетті. Олар ауылдық мектептерге, ауруханаларға, мәдениет үйлеріне, спорт кешендеріне және т.б. жерлерге жұмысқа орналасуларына болады. Егер жұмыс орнын табу
мүмкіндігі болмаса, түлек аймақтардағы жауапты қызметкерлерге жүгіне алады, — дейді аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғайният Сүлейменұлы.
20 ЖАС МАМАН 277 800 ТЕҢГЕДЕН КӨТЕРМЕ ЖӘРДЕМАҚЫ АЛДЫ
Бүгінде ауданда осы бағдарлама аясында ауылға бет бұрып, жұмыс жасаушы жастардың қатары көбейіп келеді. Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі мамандарының берген мәліметінше, 2020 жылдың қорытындысы бойынша аталған бағдарламамен 20 маман тұрақты жұмысқа қабылданған.
Ал көтерме жәрдемақы алуға 2020 жылы жергілікті бюджеттен жалпы көлемі 5 382 000 теңге бөлінген. Бұл жәрдемақыны өз өтініштері негізінде 20 жас маман алған. Олардың 17-сі білім саласына, 1 жас маман денсаулық саласына, 2 жас маман ветеринария саласы бойынша жұмысқа орналасқан. Жыл басында бөлінген қаржы толықтай игерілген.
Ал тұрғын үй сатып алуға республикалық бюджеттен 2020 жылы аудан бойынша бюджеттік несиеге 32 478 000 теңге бөлінген. Жыл қорытындысы бойынша 9 маман тұрғын үй алу үшін несие алған. Олардың 6-уы білім, 1-уі денсаулық, 2-уі ветеринария саласында жұмыс жасайтын жас мамандар. Бүгінде бөлінген қаражат 100 пайызға игерілген. Ауылдық округтері бөлінісінде Ақкемер ауылдық округі бойынша — 5, Еңбек ауылдық округі -1, Қайыңды ауылдық округі -1, Жұрын ауылдық округі-1 және Талдысай ауылдық округінде 1 маман бюджеттік несие алған.
Ал 2021 жылғы жоспарға сәйкес, республикалық бюджеттен тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие 21 877 000 теңге көлемінде бөлінсе, көтерме жәрдемақы алуға аудандық бюджеттен 3 971 000 теңге қарастырылған. Осы бөлінген қаржы тұрғын үй сатып алуға ниетті несие алатын 5 жас маманға, көтерме жәрдемақы алатын 15 маманға берілетін болады.
ОНЛАЙН РЕЖИМІНДЕ ӨТІНІШ БЕРЕ АЛАДЫ
Аудандық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Ғайният Асқаров көтерме жәрдемақы мен бюджеттік несие алуға ниетті жас мамандар «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы онлайн режимінде өтініш бере алатынын айтты. Көтерме жәрдемақы алу үшін білімі туралы диплом мен еңбек кітапшасының көшірмесін тапсыру қажет болады. Тұрғын үй сатып алуға бюджеттік несие алу үшін сатып алынатын жылжымайтын мүлікті бағалау актісі, неке туралы куәліктің көшірмесі (бар болса), сол ауылдық елді мекенде маманның, оның жұбайының және балаларының иелігінде жылжымайтын мүліктің болмауы (болуы) туралы ақпарат қосымша ұсынылады. Ал тұрғын үй құрылысына бюджеттік несие алу үшін құжаттарға қосымша маманның атына тұрғын үй салуға берілген жер учаскесін пайдалану құқығы туралы актісі, кепілге қойылған мүлікті бағалау актісі, кепілге қойылған мүліктің сақтандыру шарты, берілген несие мөлшерінен артық тұрғын үй құрылысының бір бөлігін қаржыландыруға жазбаша келісім, бар болса неке туралы куәліктің көшірмесі тапсырылады.
Бұрын берілген несиелер бойынша берешегі бар қызмет алушыларға әлеуметтік қолдау шаралары оларды толық өтегенге дейін (қаржылық ауыртпалықты болдырмау үшін) қарастырылмайды.
Н. КЕСІКҚҰЛ